Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетін, мол мүмкіндіктер ұсынатын және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел екенін айтты.
«Елімізде еркін нарықты дамытуға, инновацияны ынталандыруға және білімге негізделген экономикаға көшуге бағытталған ауқымды реформалар басталды. Бұл реформалар ең жоғары халықаралық стандарттарға, соның ішінде ЭЫДҰ стандарттарына сай келеді. Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклды іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары Инвестициялық кеңес құрдық», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур географиялық жағынан алшақ орналасқанына қарамастан, саяси және экономикалық тұрғыда сенімді серіктес елдер екеніне әрі солай болып қала беретініне назар аударды.
«Біз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші серіктесіміз – Сингапурмен берік қатынастарды жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты сауда көлемі 1,8 миллиард долларды құрады. Сингапурдың Қазақстанға құйған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары бұл көрсеткіш еселене түседі деп санаймыз. Осы орайда екіжақты серіктестікті дамыту үшін берік құқықтық негіздің болуы аса маңызды. Біз Инвестицияны көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификацияладық. Бұл құжат инвестициялардың жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын айқындап берді. Президент қаланы дамыту секторын бірінші бағыт ретінде атады. Сондай-ақ Қазақстанда мүлде жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салу бастамасын өте маңызды жоба деп санайды.
«Бұл жоба болашақта «Орталық Азиядағы Сингапурға» әрі халықаралық жетекші бизнес-хабқа айналуды көздейді. Осы мақсатқа бөлінген мың шаршы километрге жуық аумақ Арнайы экономикалық аймақ режимінде дамиды. Сингапурлық Surbana Jurong компаниясы аталған жобаның кешенді жоспарын әзірлегенін ерекше атап өткім келеді. Форум аяқталған соң, барлық мүдделі тараппен осы мәселені талқыламақпын. Сингапур бизнесі келешегі зор бұл бастамаға белсенді атсалысады деп үміттенемін», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сингапурға аса маңызды шикізат пен табиғи ресурстарды жеткізуге дайын екенін айтты.
«2040 жылға қарай сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныс төрт есе артатынын ескере отырып, шамамен барланбаған 5000 кен орны бар Қазақстан осы әлеуетті бірлесе дамыту үшін сенімді серіктес бола алады. Біз Қазақстандағы мыс және фосфат кен орындарын барлауға қызығушылық танытып отырған Indorama компаниясымен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға үлкен үміт артамыз», деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің жаңартылатын энергия саласындағы зор әлеуетіне қызығушылық артып келе жатқанын атап өтіп, Сингапур компанияларын экологиялық таза энергия өндіру, аталған салада технология және тәжірибе алмасу үшін серіктестікті кеңейтуге шақырды.
«Сингапур қоқыс жағу арқылы қуат өндіретін озық қондырғыларымен және қалдықтарды басқару жөніндегі инновациялық технологияларымен танымал. Бізді қалдықтарды реттеудің осы инновациялық тәсілі қызықтырады әрі аталған саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, географиялық алшақтық пен байланыстың нашарлығы ұзақ жылдар бойы екі мемлекеттің экономикалық ықпалдастығын тежеп келді. Бүгінде жаһандану мен дамыған инфрақұрылымның арқасында елдер арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев отандық «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен сингапурлық PSA International компаниясы арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының немесе «Орта дәліздің» әлеуетін пайдалануға бағытталған синергиялық серіктестікті мысалға келтірді.
«Аталған бағыт Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге шығара алады. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға шығатын ең төте әрі орнықты жол. Сингапур компаниялары мен қаржы институттары бұл саладағы бизнес пен инвестицияның мүмкіндіктерін зерттеп, айтарлықтай пайдаға кенеле алады деп санаймыз. Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді», деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екеніне назар аударды. Сингапур компанияларына бірлескен агроинновациялық орталықтар құру, дәлдігі жоғары егіншілік және су ресурстарын барынша тиімді пайдалану бағыттарында бірлесе жұмыс істеу ұсынылды.
Президент биотехнология және медицина салаларында ықпалдастық жасау үшін мол мүмкіндік бар деп санайды.
«Біздің елдің фармацевтика саласы – өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан нарықтардың бірі. Pfizer, Roche, GE Healthcare және Philips секілді әлемдік жетекші компаниялар дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашуды жоспарлап отыр. Біз бірлескен зерттеулерді, сондай-ақ дәрілер мен биопрепараттар өндірісін қаржыландыру үшін «Бәйтерек» ұлттық холдингі мен Forebright компаниясының инвестициялық қор құру жоспарын құптаймыз», деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық секторды өнімділік пен экономикалық өсімнің артуына әсер ететін тағы бір перспективті бағыт ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Сингапур сияқты Еуразия құрлығында жетекші технологиялық және IT-хабқа айналуды көздейді. Нақтырақ айтқанда, еліміз жаңа әрі кешенді IT-жобалар, әсіресе жасанды интеллект саласында маңызды бастамалар жасау үшін R&D жобалар, стартаптар, білім секілді түрлі бағыт бойынша ауқымды ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестиция тарту ісіндегі артықшылықтарына назар аударды.
«Бүгінде АХҚО алаңында әлемнің 80 елінің екі мыңнан астам компаниясы жұмыс істейді. Олар Қазақстанға және бүкіл өңірге инвестиция тартуға ықпал етеді. Сингапурдың 30-дан астам компаниясы АХҚО-ның резиденті саналады. Келешекте олардың саны арта түседі деп сенемін. Қаржы орталығы Сингапурдың Ақша-кредит басқармасымен қаржы технологиясы, «жасыл қаржы» және ислам банкингі салаларындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту үшін тығыз қарым-қатынас орнатқан. АХҚО-да Қазақстан-Сингапур тікелей инвестиция тарту қорының құрылуы екі елдегі бірлескен кәсіпорындарды қаржыландыру үшін оңтайлы алаң бола алады», деді Президент.
Форум аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Сингапур Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Хенг Суи Кеаттың қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Мынадай құжаттарға қол қойылды:
«Қазпошта» АҚ мен SingPost арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім; «KTZ Express» АҚ мен Global DTC арасындағы Цифрлық дәлізді іске қосу туралы декларация; «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, PSA KZ Pte Ltd, KPMC Ltd және G-trans Service арасындағы Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандум.Бұдан бөлек, бизнес форум аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
Forebright Capital Asia Private Limited, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ және «BGI Hong Kong Tech Co., Limited арасындағы Forebright Life Science Technology Fund туралы инвестициялық келісім; «Бирюк Алтын» ЖШС мен AlDigi Holdings Pte. Ltd компаниясы арасындағы келісім; Қазақстанның «Сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Сингапурдың өндірістік федерациясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум; «Caspian Group» АҚ мен China Regional Development and Planing Institute Co., Limited арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; «Caspian Group» АҚ мен KPMG Samjong Accounting Corp. арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум; «Mandarin building» ЖШС, «Singapore International School Kazakhstan» ЖШС және Kinder World International Group арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Nomadic Innovation Hub компаниясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум; Nomadic Innovation Hub пен Clockster арасындағы инвестициялық келісім; Nomadic Innovation Hub пен Snap hunt рекрутинг платформасы арасындағы инвестициялық келісім.