• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 18 Мамыр, 2024

Құрылыс қажетін өтейтін өндіріс

163 рет
көрсетілді

Жоба құны 28 млрд теңгеге жуықтайтын үлкен кәсіпорынның елдегі құрылыс саласындағы орны ерекше. Айтып отырғанымыз, «Modex Astana» жеке серіктестігі – Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан темірбетонды құрастырмалы блок-модуль шығаратын өндіріс орны. Дұрысы мұнда көпқабат­ты үйдің әр бөлмесі мен бөлік­тері (едені, төбе, қабырғалары, сондай-ақ балкон бөліктері, т.б.), жеке-жеке құйылып әрі осында құрастырылады.

Әуелгі керегі – тәртіп

Қауіпсіздік жөніндегі жетекші инженер Индира Тоқмолдина бізге қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Әуелі басқа қорғаныс каскасын, одан соң үстімізге жарыққа шағылысқыш жилет кию керек. Әйтпесе, алып ғимараттың ішінде түрлі оқыс жағдайға ұрынуымыз бек мүмкін.

«Цех ішін аралағанда аяқ астына мұ­қият болыңыздар. Өйткені рельс сызық­тары мен басқа да жұмыс барысына қажет­ті ойықшалар кезігеді. Соларды аттап өтуге тура келеді. Сондықтан инженер­мен бірге арнайы жол жолағымен жүруді қатаң ескертемін. Арнайы блоктер мен материалдардың, сондай-ақ цехтың жоғары бөлігіне шықпауға кеңес беремін. Онда өзінің арнайы мамандары ғана жұмыс істейді. Ең бастысы, жүктерді кран­мен тасымалдау кезінде оның астында тұр­маймыз», деп ескертулерге толы ере­же­лерді айтып шықты жетекші инженер.

Жалпы, мұндағы ең басты қағида – тәртіп екені көзге бірден ұрып тұр.

 

Темірбетонды цехтың тіршілігі

Жалпы, зауыт бес бөлікке бөлінеді екен. Бас офис, басты өндірістік корпус, бетон қоспасы цехы, әрлеу материалдары және инертті материалдар қоймасы. Ал біз басты өндірістік корпус ішіне кіріп, алдымен арматура бұйымдарын өңдеу цехына бас сұқтық. Бұдан бөлек, мұнда бөлме блоктарын қалыптау, қосымша элементтер цехы, толық жинақтау және әрлеу цехы, зертхана, т.б. бөліктер орналасқан.

«Мұнда әр бөлменің төрт қабырғасы, едені мен төбесіне қажетті арматура тоқылып, арнайы монтажбен қалып ішіне орналастырылады. Оған қажетті арматураның өзіндік өлшемі бар. Әрі қарай қажетті маркадағы бетонды құйып, белгілі өлшеммен өнім дайындаймыз. Мысалы, цехта бір бөлмені тұтастай құятын, тіпті сол бөлме аумағында балкон болатын болса, оны да бірге құйып, бірден дайындайтын арнайы қалыптар бар. Лифт қабырғалары мен баспалдақтар да солай дара құйылады. Біз айтып отырған әлгі бөліктер жан-жақтан бір жерге жиылып, артынша монтаждау цехында, яғни арнайы блоктарды құрастыру алаңында өз мамандарының қатысуымен құралады. Содан соң әрлеу жұмыстары жүреді. Демек, сіз зауытта бір пәтердің қонақ, жатын немесе асхана бөлмесі, сондай-ақ жуынатын және кірер ауызғы бөлмелердің жеке-жеке құйылып, артынан құрас­тырылатынын көріп тұрсыз. Түр­лі шаршы метрдегі бөлмелер әбден дайын болғанда көтергіш кранмен және жылжымалы рельс арқылы сыртқа шығарылып, одан соң арнайы тапсырыспен құры­лыс алаңына кетеді. Әрине, алды­мен сапаны қадағалаушы маман­дардың тексеруімен ғана әр жұ­мыс үдерісі қатаң тексерістен өтеді. Жүз пайыз сенім білдірілген үй блок­тарын ғана құрылыс компаниялары пайдалана алады», дейді зауыттағы басты өндірістік корпустың инженері Алмат Ержанов.

Расымен солай екен. Біз түсін­гендей, мұнда әр қабырға ғана емес, бір бөлменің өзін бекітілген өлшеммен арнайы қалыпта құйып, тіпті оның ток көздері және су жолдарына (канализация) да орын қалдыра отырып, дайындайтыны көрініп-ақ тұр. Еденді жылыту үшін де ток желісі де тартылады. Дұрысы, бетонды қалыпқа құймас бұрын, бір бөлмені ішіне қажетті электр желілерін алдын ала тартып, су құбырларына ойықтар қал­­ды­рылып, одан соң барып қа­лып ки­гізіліп, артынша цементін құяды.

«Зауыттағы өнімді дайын­дауға арналған жабдықтар италиялық технологиямен жасақталған. Әзірге өнім Астана қаласындағы құрылыста пайдаланылуда. Айтпақшы, бір мән беретін нәрсе, біз бөлменің ішін гипсокартонмен бөліп, сондай-ақ балкон қабырғаларын жылу ұстау үшін минералды матамен қаптаймыз. Сондай-ақ бөлме қабырғаларын бірден түсқағаз жапсыратындай теп-тегіс күйде әрлеп, дайындаймыз. Терезелеріне дейін арнайы компания келіп салып береді. Бұл – үй сатып алушыларға да үлкен көмек», дейді зауыттың кадрлық ресурстар жөніндегі бас менеджері Талғат Шәйкенов.

Таңбалық белгісі 250, 300-цемент, қиыршық тас, арматура және керамзит. Құрамында осын­дай ғана заттар бар үй блоктары­ның ерекшелігі неде? Зауыт инже­нер­лерінің айтуынша, бұл құры­лысты жеделдетеді. 17 қабатқа дейін әр бөлме блоктары мен өзге бөліктерін бір-біріне арнайы тәртіппен құрау арқылы көпқабатты үйдің еңсесін бір-екі ай ішінде жедел көтеруге болады екен. Қарапайым тілмен айтсақ, кірпіш қалағандай, көтергіш кранның көмегімен өріп шығады-мыс. Әрине, бұған өзінің мамандары, құрылыс­шы-монтаждаушы шеберлер қатысады.

Ал зауыттың инженер-конструкторы Айдана Әбдіғаппардың айтуынша, жылына 200 мың шаршы метр үй блоктарын шығаратын зауыт ашылғанына 3 жыл уақыт өтті. Қазір Астана қаласындағы үш аумақта 9, 12 және 17 қабаттан тұратын үй құрылысы осы зауыттан шығатын блоктармен салынуда. Есілдің сол жағалауынан тұрғызылып жатқан «Оңай», «Оңай-1» және «MoD. Standard» деп аталатын жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы осындай модульдік технологиямен бой көтеріп келеді.

 

Жұмысшыларға жайлылық бар

«Modex Astana» модульдік құрылыс зауытында екі ауысыммен 350 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы деңгейі 460 мың теңгеден асады. Әр ауысымға келетін жұмысшыларға үш автобус және тегін ас мәзірі қарастырылған.

«Әр жұмысшы өз ауысымында арнайы бөлмедегі өзіне ғана тиесілі киім мен жеке мүліктік заттарын салатын шкафты пайдаланады. Оның да қызметкерге бекітілген арнайы нөмірі бар. Жуынатын бөлме үнемі таза тұрады, тазалыққа қажетті заттармен қамтылады», дейді менеджер Т.Шәйкенов.

Оның сөзінше, мереке күндері зауыт басшылығы қызмет­кер­леріне сыйақы тағайындап, әлеумет­тік жеңілдіктер ұйымдас­ты­рып та келеді. Үйлену тойы, сәбилі болу немесе ең жақын адамы өмірден өткен жағдайда кәсіп­орын қызметкерінің жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Өйткені бұл жұмыс өнімділігіне тікелей әсер ететін фактор екені анық.