• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Мамыр, 2024

Қауіпсіздікке кепіл, жүйелілікке негіз

81 рет
көрсетілді

Заңның мақсаты – халықтың көші-қоны және қылмыстық-ат­қа­ру жүйесі саласындағы заңнаманы, халықтың көші-қоны сала­сын­дағы мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру. Оған қоса төтен­ше жағдай кезінде азаматтардың құқықтарына кепілдіктерді қамта­ма­сыз ету, заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жою.

Заңда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетел­дік­тердің елге кіруіне тыйым салу, көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау қарастырылған.

Сондай-ақ егер жеке басын куәлан­ды­ратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды төтенше жағдайларда пайдалану мәселесін реттеу тетігі бар. Мұндай құжаттар қолданылу мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады, қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пай­да­ланған жағдайда Қазақстан Рес­пуб­­ликасының азаматтығын жоғалту­дың жаңа негізі енгізілді.

Құжатта Қазақстан Үкіметі айқын­да­ған өңірлерге қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағыт­талған түзетулер ұсынылды. Заңға сәйкес қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен ­5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқа­мерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Сонымен қатар ерікті қоныс аударған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне бюджет қаражаты есебінен көшуге, тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға төленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелері бойынша өндіріп алудан қорғауға бағытталған нормалар бекітіледі. Атап айтсақ, аталған материалдық көмекті пайдалануда тыйым салынбайды және өзге де шектеулер қойылмайды.

Заңмен қандас мәртебесін және Қазақ­стан азаматтығын жеңілдетілген тәр­тіп­пен алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба бол­­маған жағдайларда оны айқындау рә­­сімін жетілдіруге бағытталған түзе­ту­­лер ұсынылады. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне ұлты қазақ екенін айқын­дау ере­жесін әзірлеу және бекіту жөнін­дегі өкі­леттігі бекітіледі. Осы мәселе бойынша шешімді жергілікті атқарушы орган ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қа­рау жөніндегі комиссия құру арқылы қа­был­дайды.

Ғылыми дәрежесі бар қандастарға қан­­­дас мәртебесін алған сәттен бас­тап бес жыл ішінде қоныстандыру өңі­рінен басқа өңір­лерге мемлекеттік жәр­демақыны қайтармай, өз еркімен көшу құқығы енгізіліп отыр. Бұдан басқа, осы заңмен қылмыстық-атқару жүйе­сі меке­мелерінде бейнебақылау жүйе­сін, сол сияқты оның компонентін қаса­қана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қыл­мыстық жауаптылық енгізіледі.

Жалпы, бұл заң ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуге, көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, тиімді көші-қон бақылауын қамтамасыз етуге, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған.

 

Амангелді ТОЛАМИСОВ,

Сенат депутаты