• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2015

Адалдық

399 рет
көрсетілді

Қалай енді адамға дос демессің Доберман тұқымды иті адамға өте жақын, үйір көрінеді. Әсіресе, кішкентай балаларды осы итпен қорықпай қалдыра беруге болады екен. Осыған байланысты мынадай оқиға Сібірде болған. Алты айлық кішкентай баланы анасы бақтың ішіне таза ауаға алып шығады. Жаңадан еңбектейін деп жүрген баланың қасына итті қалдырып, өз жұмыстарымен айналып қалады. Сәби жерге төселген көрпенің сәл шетіне шыға бастаса, ит оны ақырындап қана тұмсығымен көрпенің орта жағына қарай итеріп қояды екен. Осы сәтте тура баланың көрпесінің қасында жылан пайда болады, ал ит болса баланың киімінің жағасынан тістеп есіктің алдындағы баспалдаққа әкеліп қоя салады да, өзі жаңағы жыланмен арпалысып, оны жайратып салады. Иттің адамға адал қызмет ететіні туралы көптеген тарихи деректер бар. Соның бірі сонау сұрапыл соғыс жылдарында Ленинград қоршауы кезінде болған. Күн сайын аштықтан жүздеген адам өліп жатады. Әсіресе, кішкентай балалар шыдай алмайды. Бір үзім нан үшін кейбір адамдар қылмысқа да баратын. Қаладағы аты әйгілі ғалымның (оның есімі айтылмайды) отбасында да біраз туыстары қайтыс болған екен. Ғалымның өзі де әлсіреп, төсек тартып жатады. Дәрігерлер: «Аштық әбден меңдеген, ұзаққа бармайды, тез арада азық-түлік табу керек», – дейді. Сол ғалымның Трезор атты кавказ тұқымды қасқыр иті (овчарка) бар болатын. Ғалымның әйелі не істерін білмей дал болады. Үйінде иті бар екенін білген дәрігерлер: «Күйеуіңіздің өмірін тек итіңіз ғана сақтап қалады», – дейді. Ал әйелі болса күйеуін де, итін де өлімге қимайды. Итті асырағалы 10 жыл болған екен. Кешке әйел қайтып үйіне келгенде, әншейінде қуанып, құйрығы бұлғаңдап қарсы алатын ит, бұл жолы оның ойын түсінгендей ырылдап қасына көпке дейін жолатпапты. Әйел көз жасын көл қылып, ақырын итін сипалап отырып, оған бар мән-жайды «айтып» береді, ит болса бір нәрсені түсінгендей әйелдің бетін жалап, жұбатқандай болады. Бірақ, адам өмірінен ит қымбат емес қой. Аула сыпыратын шалды ертіп келіп, көп ойланып, толғанып таң ата салысымен итті өлтіруге рұқсат береді, өзі дәті шыдамай далаға шығып кетеді. Шал иттің тісі батпасын деп қалың брезент плащ, аяғына етік киіп келеді. Шал есіктен кіре бергенде, әншейінде бөтен адамға үріп, тап беретін ит, үндемей қыңсылап, қожайын жатқан бөлмеге барып, ғалымның бетін иіскелеп, қоштасқандай болады. Содан соң үндемей келіп, «ал, енді соя бер» дегендей еденге жатып көзін жұмады. Алғашында итті өлтіруге рұқсат бермеген ғалым, өзінің итінің арқасында өмірін сақтап, ұзақ жылдар бойы халқына қызмет еткен екен. Қасқырлар шабуылы Бала кезім. Есік алдында ойнап жүрген болатынмын. Атарбадан бір қарт адам келіп түсті. Қария үйге кіріп кеткен сәтте жүгіріп барып арбасына үңілдім. Қарасам, арбаның үстінде кәрі, бір құлағы жоқ үлкен ит жатыр. Менің таңданыспен қарап тұрғанымды сезді білем, үлкен кісілермен ілесе шыққан атай әңгімесін бастап кетті. «60-шы жылдардың басы еді. Ол кезде мен орталықтан өзіміздің фермаға пошта таситынмын. Сол жылы қыс ауыр болды. Күнде қар жауып, борандататын. Шаруамды кеш батқанша бітіріп үлгермесем, үйге түнделетіп қайтпай-ақ, туыстарымның үйіне қона салатынмын. Бір күні аяқ асты біреу қайтыс болып, хабар жеткізу қажет болды. Сонымен жолға шықтым. Қыстың қысқа күні көкжиекке бата бастаған. Біраз жол жүргеннен кейін күн райы бұзыла бастасын. Кенеттен астаң-кестең болып, қарлы боран соғып, айнала түнеріп кетті. Фермаға дейін біраз жер бар, артқа қайтайын десем, ауылдан алыстап кеткенмін. Не де болса алға жүруге бекіндім. Айдала. Тастай қараңғы түндегі серіктерім Ақтөс пен Таймас және күрең атым. Бір уақытта алыстан қасқыр үйірінің жарыса ұлыған дауысы естілді. Иттер ырылдап, бірақ шанадан алыстап кетпей, бір-біріне жақындай жосып келеді. Бір қауіп болатынын сезгендей атым да құлағын қайшылап басын қайта-қайта жұлқи берді. Ұлыған дауыс тіптен жақындады. Айналаны тұман басқан, ешнәрсе көзге көрінер емес. Қасқырлардың жан-жақтан анталап келе жатқанын ішім сезді-ақ. Бойымды үрей биледі. Атқа қамшы басқаныммен, күрең қасқаның қалың қардан жүрісі өнетін емес. Төбеге көтеріле берген кезде алдымыздан екі дәу қасқырдың қарасы көрінді. Артыма жалт қарасам, тағы үш-төртеуі ізімнен бүлкектеп келеді екен. Осы сәтте атым үркіп, шетке жалт бұрылып кетті де, мен сайға қарай домалай құладым. Бір қызығы, түз тағылары атымның артынан қумай, мені қоршап алды. Қасқырлар жақындап келеді. Ақтөс пен Таймас маған: «Тұр, шайқасқа дайындал» дегендей, екеуі екі жағыма шығып, айналсоқтап жүріп алды. Құлаған  кезде аяғым сынды білем, қозғалуға дәрменім болмай қалды. «Қап, мылтығымды бірге ала шықпағаным-ай!» – деп өкіндім. Біраз уақыттан соң қасқырларға жем болатыныма налып, жас балаша еңіреп жылап жібердім. Құдайға жалбарынып, жәрдем сұрап, басыма сан түрлі ойлар келіп-кетіп жатты. Енді, сәлден соң өмір үшін күрес басталмақ. Жан-жағымнан тістері ырсиған бірнеше аш түз тағылары анталап, алдындағы жемтігін тезірек жеу үшін айбат шеге бастады. Теріс айналып, қозғалыссыз, дәрменсіз жатқан менің үстіме қар шашты. Иттер де менен еш қайыр жоқ екенін түсінгендей бүйірден келіп тиген қасқырлармен алыса кетті. Шайқас біраз уақытқа созылды. Менен иттерді алыстату үшін жыртқыштар оны қоршап алып, талай бастады. Бір уақытта Таймас тайғанап барып, сайға қарай домалай бастады. Осыны күтіп тұрған жыртқыштар оның жалғыз қалғанын көріп, барлығы жабыла барып, бас салды. Көп күттірмей-ақ тажалдар итті өлтіріп, тас-талқанын шығарып, жеп алса да, жұмырына жұқ болмағандай, енді Ақтөс пен маған шабуылды бастады. Ақтөске енді жалғыз өзі бір топ қасқырмен жұлысуға тура келді. Жабайы хайуандар итті менен алыстатып, жабылғысы келіп еді, ит берілмеді, жанымнан кетпей қойды. Мен тек Алладан өлімнің тез, кенеттен болуын тіледім. Қасқырлардың тісі пимамнан да, тонымнан да өтіп барады. Бетімді талатқым келмей, тонымның жағасымен бүркеп алдым. Бір уақытта қасқырлар шабуылын кілт тоқтатып, әлденеге елеңдегендей тына қалды. Осы сәтте адамдардың алыстан талып жеткен айқайы мен иттердің үрген дауысын естідім. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ, есімнен танып қалыппын... Есімді бір күннен кейін жидым. Ауыл­дастарымның айтуынша, олар аударылған шана  мен түн жарымда ауылға иесіз оралған атты көріп құтқаруға ұмтылыпты. Сол қарияның әңгімесі маған қатты әсер етті. Біраз жылдардан соң ақсақалдың қайтыс болғаны жайлы хабар естідім. Ең ғажабы, қария қайтыс болған соң, бір айға жетпей, иті Ақтөс жөне Күрең қасқа аты да жан тапсырыпты. Қожайыны үшiн кек алған ит Францияның Фонтенбло қаласының маңай­ындағы ескi бiр қорғанның ауласында адаммен айқасып жатқан иттiң тас мүсiнi бар. ХIV ғасырда корольдiк еткен V Карл Валуаның екi жас рыцары болады: мессир Обри де Мондидье және мессир Андрэ Машер. Мондидье ержүректiлiгiмен, шыншылдығымен, талантымен көзге көп түскен жауынгер екен. Сондықтан монарх оны ерекше жақсы көрiп, басқа рыцарларға үлгi етiп отырыпты. Ал Андрэ Машер сол үшiн Мондидьенi өлердей жек көредi. Бiрақ ешкiмге бiлдiрмейдi, сырт көзге екеуi нағыз дос болып көрiнедi. Бойын әбден қызғаныш билеген Андрэ Машер досын өлтiруге бел буады. Бiр күнi екi дос Париж маңайындағы қалың орманға аңға шығады. Мондидье еңкейiп бұғының iзiне қарай берген кезде Машер оның арқасынан пышақ салады. Мондидье сол жерде тiл тартпай өлiп кетедi. Андрэ Машер бейшара Обри де Мондидьенiң денесiн жапырақтармен жаба салып, атына мiнiп Парижге қайтып кетедi. Машер өзiнiң бұл қылмысы жайлы ешкiм бiлмейдi деп ойлайды, себебi екеуiнiң аңға шыққанын еш адам көрмеген едi. Бiрақ, ол маңызды бiр нәрсенi ескермейдi. Мессир Мондидьенiң Геркулес атты ақылды төбетi бар болатын. Тура сол күнi Обри де Мондидье өзiнiң Фонтенблода тұратын қалыңдығына кешке баратынын хабарлап Геркулестiң мойнына хат байлап жiбередi. Төбет жолды жақсы бiлетiн. Хатты жеткiзген соң Геркулес қожайынының келуiн күтедi. Күте-күте шаршаған ит орманға қарай тартады. Орманда өзiнiң қожайынының өлi денесiн тауып алады. Ит Мондидьенiң жақын досы де Нарсакқа келедi. Келе сала камзолының етегiнен тартқылап, орман жаққа сүйрейдi. Геркулестiң тегiн ит емес екенiн бiлетiн де Нарсак қаруланған екi қызметшiсiн алып иттiң соңынан ередi. Орманнан Обри де Мондидьенiң денесiн тауып алады. Геркулес ендi өзiнiң жаңа қожайыны ретiнде де Нарсакты таңдайды. Бiр айта кететiн жайт, Мондидьенi жерлеген кезде жаңа қожайын төбеттi қораға қамап қояды. Тура бiр ай өткен соң де Нарсак Геркулес екеуi Парижде қыдырып жүрген кезде олар әлгi қанiшер Андрэ Машердi кездестiрiп қалады. Геркулес Машерге қарай атырылып тамағына жармасқысы келедi. Де Нарсак әрең дегенде ызаланған иттi ажыратып алады. Ал кейiн осы оқиғаны достарына айтып бередi. Олардың ойына күмән кiредi. Себебi, Геркулес бұрын Машердi жақсы көретiн, құйрығын бұлғаңдатып оның «жүгiр», «жат», «тұр» деген бұйрықтарын да «сүйсiне» орындайтын. Мондидьенiң достары Мондидьенi өлтiрген тура сол Андрэ Машер деп шешедi. Бұл сыбыс бiр күнi корольдiң де құлағына жетедi. Монарх осы күдiктi iстi өз бақылауына алады. Ол король сарайының алаңында өзiнiң гвардиясындағы 200 адамды сапқа тұрғызуға бұйрық бередi. Содан соң алаңға Геркулестi алып шығады. Ит еш бөгелместен бiрден Андрэ Машерге тап бередi. Сонда король орта ғасырларда кеңiнен қолданылатын Құдай сотын өткiзедi. Жекпе-жекке шыққандардың қайсысы адал болса, Құдай соны жақтайды, тiптi оның әлсiз, күшiнiң аз екендiгiне де қарамайды деп есептелген. Сөйтiп, ит пен Андрэ Машер жекпе-жекпе шығады. Машерге иттен қорғануға барлық жағдай жасалынады: үстiне иттiң тiсi батпайтын сауыт, қолында үлкен таяқ, т.б. Король белгi берген кезде Геркулес оқтай ұшып барып Машердi жерге құлатады. Машер де берiспейдi. Ал ит тура алқымға тақалғанда Машер: «Иә, мен Мондидьенi өлтiрдiм, төбеттi алып кетiңдер, бәрiн айтамын» дейдi. Ол кiнәсiн мойындайды. Король оны өлiм жазасына кеседi. Геркулес әбден қартайғанша де Нарсакқа адал қызмет етеді. Өле-өлгенше өзiнiң бұрынғы қожайыны Обри де Мондидьенiң қабiрiне барып тұрған көрiнедi, тiптi сол қабiрдiң қасында өлдi деген аңыз да бар. Кейiннен де Нарсак Геркулеске ескерткiш қойыпты. Мақсат Рсалин, журналист. Алматы.