Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған іс-шаралар одан әрі жалғасын тауып жатыр. Соның бірі – 18–19 мамыр күндері Сәтбаев қаласында «Қаныштың қазыналы әлемі» тақырыбымен өткен республикалық айтыс.
Айтысқа қатысушылар ең әуелі қала орталығындағы Қ.Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер мәдениет сарайының төрінде 14 ақын бақ сынасты.
Көркем ой, кестелі сөз арқылы ақындар Қаныш тұлғасын лайықты сомдай білді. Ұлы ғалымның елге деген шынайы перзенттік махаббаты, ерлікке пара-пар өлшеусіз еңбегі жан-жақты жырланды.
«Қазақмыс» корпорациясының бәйгесі – жеңіл автокөлік айтыскер Мейірбек Сұлтанханға бұйырды.
Ақындар Өміржан Көпбосын, Дидар Қамиев, Жансая Мусина, Серік Қуанған, Айым Асылбек алғашқы үштіктің шоғырын құрады.
Кезінде шахталарда шаң жұта жүріп, қолдарынан қаламын тастамаған кенші ақындар Кәкімбек Салықов пен Шынболат Ділдебаев атындағы арнайы сыйлықтардың тағайындалуы да жарасымды болды.
Ұлытау облысы