Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын 3,5 мыңнан астам оқушы биыл аралық және қорытынды емтихан тапсырмайды. Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында оқушылардың қорытынды бағасы жылдық бағалары негізінде шығарылады. Бұл туралы Qazaqstan ұлттық арнасы хабар таратты.
Айта кетсек, биылғы оқу жылын 3 млн 800 мың оқушы аяқтағалы отыр. Осы тұста Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде 3800-ден астам бала сауықтыру орталықтарына жіберілетінін айтты.
Қазірдің өзінде 628 бала демалып жатыр. Одан бөлек «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі.
«Биыл елімізде 10 мыңнан астам демалыс орнында 3 миллионға жуық бала жазғы демалысын өткізеді», деді министр.