2023 жылдың 20 шілдесінде жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталған Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мақсұт Исаховқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара беру») бойынша қаралды.
Айыпталушы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқара жүріп, Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 3) тармағымен Шымкент қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінде әкімшіліктің лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған іс бойынша Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінің бірінші орынбасары С-ға істі қысқарту үшін 200 мың доллар көлемінде пара беруге оқталған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Мақсұт Исаховтың кінәсі куәгерлердің жауабы, сараптамалардың қорытындысы және іс-қағаздармен дәлелденді.
«Сот Мақсұт Исаховты аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деген айып бойынша кінәлі деп тауып, Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігі, 56-бабы 3-бөлігін қолданып, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 8 жыл 5 ай 7 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», делінген қалалық сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Істі қарау барысында әкімнің бұрынғы орынбасарын «Құрмет» орденінен айыру ұсынысы да енгізілді.