Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов Махамбет ауданындағы Талдыкөл, Сарайшық, Махамбет, Сарытоғай, Ақжайық ауылдық округтеріндегі бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексеріп, нөпір суды елді мекендерден қауіпсіз өткізу туралы тапсырма берді. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми парақшасынан мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолынан (72 км) су өткізу туралы шешім қабылданып, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылады. Жеңіл көліктер облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» тас жолы бойымен жүреді. Аймақ басшысы жұмыстармен танысқан соң аудан әкіміне бөгет бойындағы кезекшілікті күшейтіп, қажетті техникалармен, жанар-жағармаймен және азық-түлікпен қамтуды тапсырды. Махамбет ауданында су тасқынының алдын алу үшін салынған бөгеттердің ұзындығы – 105,8 км.