• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Мамыр, 2024

Су тасқыны болған аймақтың оқушыларына жазғы мектеп ұйымдастырылады

108 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев биылғы оқу жылын қорытындылады, деп жазады Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, осы оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтағалы отыр, оның ішінде, бастауыш сыныптарда 374 мың бала, негізгі мектептерде 341 мың оқушы және 186 мың түлек бар.

Бітіруші түлектер арасында 7 704 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

Ғани Бисембаев қазақ тілінде алғаш рет өткізгелі отырған аралық емтихан туралы да баяндады. 

«Биыл 5-8, 10 сыныптарда алғаш рет қазақ тіліне қатысты аралық емтихандар өткізіледі. Сондай-ақ су тасқынына байланысты Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 3 581 оқушы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға жылдық белгілер негізінде қойылады. ТЖ аясында қашықтан оқытылған 2 622 мектептің 832 мың оқушысына 27-31 мамыр аралығында жазғы мектептің жұмысы ұйымдастырылады», деді министр.

Ал оқу жылы «Білімім – Отаныма» бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқталса, 25 мамыр күні мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шара өткізіледі. 9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамырдан 11 маусымға дейін өткізіледі, ал аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі 12-15 маусымға белгіленді.