Шығыс өңірінің жастары Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсетті. «Нұр Отан» партиясының Тарбағатай аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен акция шеңберінде жас патриоттар қариялардың үй-жайына барып, тазалауға көмектесті.
Ерлікті есте сақтау, құрмет тұту – елдіктің нышаны, ғасырлардан бері келе жатқан ұлттық дәстүрдің негізгі тіні. Сондықтан елдің тыныштығы мен халықтың бостандығы жолында күрескен ерлерді ардақтау – әр ұрпақтың парызы. Осы орайда, соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық көрсету, ұрыс даласында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ата-бабаларға мақтаныш сезімін ояту, ерлігі мен еңбегі үшін аға буынға жастардың ықыласын жеткізу мақсатында акция өтті.
«Жас Отан» жастар қанатының мүшелері мен мектеп оқушылары соғыс және еңбек ардагерлерінің үйлерін тазалауға, ауладағы қарды күреуге, отынын жарып, суын тасуға жұмыла көмектесті.
«Өзін патриот санайтын әрбір жас адам бірінші кезекте көмекке мұқтаж жандарға, оның ішінде қарттарға қол ұшын созып жүрулері керек. Ардагерлер – еліміздің тірі тарихы, шежіресі. Олар біздің бүгінгі жарқын келешегіміз үшін майдан даласында қолына қару алып, шайқасты, қан төкті», – деді «Нұр Отан» партиясы Тарбағатай аудандық филиалы «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Дархан Кәрібаев.
Аталған көмек көптеген соғыс ардагерлеріне, тылға қатысушыларға, сондай-ақ, әкесіз қалған балалардың анасына көрсетілді. Мұндай акция облыстың барлық аудандарында жүргізілуде.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.