Бұған Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында болған жаппай тәртіпсіздік оқиғасы себеп болып отыр. Шетелдіктердің қатысуымен болған төбелес соңы жаппай наразылыққа ұласып, көбіне пәкістандық студенттер зардап шеккен еді.
Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы жоспарланған. Осы отырысқа қатысуға тиіс аталған елдердің өкілдері – Пәкістан премьер-министрінің орынбасары әрі сыртқы істер министрі Мохаммад Исхак Дар Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен Бішкектегі жағдайды да талқыламақ.
Бішкекте болған жаппай тәртіпсіздікке қысқаша тоқталып өтсек. Қырғыз Республикасының ішкі істер министрлігі ел астанасындағы жаппай толқуға ұласқан шетелдіктермен болған төбелестің себебін және қалай болған хронологиясын жариялады.
«13 мамырда түнгі сағат 2.00 шамасында «Восток-5» шағын ауданында орналасқан пиццерияның алдында бір топ белгісіз адам шетел студенттерін жолықтырып, тиісе бастаған. Темекі сұрап, артынша қазбалап, сұрақтар қойған. Сөйтіп, олардың бірі қол жұмсап, ал шетелдіктер қаша жөнелген. А.Огонбаев көшесіндегі өздері тұрып жатқан хостелге жетіп үлгергенімен, артынан қуып келген жергілікті жігіттер хостелге кіріп, шетел азаматтарын тепкінің астына алып, ақшалары мен құнды заттарын тартып алған.
Бұзақылардың төртеуі хостелдің өзге де бөлмелерінің есігін ұрғылап, кейбірін ашып алған. Ал қыздар жатқан бөлмеге енгенде зәрелері ұшқан қыздар бар дауыспен көршілерін көмекке шақырған. Айқай-шуды естіген хостелдің өзге де шетелдік тұрғындары сыртқа шығып, бұзақыларға қарсылық танытқан», дейді министрліктің ресми ақпаратында.
Хостел ауласында болған төбелестен төрт бұзақының үшеуі қашып кетіп, біреуі дене жарақатына байланысты қалып қойған. Хостелдегі шетел азаматтары жедел жәрдем қызметін шақырып, фельдшерлер жарақат алған бұзақыны аурухана жеткізген. Дегенмен бұзақы өзін басқа есіммен таныстырып, болған оқиға жайлы жарытып ешнәрсе айтпай, тиісті медициналық көмегін алған соң ауруханадан қашып кеткен.
Осылайша, Бішкек қаласының Свердлов аудандық ІІБ хостелдегі аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 280-бабымен қылмыстық іс қозғап, жағдай тыншығандай болған-ды. Бұл іс бойынша төбелеске қатысы бар делінген төрт шетелдік уақытша тергеу изоляторына қамалып, ал оларға тиісіп, жанжалды бастаған бұзақылардың тек екеуінің ғана аты-жөндері белгілі болды.
Бірақ белгісіз біреулер 13 мамыр күні болған оқиғаның бейнематериалын 17 мамыр күні желіге жариялап, қалада жаппай наразылықтың тууына түрткі болды. Сөйтіп, 18 мамыр күні кешкісін ашуға булыққан жастар Чуй даңғылы мен Құрманжан датқа көшесінің қиылысына жиналды. Олар құқық қорғау органдарынан өз елдерінде «тайраңдап жүрген» шетелдіктерді «тәрбиелеу» керектігін айтып, үнсіз қалмауды талап еткен.
Түсіндіру жұмыстарынан кейін жиналғандар тарап, жағдай толық бақылауға алынған. Бірақ арандатушылар тағы да тыныш жатпай 13 мамыр күнгі төбелес кезіндегі қырғызстандық азаматтардың ішінде қаза тапқандар бар екен деген жалған ақпарат таратып, жұртты тағы дүрліктірді. Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін ескертіп, елді сабырға шақырды.
Көп кешікпей осы жағдайға Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев түсініктеме берді. Оның сөзінше, 18 бен 25 жас аралығындағы 700-ге жуық адамның қарсылық білдіруіне пәкістандықтардан бөлек, Бангладеш, Мысыр, Үндістан сияқты өзге де елдерден келген мигранттардың көбейіп кетуі себепші болған. Сондай-ақ ереуілге шыққандар елде шетелдік мигранттардың тым көбейіп бара жатқанын да айтып, биліктен көші-қон мәселесін осы бастан қолға алуды талап еткен.
Қырғыз парламенті сыртқы істер жөніндегі комитетінің отырысында депутат Нұржігіт Қадырбеков қазір бүкіл әлемде мигранттардың саны 300 миллионға жетіп, жылдан-жылға көбейіп жатқанын, олардың ішінде қырғыздар да бар екенін айтып өтті. Мәселен, оның айтуынша, бүгінде АҚШ-та 50 мың қырғыз азаматы жүр.
«Біздікілер де АҚШ-та ара-тұра тәртіп пен заң бұзып жатады. Бірақ соларды америкалықтар өре түрегеліп, артынан қуып, соққыға жығып жатқан жоқ қой», деген депутат отандастарын шетелдіктерге бірден жұдырық ала жүгірмей, түсіністікпен, құрметпен қарауға шақырды.
Үкімет кінәлілерді заң жүзінде жауапқа тартып, шетелдіктерге келтірілген материалдық залал толығымен өтелетінін уәде етті. Ал бұл жағдайға қатты алаңдаған Пәкістан өз азаматтарын еліне қайтарып жатыр.