• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мектеп 23 Мамыр, 2024

Қос министрлік ел мектептерінде бірыңғай сағат ұйымдастырды

114 рет
көрсетілді

Жалпы білім беретін мектептерде Кеңес Одағының Батыры, №1 Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ғасырлық мерейтойын мерекелеуге арналған бірыңғай сағат өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шара министрліктердің балалар мен оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары шеңберінде өткізілді. 

Биыл еліміз даңқты батырлары Сағадат Нұрмағамбетовтың (25 мамыр) және Рақымжан Қошқарбаевтың (19 қазан) туғанына 100 жыл толуын атап өтіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сұхбаттарының бірінде: «Ел тарихында із қалдырған адамдарды құрметтеу жалпыұлттық бірегейлікті нығайту тұрғысынан өте маңызды», деп атап өткен еді.

Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы №1 мектепте «Аңыз адам» ерлік сабағы ұйымдастырылды. «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мен оқушыларға «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ жергілікті филиалының төрағасы Тілек Кенжебеков, 60601 әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Нұрдос Қалымбетов, 06708 әскери бөлімі командирі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы капитан Сырым Бердалі, Приозерск гарнизоны әскери полиция бөлімшесінің әскерлер қызметі жөніндегі офицерінің міндетін уақытша атқарушы аға сержант Қанат Ашназаров және Приозерск қалалық кітапханасының кітапханашысы Индира Талханбаева армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлік жолы туралы айтты.

Сағадат Нұрмағамбетовтың екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жауынгерлік жолы мен әскери қолбасшы ретіндегі қызметі туралы Астана қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназиясының оқушылары көптеген танымдық ақпаратқа қанықты.

«Бүгін біз 7Г және 9Ж  сыныптарында аты аңызға айналған әскери қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдық мерейтойына арналған сабақ өткіздік. Біздің мектепте оқушыларға патриоттық тәрбие беру кешенді түрде өткізіліп тұрады. Бұған АӘД сабақтары, гуманитарлық пәндердің мазмұны және әртүрлі сыныптан тыс жұмыстар ықпал етеді. Олардың барлығы өскелең ұрпақтың бойында азаматтық, жауапкершілік және Отанды қорғауға дайын болу сезімін қалыптастыруға бағытталған», деді бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, әскери-патриоттық істі ұйымдастырушы запастағы 1-сыныпты сержант Төлеген Қамзин. 

Ерлік сабағында оқушыларға Сағадат Нұрмағамбетов туралы деректі фильм көрсетілді.