Жазудың азабы да, ләззаты да бірдей деседі. Ал жазудағы жауапкершілік, тәртіп, жүйелілік әркімде әртүрлі. Біреу жалқауланып, жазу үстелінен қашып жүреді. Енді біреу шалқар шабыты туатын сол бір сәтті күтеді. Тағы біреу жазуға өз-өзін зорлап отырғызады.
Мәселен, Виктор Гюго бастаған шығармасын уақытында аяқтау үшін өз-өзін аямаған. Өз сөзін өзіне тыңдата алған. Былайша айтқанда, өзіне бағына білген. Бұл да – ақыл.
Жазушы «Париж Құдай ана соборын» 1830 жылдың жазында бастап, 1831 жылдың ақпанында тәмамдайды. Мұндай өнімді жұмыстың сыры неде дейсіз ғой. Гюго мұндай нәтижеге жету үшін бір бөтелке сия сатып алып, өзін бөлмесіне қамап қойған. Яғни саналы түрде мәжбүрленіп жазған. Өзінен өзі айласын асыра білу де кішкентай шеберлік емес пе?
Иә, осы уақытқа дейін қаншама талантты жазушы жалқаулығынан яки өзін-өзі тәрбиелей алмауынан, өзін жазуға отырғыза алмауынан әдебиеттен жоғалып кетті екен? Немесе өз деңгейіне жете алмай, қатардағы ортақол авторлардың бірі болып жүрді екен?.. Шет-шегіне ешкім жете алмаған беймәлім сұрақ.