• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Digital 18 Мамыр, 2024

ІТ технология – басқарудың ең тиімді тәсілі

97 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станды цифрлық дамыған мемлекетке айналдыру стра­тегиялық мақсат екенін айқындады. Осы орайда нақты жоспарлар құрылып, жұмыстар қолға алынып жатыр. Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің «Әділетті Қазақстанның эконо­ми­калық бағдары» атты Қа­­зақ­­стан халқына Жол­дауында ерекше атап өт­кен болатын.

«Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мем­лекет­ке айналдыру. Цифр­лан­дыру ісінде нақты жетіс­тік­теріміз де жоқ емес. Біз электрон­ды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбас­шы­ларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион дол­ларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шек­телмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек», деді Президент.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы республиканың өңірлерінде нақты Шымкент қаласында қалай жүзеге асып жатқаны туралы сөз қозғасақ.

Әуелі жағымды жаңалықтан бастайық.

Жақында қала әкімі Ғабит Сыз­дықбеков пен OASIS эко­жүйесін құрған жергілікті ІТ компаниясының басшысы Нұр­сұлтан Оспановпен кездесті. Бұл ІТ саласы бойынша биз­нес пен мемлекет арасындағы тиім­ді әріптестік байланыстың орнай бастағанын көрсететін маңызды оқиға десе болады. Осындай келісімдер арқылы барлық қызмет үдеріс­ін цифрландыру нәтижесіз қалмайтыны белгілі. Мәселен, аталған компания бағы­тының бірі – құрылыс саласында ІТ технология көп жұмысты жеңілдету. Айталық бұрын қа­ғаз қалам­мен отырып жасала­тын жо­балар автоматиканың көме­гімен жылдам орындалатын болды. Ол уақытты, ресурс­ты үнемдеуге септігін тигізері хақ. Екіншіден, цифрлық жүйе құрылыс алаңынан бастап ба­қылауды күшейтеді, ашықтықты, мөлдірлікті қамтамасыз етіп, жауапты тұлғалардың заңбұ­зушылыққа баруына жол бер­гізбейді. Бұл әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде ауадай қажет дүние. Ең бастысы, жұмыстың жылдам жүруі қа­жетті ақпарат, мәліметтерге тез қол жеткізіп еңбек өнімділігін арттыра түседі.

Өз кезегінде атқарушы би­лік жаңа OASIS экожүйесінің мүм­кіндіктерін ерекше бағалап отыр. Компания негі­зін қалаушы Н.Оспановтың айтуынша бизнес пен билік арасындағы B2G түріндегі әріптестік байланыстың орнауы құрылыс саласындағы инновациялық бастамаларға даңғыл жол ашады. Өйткені OASIS экожүйесі адам қолмен істейтін жұмыстарды автоматтан­дырып, істің тазалығында, шы­найы­лығында ешқандай күдік-күмән қалдырмайды.

«Бүгінгі таңда цифрландыру ісі адамзаттың күнделікті тір­шілігінде маңызды орын ала бас­тады. Соның үшін мем­лекеттік мекемелер де ІТ технология көмегімен басқарушылық әдісті жеңіл­дететін жолдарды іздеуге көшті. Соның ішінде құрылыс индустриясындағы цифрлық жүйе қағазбас­ты­лықтан арылып, сыбайлас жем­қор­лықты құртуға үлкен кө­мегін тигізе алады. Президент бастамасына орай ІТ технологиясы дамыған мемлекет құруға әрі әділетті қоғам қалыптастыруға ба­ғыт алған бүгінгі кезеңде цифр­лық жүйеге жаппай өту ең басты өмірлік қажеттілік болып отыр», деді кәсіпкер Н.Оспанов.

Осы орайда қала әкімдігі биылдан қалмай құрылыс саласын цифрландыруға көшіруге ниет байлаған. Бұл OASIS-тің барлық ІТ жүйесін біріктіріп, қазығы қағылып, қабырғасы қаланғанға дейінгі бүкіл құрылыс жұмыстарының бары­сын авто­маттандыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы жергілікті әкімдік құрылыс жұ­мыс­тарының әрбір кезеңін жіті ба­қылау­ды мықтап қолға алады. Сондай-ақ авто­матты жүйе құрылыстың са­палы са­­лынуына кепілдік бе­ріп, бюджет қара­жа­тының жым­қырылуына тосқауыл болады.

Бұдан бөлек қызмет түрлерін цифрландыру ісі бойынша биылғы үш айда қалалық әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, шалғай елді мекендер мен шағын аудан­дардағы интернет сапасын мониторингтеу барысында 50 аумақ­та олқылық анықталған. Аталған кемшілікті жою мақ­сатында мо­бильді операторлар сол аумақтардың біразына ан­тенна-мачталық құрылғылар мен базалық стансалар орнатты. Соның нәтижесінде интернет сапасы жақсара түсті.

Мобильді интернеттен бөлек жеке инвест­орлар шалғайда жатқан 20 елді мекенге талшықты оптика желісін тартып, 210 мыңға жуық қала тұрғыны жо­ғары жылдамдықты оптикалық интернет желісіне қосты. Биыл тағы да 20 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіледі. Осы мақсатқа орай жеке инвесторлармен тиісті меморандум түзілген. Соның аясында жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстар толық аяқталатын болады.

Қала мектептеріндегі интернет жылдам­дығын 150 мб/сек дейін жоғары­лату міндеті қойылған десек, бүгінде мегаполис аумағындағы 147 мектепте интернет жылдамдығы 150 мб/сек дейін көтерілді.

Мемлекет басшысының тап­­­сырмасымен «Astana Hub» халық­аралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірінде «ІТ Hub»-тар ашылу керек-ті. Осы ретте жуық арада шаһарда «Shymkent IT Hub» технологиялық паркі іске қосылады. Бұл үшін қазіргі таңда ғимарат қарас­тырылып, технопаркті материалды техни­калық базамен жасақтауға тиісті қаражат жеке инвестор немесе жер­гілікті бюджет есебінен бөлінетін болады. Сондай-ақ «Astana IT HUB» техно­паркі қала­лық әкімдікпен алдағы уақытта арнайы меморандум жасасып, жергілікті технопарктің ашылуына көмегін тигізбек.

Сонымен бірге биыл санато­риялық-курорттық жолдама беру қызметі автоматты жүйеге ауысты. Бұл бастама қалалық жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау мен цифрландыру басқар­малары арасындағы ар­найы ынтымақтастық келісім­шартының негізінде жүзеге асты. Ендігі жерде зейнеткерлер шипажайларда емделу үшін онлайн кезекке тұрып, кезек реттілігін де өздері бақылай алады.

Бұдан бөлек биыл әкімдікке қарасты 5 басқармадан 13 қыз­метті автоматтандыру бойынша ұсыныс хат келіп түскен. Атал­ған ұсыныстарды талдау, техни­­калық мүмкіндіктерін қарас­тыру жағы шешілу үстінде. Мұ­нымен қоса жергілікті атқа­рушы органдардың барлық функция­сын тоқтаусыз автоматтандыру мақсатында Астана қаласы әкімдігінің мол тәжірибесін пайдалану көзделіп отыр.

 

ШЫМКЕНТ