• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 20 Мамыр, 2024

Түркі әлемі математиктерінің форумы өтті

197 рет
көрсетілді

Шароф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті базасында таяуда Түркі әлемінің математикалық қоғамы (Turkic World Mathematical Society, TWMS) басқарма мүшелерінің көшпелі отырысы өтті. Оған көрнекті ғалым, профессор, Қазақстан Ұлттық Инженерлік академиясының президенті, Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов төрағалық етті және алғашқы пленарлық баяндаманы жасады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Б.Жұмағұлов баяндамасында Түркі әлемі математикалық қоғамының өзекті мәселелеріне баса назар аударды, сондай-ақ  отырыстың негізгі мақсаты – ғалымдардың халықаралық байланыстары мен ғылыми ынтымақтастығын кеңейту, математика ғылымын дамытуға және математикада, ғылыми зерттеулерде, техника мен білім беруде ақпараттық технологиялардың жетістіктерін пайдалануға бағыттау екенін атап өтті.

Форумға қатысушыларды құттықтаған Самарқанд мемлекеттік университетінің ректоры, сенатор Рустам Халмурадов Түркі әлемі математик-ғалымдары экономиканың, экологияның қолданбалы есептерін бірлесіп шешу үшін шығармашылық топтар құру қажет екенін айтты.

Отырыс барысында Түркі әлемі математикалық қоғамының (TWMS) вице-президенті, Өзбекстан ҰҒА академигі Әзімбай Садуллаев пен профессор Мирсаид Арипов баяндама жасады. Аталған ғалымдар Өзбекстан математиктерінің іргелі, есептеу және қолданбалы математика салаларындағы ғылыми жетістіктерін егжей-тегжейлі баяндады.

Қазақстандағы математика және математикалық модельдеу институтының директоры, TWMS вице-президенті  Махмуд Садыбеков өзінің баяндамасында Қазақстан математиктерінің жарияланымдық белсенділігі және отандық іргелі математиканың таяудағы міндеттері туралы кеңірек ақпарат берді.

Ал Баку мемлекеттік университетінің қолданбалы математика институтының директоры, TWMS вице-президенті Алиев Фикрет өз баяндамасын «Әлемдік ғылыми метрикалық базалардағы TWMS журналдарын дамыту»  тақырыбына арнаса, Әзербайжаннан келген Баку университетінің профессоры, TWMS вице-президенті Пенахов Этибар өз еліндегі математиканы және қолданбалы математиканы дамыту мәселелері туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ  TWMS вице-президенті Нұрлан Темірбеков «Өңірлік экологиялық саясат бағытын қолдау және шешім қабылдауға арналған цифрлық аналитикалық платформаны жасау» тақырыбында өте өзекті мәселеге арналған баяндама жасады. Бұл тақырыпта Қазақстан мен Өзбекстан ғалымдары бірлесіп еңбек жасап жатқанын жеткізді. 

Біздің елімізден  ғылыми іс-шараға  Ұлттық Инженерлік академияның Бас ғалым хатшысы, ҰИА вице-президенті Ернар Иманғалиев, Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ғылыми кеңесшісі Амандық Төлешов қатысты.

Математика ғылымын дамытудың және оның компьютерлік мүмкіндіктермен және өндіріспен байланысын нығайтудың маңыздылығын бәрі біледі. Жиында осы бағытты басшылыққа ала отырып, ғалымдар қойылған міндеттерді іске асыруда математика ғылымының рөлін арттыруға ерекше назар аударды.

Самарқанд ғылыми форумы ғалымдарға пікір алмасуға және математика ғылымы саласындағы соңғы жетістіктер туралы ақпарат алуға тамаша мүмкіндік берді.