• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Мамыр, 2024

Дәрі-дәрмек неге қымбат?

233 рет
көрсетілді

Дәрі бағасының қымбат­тағаны туралы хабарды күзде жиі естиміз. Осыған қарағанда бір маусымда өршіп барып басылатын ауру-сырқау бағаға әсер етсе керек. Бел­гілі бір тұрмыстық тауар­дың сұранысқа қарай құбылатыны секілді дәрі-дәрмек өндірісінде де баға нарыққа бағынады.

Кәсіпкер жұмысы және бақылау

Денсаулық саласында дәрі-дәрмек сапасын, қауіпсіздігін бақылауға бейжай қарауға болмайды. Цифрлық технологиялар қолданысқа енгелі сатып алу тәртібінде ашықтық пайда болды. Мысалы, қазір елде дәрілік заттардың 7 мыңға жуық түрі тіркелген. Әрбір дәрі-дәрмектің министрлік бекіткен шекті бағасы бар. Мұны жақсы білетін кәсіпкерлер де бірлі-екілі дәрінің үстіне бес-он тиынын қосып сатудан қаймығады. Өйткені дәрі-дәрмекті жеткізумен және сатумен айналысатын ұйымдар бағаны шекті межеден асырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін түсінеді. Тағы бір ақпарды айтар болсақ, шілдеден бастап ветеринарияда қолданылатын дәрілік заттар мен вакциналарды қоспағанда, шетелден келген және ел аумағында өндірілген дәрілік заттарға қатысты мін­дет­ті таңбалау енгізіледі екен.

Ресми дерекке сүйенсек, елде 10 мыңға жуық дәрі­хана бар. Олардың жұмы­сы Кәсіпкер­лік кодексі­нің аясында реттеледі. Сол ереже-талап­тар­дың сақ­талуын Ден­сау­лық сақтау министр­ліг­іне қарасты Медициналық және фар­­мацевтикалық бақы­лау комитеті, ком­итеттің өңірлер­дегі 20 департаменті бақы­лайды. Бақылағанда, бейжай тек­­сер­мейді, арыз-шағымдарды бас­шы­лық­қа алады, профилак­тикалық бақы­лау жүргізеді.

Интернет жүйелер арқы­лы қада­ға­лайды. Сосын заң бұзған дәрі­ха­на­­лардың тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітіліп, Прокуратураға тіркеген соң ғана тексеру жүргізеді. Тексергенде де кәсіпкерге бір ай бұрын хабарлайды, ескертеді. Яғни Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде комитет қызметкерлері дәріханаларды кез келген уақытта себепсізден себепсіз тексере алмайды. Демек дәріхана жұмысын тоқтатып, лицензиясынан айыру деге­ніңіз – оңай шаруа емес. Дәріхана ашуға рұқсатты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері бергенімен, заңға сәйкес олардың лицензиясын тек сот арқылы қайтарып алуға болады. Комитеттің департаменттері ереже-талапқа сай жұмыс істе­меген субъектілердің жұмысын тек уақытша, 6 ай мерзімге дейін тоқтата алады. Денсаулық сақтау министрлігі Медици­налық және фармацевтикалық бақылау комитеті басқарма төрағасының орынбасары Алмагүл Кенжеханованың айтуынша, былтырдан бері лицензиядан қағылған дәріхана тіркелмеген.

– Былтырдан бері талапқа сай жұмыс істемеген бірнеше дәрі­ха­наның жұмысы 6 айға дейін уақытша тоқтады. Оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 464-бабына сәйкес, айыппұл салынды. Мұндай жағдайда 6 айдың шеңберінде әлгі дәріхана жұмысын реттеген соң аумақтық департаменттің мамандары барып жұмысын қайта тексереді. Дәріхана басшылығы кемшілікті реттесе, жұмысын қайта жалғастыруға рұқсат. Егер дәріхана басшылығы сыннан сабақ алмаса, аумақтық департамент мамандары лицензияны қайтарып алу бо­йынша сотқа ұсыныс жолдайды. Былтыр дәріханаларға қатысты жалпы 864 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылған. Оның құны шамамен 34,5 млн теңге шамасында болды. Мұнда дәріхана мамандары біліктілік талаптарына сәйкес келмеген. Дәрілік заттарды дұрыс сақтамаған, кейбір меди­циналық ұйымдардың дәрілік заттармен қамтылмаған фактілері тіркелді. Дәрілерді уақтылы жоймаған, лицензиясыз жұмыс істеген жағдайлар бар. Мерзімі өткен дәрілерді сату фактісі тіркелмесе де, медициналық ұйымның ішінде қолданған 2 жағдай бар. Оларға айыппұл салынып, дәрілік заттар тәркіленіп, жойылды. Байқасақ, әкімшілік айыппұл көбіне дәрі-дәрмек­ті дұрыс сақтамаған субъектілерге салынған. Сосын дәріні рецептсіз сату фактілері жиі кездес­кен, – дейді А.Кенжеханова.

 

Дәріхана ашу қиын ба?

Алматыда 1 500-ге жуық дәріхана жұмыс істейді екен. Ал Астанада 1 200, Шымкентте 800-ге жуық дәрі­хана бар. Дәріхана ашуға рұқсатты Ме­ди­циналық және фармацевтикалық бақылау комитеті және комитеттің аумақтық департаменттері беретінін жоғарыда айттық. Дәріхана ашуды ойлаған субъектілер Денсаулық сақтау министрлігінің 148-бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес келуі керек. Мысалы, ондағы мамандар­дың міндетті түрде фармацевтика мамандығынан білімі болуға тиіс. Жоғары, мейлі орта білімді болса да жарайды. Тек, орта білімді маманның 3 жыл еңбек тәжірибесі болуға тиіс деген ереже бар. Дәріхана ауданы 30 шаршы метр­ден кем болмауы керек. Дәріхананың өзінің жиһаздары, ауаны өлшейтін құралдары, тоңазытқышы болуы шарт. Осы секілді басқа да бірнеше қатаң ереже бар. Тағы бір мәселені қаперге алайық. Егер дәріхана ЖШС немесе АҚ болып құрылса, онда басшының фармацевтикадан білімі болмаса да жарайды. Тек дәріханаға жауапты немесе меңгерушінің білімі болуы шарт. Ал дәріхана ашуды көздеген жеке кәсіпкерлерге фармацевтикадан білімі болуы маңызды. Онсыз жұмыс істей алмайды.

Препараттардың құны нарықтық қатынастарға, өндірушінің бағасына, шетел валюталарының бағамына, өндіруші және сатып алушы ел­дің баға саясатына, логистикаға, шикізат құнына және басқа факторларға байланысты өзгереді. Былтыр және биыл үш айдағы сараптама бойынша дәрі-дәрмек бағасы шамамен 13 па­йызға қымбаттаған. Бұл – ортақ, салыстырмалы есеп. Негізі кей­бір дәрілік заттардың бағасы 13 па­йыздан жоғарыласа, екіншіден, басқа дәрінің бағасы былтырғыдан 14-15 пайызға төмендегені байқалады. Мысалы, биыл жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған, микробқа қарсы, вирусқа қарсы препараттардың баға­сы өскен. Сол секілді антикоагулянт­тар, стероидті емес қабынуға қарсы препараттар, вита­мин­дердің бағасы төмендеген. Қош, былтыр елде бағаны негізсіз көтеріп сатқандарға қатысты 12 әкімшілік хаттама толтырылғанын ескерсек, баға бақылауда деп айтуға болады. Мұндай факті анықталған жағдайда тұрғындар медициналық және фарма­цевтика­лық бақылау комитетінің аумақ­тық департаменттеріне дәлелді құжат­тармен (сатып алғаны туралы чек) немесе DARIKZ мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.

 

Ішкі өнімнің бағаға әсері

Дәрілік заттарды шығаруға арнал­ған өнімді, яғни негізгі шикізатты әлем елдері Қытай мен Үндістаннан алатын көрінеді. Елдегі өндірушілер де осыған иек артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фармацев­ти­када отандық өндірісті 50%-ға дейін жеткізуді тапсырған еді. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жылға дейінгі жол картасын әзірледі. Онда сатып алу үдерістерін, бағаны реттеу, цифрландыру, шетелдік инвестиция тарту сынды басқа да межелі міндеттер қам­тылған еді. Мұны фармацевтикалық кәсіпорындар­дың дамуын жеделдетуге, кадрлық әлеуеттің сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, озық технологияларды енгізуге жол ашады деп түсіндік.

Фармацевтикада ірі, белді ком­па­­ния­лар «Big Pharma» төңірегіне топтасқан. Қазір осы қатардағы ірі компанияларды шақырып, есесіне отандық өнімнің үлесін арттыруға көңіл бөлініп отыр.

– Елде өндірілетін дәрі-дәрмектің бағасы шетелден келетін тауардан әлдеқайда арзан болады. Әрі өз өнім­де­ріміздің сапасы да жақсы. Қазір елде 193 өндіруші бар. Оның 43-і дәрілік заттар шығарса, 150-і медициналық бұйымдар өндіреді. Медициналық бұйымдардың ішінде маскадан бас­тап, УЗИ аппараттарына дейін шығып жатыр. Шымкентте «Химфарм» деген зауыт бар. Алматыдағы «Abdi Ibrahim Global Pharm» компаниясының да өнімі сапалы. Олар тіпті, өнімін сыртқа экспорттайды. Жамбылда да фармацевтикалық өнімдер шығады. «Dosfarm»-ның­ спрей тамшылары бар. Негізі, отандық өнді­ру­шілердің әлеуеті шетелдік ірі компаниялардан кем емес. Жылдан-жылға өсіп, өркендеп, кеңейіп келеді. Иә, бүгінде елге «Big Pharma» компаниялары келіп жатыр. Олар 2026 жылға дейін бірнеше зауыт салып, МРТ, ангиограф сынды аппараттарға дейін шығарамыз дейді. Бұған қоса Roche, Pfizer-ден басқа да компаниялар бізге келуге ниет білдіріп отыр, – дейді А.Кенжеханова.

Фармацевтикадаға шетелдік ірі ком­па­­н­­иялардың, инвесторлардың келуі екі жаққа да тиімді. Өйткені шетелдік компаниялар өнімін Орта­лық Азияға біз арқылы шығара алады. Шығындарды азайтып, табысын арт­тыруға, өнім көлемін ұлғайтуға кіріседі. Ал бізде бірінші кезекте жұмыс орындары ашылады. Өндіруші ел болып есептелеміз. Өнімнің құны шетелдегіден арзан түседі. Қазір бізге дәрілік заттар Германия, АҚШ, Үндістан, Ресей, Украина, Беларусь, басқа да елдерден келеді екен. Ал өзіміздегі дәрі­лік заттар шығаратын 43 зауыттың алтауы ғана өнімін сыртқа шығарады. Беларусь, Армения, Қыр­ғыз Республикасы, Өзбек­станға жолдайды. Поль­ша­ға да шығатын дәрі-дәр­мектер бар деседі. Осы­ған қарамастан 2022 жылы отандық өндірістің үлесі 20 пайыз болған. Ал былтыр осы көр­сеткіш 14,4 пайызға бір-ақ түскен. Мұның себебі мынада, 2020 жылы пандемия тұсында өзімізде зауыт ашылды. Есесіне, ішкі өнімнің үлесі көбейді. Ал былтыр пандемия басылғанымен, қызылша ауруы күшіне мінді. Осы кезде қызылшаға қарсы салынатын екпелер әдеттегіден көп мөл­шер­­де импортталды. Мұның құны 2022 жылы 1 млрд теңге төңірегінде бол­са, 2023 жылы 6 млрд-қа жеткен. Им­пор­т пен экспорттың бағаға қалай әсер ете­ті­нін осыдан-ақ бағамдай берсек болады.

 

Халық мүддесі бәрінен биік

Кейінгі жылдары ауыл медици­на­сының әлеуетін арттыруға басымдық берілді. Осы тұста аудан орталығынан шалғайдағы елді мекендерде ауруханамен қатар дәріхана ашу жайы да пысықталған. Бірер жыл бұрын тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, ауылдағы шағын амбулаториялардың жанынан шағын дәріхана ашуға рұқсат берілді. Әрі ол дәріханада фармацевт маманның болуы міндеттелмеді. Бар болғаны ондағы фельдшер немесе медбике біліктілігін жоғарылатып, оқудан өтсе, жеткілікті. Олар дәріхана ауданы 30 шаршы метрден кем болмауға тиіс деген талапты сақтамаса да болады. Бар болғаны 4 шаршы метрлік нысан болса, жеткілікті. Қазір қалада бәсеке жоғары болған соң, дәріхана ашу оңайырақ. Жергілікті әкімдіктер, денсаулық сақтау басқармалары қай жерде халық көп шоғырланғанын, қай жерге дәріхана керегін біліп отыр. Яғни қаланың өзінде дәріханалар беталды емес, сұранысқа қарай салынады.

Қорыта келе, дәрі-дәрмекті мекемелерге дер кезінде жеткізуге жауапты «СҚ-Фармация» серіктестігінің жұмысы туралы да айта кеткеніміз жөн болар. «СҚ-Фармация» ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмектерді сатып алу және сақтау жөніндегі бірыңғай оператор саналады. Бұл 2009 жылы Үкімет қаулысымен фармацевтикалық саланың тұрақ­тылығы мен бәсекеге қабілетін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды шоғырландыру жолымен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылды. Компанияның өңірлерде бөлімшелері, дәрі-дәрмек сақтайтын ірі қоймалары бар. Былтыр елде дәрілік заттардың айналымы 950 млрд-қа жуықтаса, соның шамамен 438 млрд-қа жуығы «СҚ-Фармация» арқылы айналымға енген. Халыққа тегін таратылатын 50 пайызға жуық дәрілік заттарды аталған компания жеткізеді. Егер елдегі дәріхана, қойма, аурухана, емхана бәрі-бәріне жеткізілетін дәрілік заттарды 1 трлн деп есептейтін болсақ, соның тең жартысы «СҚ-Фармация» арқылы қамтылып отыр. Қысқасы, осы компания импорт және отандық өндірушілердің дәрі-дәрмектерін қабылдап, шарт жасасып, тасымалдайды, сақтайды, таратады. Шетелдік, мейлі отандық өндірушілер болсын, барлығымен тікелей келісімшарт жасайды. Дәрі-дәрмек айналымын біліп отырады. Әрине, аталған компанияның жұмысын министрлік бақылайды, ақпарат алмасып, кейбір мәселелерде кеңесіп шешім қабылдайды. Қалай десек те, дәрі-дәрмек қауіпсіздігінде халықтың мүддесі жекелеген компаниялардан биік. Мұны жақсы білетін министрлік медициналық тауарлардың айналымын, бағасын бақылауды әлі де болса қатаңдата түсуі керек.