• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2015

Құлпытас та мән бар

3107 рет
көрсетілді

Құлпытас – сөзінің астарында терең мән жатыр. Кілтін тап та, ашып керегіңді ал дегендей. Кілті – қарапайым ғана, араб әліпбиін білу. Қазір бұл әліпбиді білетіндер санаулы, құлып салынған тастарды кәдеге жаратуға әрекет баяу. Негізі кей облыстарда құлпытастарды мемлекет қорғауына алып, есебін жүргізіп, мүмкіндігінше тасқа жазылған жазбаны кириллицаға аударып та жатыр. Бірі тек мемлекеттің қорғауына алу үшін санын санамалап, нөмірлеп, тізбегін жасаса, енді бірі өзіне қажет тұлғаларға қойылған құлпытастарды іріктеп жинақтауда. Алдағы уақытта еліміздің аумағындағы барлық құлпытастың орналасу картасын тізіп, толық суретке түсіріп, араб әліпбиінен аударуға келетіндердің бәрін кириллицаға түсіруіміз қажет. Бұның маңызды тұстары өте көп. Солардың біразына тоқталсақ дейміз. Біріншіден, араб әліпбиімен жазылған құлпытастардың дені XVIII-ХХ ғасыр аралығын құрайды. Әр құлпытаста қайтыс болған адамның аты-жөні, қай жылы туғаны, неше жас­­та қайтыс болғандығы, қай ру, тас қойған кімдер екендігі көрсетіледі. Тіпті, кейбірінде қайдан білім алғандығы, ұстазы кім болғандығы туралы да мәлімет болатынын ескерсек, бұл тарихты зерттеуге аса маңызды, таптырмас мағлұмат болары анық. Екіншіден, елу не жүз жылдан кейін бұл құлпытастар жаңбыр мен қар, күн көзі, жел, т.б. табиғаттың әсерінен тозып, жазбалар оқылмай қалары анық. Уақыт өте келе құлап, не құм көшіне көміліп, жер астында қалып қоюы болып жатады. Шетел мұрағаттарындағы құжаттарды әкелуге қыруар қаржы қажет деп жүргенде, көз алдыңдағы, танау астындағы тасқа жазылған тарихымызды қағазға түсірмесек, ұрпағымыздың алдында не деп жауап береміз? Бұл бәрімізге ортақ сұрақ деп ойлаймын. Үшіншіден, халқымызда «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақал бар. Разылық өліге керек пе, әлде тіріге ме? Өлі – ата-бабаң, тірі – бүгінгі сен. Оның ұрпағы. Әрине сен үшін керек. Бүгінгінің ата-анасы қайтыс болса, көл-көсір тойдай етіп асын береді, қырқы не жүзіне дейін басын көтереді. Біреулер зәулім кесене салады. Енді ойлаңызшы, олардың алдындағы ата-аналарымыз қайда? Оларды ұмытқанымыз жөн бе? Оны түгендеуге әке-шешеміздің мүмкіншілігі болмағаны айдай анық. Себебі, Кеңес үкіметі мұрса бермеді, тарихымызды жойып, ата-бабамызды ұмыттырып, жерімізді иеленіп алуға талпынды. Көптеген ескі қорымдағы тастарды, құлпытастарды құрылыс материалына пайдаландырып, «бұл қалай?» деген қазақтарды «билікке қарсы» деген желеумен жазалаған жағдайлар болған. Тіпті даладағы құлпытасты әдейі трактормен құлатып, талайын қиратқанын көне көздер айтып отырады. Енді тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де ата-бабаңның сүйегін сабылған техника басып, мал тапап, қараусыз, еш қоршаусыз көз алдыңда жоқ болып бара жатқаны қалай? Ендеше, бойда ұлттық рух барда парызымызды өтеген абзал емес пе? Жеті атаның қағидасы – тек жетінші буынға дейін қыз алыспау емес, сонымен қатар, кем дегенде жеті атаға дейінгі ата-бабаңды біліп, құрметтеу деп түсінген жөн. Төртіншіден, қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді. Бүгінгі күнге дейін еліміздің аман сақталуына, ұлан-ғайыр жердің иесі болуымызға жеті аталық қағиданың үлкен рөлі болғанын кім жоққа шығара алады. Ұлттың қаны таза, ой-жүйесінің жақсы дамуы, тәрбиелі, текті болуы – негізінен теке де тәуелді. Өкініштісі, отарлау саясатының кесірінен бүгінгінің адамы жеті атасы түгілі, төртінші не бесінші атасын да білмейді. Егер әр атаның орта жасын 35 жыл деп алсақ, жетінші атаң осыдан 245 жылды құрар еді. Осыдан-ақ байтақ даламыздағы қараусыз, дұға бағышталмай ұмыт қалған құлпытастар біріміздің болмаса біріміздің ата-бабамыз екені анық. Міне, құлпытастағы жазбалар оқылса, көп адам өзінің ата-бабасын біліп, жеті атасын айқындап, қыз алыспайтын жақын-туысын көбейтіп, ұрпағына оң тәрбие беріп, тектілікті сақтап, елімізге адал қызмет етер ұрпақты көбейтері анық. Бесіншіден, ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің жолы, әр қазақтың Отаны – Қазақ елі. Сол Отанға сүйіспеншіліктің қайнары әр адамның өзінің және ата-бабасының туып-өскен жерінен бастау алады. Елінен жыраққа кеткен кез келген есті адам туған жеріне табаны тигенде аунап-қунап, кеудесін кере тыныстап, саумал ауаны бойына сіңіреді. Одан қуат алады. Иә, самсаған құлпытас қазіргі қа­ланың да, ауылдардың да маңында кездеседі. Соған үңіліп қарасаң тамы­рыңның қайдан бастау алатын танып-білесің. Бүгін халықтың көбі, соның ішінде жастар қалада өмір сүреді. Бұл өмір заңдылығы. Бірақ қаланың қабат-қабат үйлері нағыз отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға жеткіліксіз. Оның орнын толтырам десең, ата-бабаңның туып-өскен жерін біліп, суына шомылып, құмына аунап, ауасын жұтып бойыңа рух алуың қажет. Алтыншыдан, отарлау саясатының кесірінен елге еңбегі сіңген, тарихта елеулі орны бар тұлғалардың аты аталмай, есімдері жадымыздан өшіріліп, жерленген жерін білмейтін халге де ұрындық. Тәубе, тәуелсіздігіміздің арқасында осы олқылықтың орны толуда. Елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың жерленген жерін қарайтып, басына кесене тұрғызу ісі жаңғыруда. Бірақ кей істеріміздің арты дау-дамайға айналып, жікке бөлініп шыға келетініміз бар. Бұл – қателік, қатер іс. Ал құлпытастарды дау­ласпай жүйелі зерттеу – осы мәселенің оң шешілуіне сеп болары анық. Мысалы, құлпытастар сырына терең үңіліп, оған жүйелі журналистік талдаулар жүргізіп жүрген әріптесіміз Қазбек Құттымұратұлының тыңғылықты еңбегін ерекше атап өтуге тұрады. Сөзімізге бір дәйек ұранға айналған батыр Дәуқара Қарақожаұлының құлпытасы тұңғыш рет оқылды. Дәуқара батыр 1687 жылы дүниеге келіп, 64 жасында 1751 жылы қайтыс болған екен. Сырым бабамыз жас та болса Дәуқара батырды көріпті. Науша батырдың Сырым бабамызбен замандас болғаны анық. Осыған дейін көптеген зерттеуші қашан, қайда қайтыс болғаны белгісіз деп жүрген Науша Қаржауұлының жерленген жерін ақсақал Наурызбай Әбілхайыров көрсетті. Құлпытасы да сақталған. 1849 жылы 81 жасында қайтыс болған. Алдағы қос батырды, Сырым бабымызды еске алу себебіміз, оқырманға бұл тұлғалардың қай кезеңде өмір сүргеніне назар аудару еді. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы. Дәуқара мен Науша батырды ұлық­тап, кесене тұрғызам десек – жатқан жері белгілі, құлпытасы сақталған. Арамызда осы батырлардың ұрпақтары да бар. Бұл олар үшін ата-баба алдындағы борышын өтейтін керемет мүмкіндік. Бірі бастап, қалғаны қосшы болса, қане! Біз мұны құлпытастарды зерттеу арқылы өткенді жаңғыртуға болатынын аңғарту үшін айтып отырмыз. Жетіншіден, елдің қамын жеген хан, би, батыр, әулие, ғұламалардың жатқан жері болашақта туризмнің өзегіне айналса ұтылмас едік. Себебі, кім болса да ұрпағының бабаларындай елге адал қызмет етуі арқылы танымал болып, ізін абыроймен жалғастырғанын қалайды. Өзі үшін, елі үшін үлгі тұтарлық тұлғалар басына барып, туған жерді аралап, халқын, жерін сатпайтын ұрпақ тәрбиелеуге тырысады. Оның сыртында келген қонақтарды да сол жерлерге апарып, туризмді жандандыра түседі. Сегізіншіден, бұл қадам қазақты «надан, оқуды, жазуды білмеген» деп күйе жаққандардың өтірігін көкке ұшырады. Құлпытастағы жазулар қа­зақ­тың бай тілі, сауатты жазуы болғандығын дәлелдейді. Бір-ақ мысал, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылының батыс бетінде, 18 шақырым қашықтықта орналасқан Мәулемберді қауымындағы құлпытастарды оқыған ғалымдар жазулардың араб тілінде өте сауатты жазылғандығына таңғалғаны бар. Ол жерге жерленген адамдардың өте терең білімді, ғалым болғаны, тас қойған адамдар да жай емес екендігін айтып жатты. Сол жерде бір атадан тараған бірнеше адамның құлпытасы болды. Бәрінің де терең білімді, діни сауатты болғандары көрсетілген. Тектілік деген осы. Ұрпақтан-ұрпаққа терең білім, оң тәрбие берудің үлгісі бұл. Халқымыз сауатсыз болса, мұн­дай жәдігер қал­дырар ма еді? Отар­лаушы ұлты оятпай, қа­паста ұстау үшін осындай қараулыққа барған ғой. Тоғызыншыдан, құл­­пытастағы жазу тү­біміз бір түр­кі елдерімен төл тамарымыз бір, ұлттық дәс­түріміз, дініміз ортақ екенін көрсетеді. Тіпті, жыл санау­ы­мыз­дың өзі бірдей болғанына да осы құлпытастар дәлел. Оныншыдан, ХХ ғасырдың басы нағыз аласапыран кезең болды. Алаш зиялылары жеке бастың қамынан елдің қамын жоғары қойып, табандылықпен туған жерді сақтап қалуға бар күшін салды. Соның арқасында бүгін азат ел болып отырмыз. Қиын-қыстау заманда еліне қорған болар азаматтарды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген сол рухы мықты бабаларымыз. Ендеше, олардың арасында қараусыз қалған адам қалмау керек. Құлпытастары бойынша атын жаңғыртып, абыройын көтеру абзал. Міне, құлпытастарды зерттеудің қажеттілігіне он негіз келтірдік. Өзгелер де бұл туралы ойланар деген ниеттемін. Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық  филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің жетекшісі. Батыс Қазақстан облысы. Суретте: құлпытастардан көрініс