Күні кеше ғана ел астанасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған тағы бір көркем фильмнің алдын ала жабық көрсетілімі өтті. «Соңғы үкім». Атауы айтып тұрғандай, картинада көрнекті тұлғаның тағдырын шешкен соңғы үкіміне дейінгі барлық кезеңі суреттеледі. Бақ пен талас, қуаныш пен қайғы, өкініш пен үміт... Әрине, Ақаңның ерен еңбегі мен қилы өмір жолын бір фильмге сыйғызу мүмкін емес. Шығармашылық ұжым 126 минуттық туындыда дара тұлғаның тағдырына әсер еткен елеулі оқиғаларды көрсетуге тырысқан. Фильмнің жабық көрсетіліміне зиялы қауым қатысты.
Түсірілім жұмыстары 2021 жылы басталған кинотуынды ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына арналған. Толықметрлі тарихи драманы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Folklore media» студиясы түсірген. Продюсері мен сценарий авторы – Ғалым Доскен (сценарийді бірлесіп жазған – Тұрсынжан Шапай, Асқар Құмыран). Режиссерлері – Ерген Тоқмырзин мен Ерлан Нұрмұхамбетов, композиторы – Бейбіт Ақош.
Фильмді тамашалаған әр көрермен тұтас бір ұрпақтың сауатын ашып, елінің азаттығы үшін күрескен Ақаңның соқтықпалы ғұмырын, алты рет абақтыға қамалып, екі мәрте жер аударылып, екі рет өлім жазасына кесілуінің сырына үңіліп, жауап алары да сөзсіз. Ресей империясы мен Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған білімпаз қазақ зиялыларының алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған бастауыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалатын картина сол заманның шындығын да тамшылай көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін салып, XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны қалай тең тұтқаны да суреттеледі. Сондай-ақ фильм өлім тәнін алса да, бірақ өзін ешқашан жоғалтпай, істеген барлық істері келер ұрпақтың игілігіне айналады деп сенген Ахметтің өмірінің соңғы сәттерінен сыр шертеді.
Туындыда басты рөлдерді белгілі актер Азамат Сатыбалды мен Дарья Александрова сомдайды. Бұған қоса, фильмде Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды нар тұлғалардың образын Еркебұлан Дайыров пен Айдар Наурызбаев ойнаған. Жалпы, актерлік құрамның да ерекше талғаммен жасақталғанын байқадық. Александр Багрянцев, Ерлан Кәрібаев, Максим Лукаянов, Михаил Токарев, Дәурен Серғазин, Алексей Фиалко, Назгүл Қарабалина, Ғалымбек Оспанов, Александр Свинцов, Нұралим Варисов, Иркә Абдулманова, Айболат Дастанұлы сынды басқа да талантты актерлерді көрдік.
Сондай-ақ жабық көрсетілім аясында Ақаңның әр кезеңдегі суреттері қойылған көрме ұйымдастырылды.
Кинотуындының продюсері әрі сценарий авторы Ғалым Доскен аталған картина тек қана Ахмет туралы емес екенін айтады.
«Яғни мұнда қазақтың ұлттық интеллигенциясының алғашқы легі, солардың арманы мен көксеген мұраты берілсе, бір жағынан сұлулық, әдемілік суреттеледі. Ахметтің қиын тағдыры арқылы сол қазақ интеллигенциясының сөйлеу мәдениетінен бастап, киім киісі, жүріс-тұрысына дейін ең әуелі өзіміз елестетіп, содан кейін сіздерге жеткізуге тырыстық», дейді кино продюсері.
Ал көркем фильмнің сценарийін жазуға он екі ай уақыт кеткен.
«Фильмді түсіруге екі жарым жылдай уақыт кетті. Өйткені пандемияның уақытында басталып кеткен болатын. Сол себепті оңайға түспеді. Алматы және Семей қаласында түсірілді. Бұл жерлерде ескі үйлер көп болды. Сонымен қатар Жетісу, далалық көріністердің көбісі Абай облысында түсірілді», деді Ғалым Доскен.
Сондай-ақ ол тарихи деректердің мұқият зерттеліп алынғанын атап өтті.
«Естеліктерінің өзінде қайшы тұстар кездеседі. Оның өзі қаншалықты рас екенін тексеріп алу керек. Сондықтан біз барынша сол кездегі жағдайға, сол кездегі шындыққа, сол кездегі саяси жағдайға осы фильм жауап бере ала ма, жоқ па дегенге басымдық бердік», дейді кино продюсері.
Иә, тарихи тұлғаларды бейнелеген фильмдердің артар ауыр жүгі де, сұралар талабы да осы – тарихи шындық пен көркем шындықтың, деректер мен дәйектердің орынды әрі нақты қолданылуы.
Фильмді тамашалаған «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім туындыда тарихи деректердің бұрмаланған жері жоқ екенін атап өтті.
«Тарихи драма Ахмет пен Бадрисафаның теперішті-талайлы тағдырын суреттейтін қақтығысты дүниеден гөрі екі мұңлықтың үнсіз ұғысқан көңіл пернелерін нәзік басқан полотноға көбірек ұқсайды. Реалистік кино тіліне бірді-екілі жерде символизм, аллегория элементтері жымын білдірмей сіңіп кеткен. Өзімізге жақын Алаш тақырыбы болған соң, іштей бейсаналы түрде «қате» де іздеп отырдық, фильмде бірде-бір маңызды фактінің мифке айналған, басқаша трактовка жасалған жері жоқ. Фильмнің музыкасы ұлттың рухани көсемінің әлеміне сағынышты сазбен бойлап, жаңаша интерпретация бере түседі», деді ол.
Кино да идеологияның маңызды бір бөлшегі іспеттес. Қоғамды тәрбиелеу, ұлттық сананы ояту, рухани деңгейді көтеру жолында көгілдір экранда көрсетілетін туындылардың рөлі күшті. Осы орайда «Ұлттық киноны қолдау орталығы» АҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали да аталған тарихи драмаға қатысты өз ойымен бөлісті.
«Ұлттық патриотизмді тек тарих оятады. Тәуелсіздіктің тамыры терең тарихтан бастау алады. Осыны Алаш алыптары айтып, қағазға түсірді. Біз де осындай тағылымға, өнегеге толы шығармалар көбейе берсін дейміз. Биыл 5 жылдық мерейтойын атап өткен Ұлттық киноны қолдау орталығы осы бағытта отандық киноиндустрияны дамыту үшін министрлікпен бірлесе жұмыс істейтін болады», деді Қ.Жұмағали.
Сонымен, «Соңғы үкім» 23 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
Еске салсақ, бұған дейін де ұлт ұстазы туралы сериал түсірілген болатын. Бұл да ұлттың олжасы еді. Әрине, көркем дүниенің бәрі дерлік көркемдік үдеден шыға бермеуі мүмкін. Түрлі талғам, түрлі деңгей, түрлі шеберлік... Десек те қандай деңгейде болса да тарихи тұлғалар туралы қазақтілді контенттің көбейе бергені дұрыс-ақ.