• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 24 Мамыр, 2024

Қозғалтқыш өндірісін дамыта түседі

395 рет
көрсетілді

Астана қаласында құрылған «Navy Co» ЖШС негізінен тапсырыс аясында жұмыс істейді. Өйткені шығарып отырған өнімі көп тер төгуді қажет ететін дүние. Тәжірибесі мол мамандарды ғана топтастырып, сапа кепілдігіне мән берілуге тиіс. Брондалған әскери машиналарға арналған қозғалтқыш өндірісін жолға қойған компания өз өнімін елдегі Қорғаныс министрлігінен бөлек, сырт мемлекеттерге де жіберуді жоспарлап отыр.

Арнайы лицензиясы бар компания оқ-дәрілерді, қару-жарақ пен әскери тех­никаны, оларға арналған қосалқы бөл­шектерді дайындап, сату, орнату, жөндеу, қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады. Жобаға бүгінге дейін 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

«Компания бес жылдан бері әскери және азаматтық техникаға арналған дизельдік қозғалтқыш пен оның қосалқы бөлшектерін өндірумен айналысады. Негізгі тапсырыс беруші – Қорғаныс министрлігі. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейміз. Сондай-ақ өнімімізді жақында Вьетнам еліне де экспорттауды қолға алмақпыз. Әзірге бірнеше дана двигатель ол жаққа дайындалып жатыр. Зауыттың өндірістік цехы тапсырыспен бір жылда шамамен 120 қозғалтқыш шығарады. Бізде мемлекет отандық өнімді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы машиналары немесе өзге де салалық өндіріске арналған техникалардың қозғалтқышына қатысты тапсырыс аясын кеңейтсе деген тілек бар. Ал тапсырыс көлемі ұлғайса, кәсіпорындағы өнім санын одан әрі ұлғайтуға әбден болады. Сондай-ақ жұмысшылардың да қатары көбейетіні анық», дейді компания директорының орынбасары Санжар Әбдірахманов.

Оның айтуынша, кәсіпорында білікті мамандар еңбек етеді. Олардың жұмысына қажетті құ­рылғылар мен жабдықтар жет­кілікті. Арнайы қозғалт­қышты сынауға арналған зертхана да жұ­мыс істеп тұр. Өндіріске керекті инфра­құрылымның барлығы тар­тылған.

«Қазір компанияда әкім­шілік құрам­нан бөлек, тә­жірибелі 37 маман бар. Олар дизельдік қоз­ғалтқыштың бөл­шектерін құрас­тырумен, күр­делі жөн­деу­мен айналысады. Яғни ауыр сал­мақтағы танк пен жаяу әскерге арналған жауынгерлік маши­насы, қыс­қаша «БМП» деп аталатын кө­лікке арнал­­ған қозғалтқыш шы­ғарамыз. Негіз­гі шикізат – иінді білік пен поршень Ре­сейден келеді. Қалған бөл­шек­тер, яғни өнімнің 60 пайызы өзімізде дайындалады», дейді өндірістік цехтың басшысы Талғат Жауғаштин.

Айтуынша, кәсіпорынның өндірістік-сынау кешеніне дизель­дік қозғалт­қыштардың сына­ғын жүргізуге аккредиттелген «Сынақ зертханасы» мәртебесі бе­рілген. Жаңадан келген ма­мандарға тәжірибелі мотор құ­рас­тырушылар мен слесарьлар көрген-білгенін үйретіп, оқу-тә­жірибеден өткізеді.

«Бір қозғалтқыштың барлық бөл­шегі дайын болған жағдайда, оны құрастыруға 22 сағат бері­ле­ді. Бұл жұмысты екі маман бірлесе атқарады. Бірі – мотор құ­растырушы, бірі – слесарь. Бұдан кейін құрастырылған қоз­ғалтқышты зертханаға кіргізіп, арнайы сынаққа 10 сағат уақыт бөлінеді. Мұнда өнім толық компьютерлік диагностикадан өтеді. Осылайша, 32 сағатта бір қозғалтқыш дайын болады. Одан кейін қозғалтқышты тазалау, сырлау сияқты қосымша жұмыстар басталады», дейді.

Өндіріс орнында жастарды тех­никалық мамандыққа қызық­тыру мақ­­сатымен түрлі кездесу болып тұрады. Былтыр ғана Астана қаласының мектеп­терінен 9 және 11-сыныпты бітірушілер зауыт ішінде 2 айға жуық уақыт болып, арнайы тәжірибелік сабаққа қатысқан. Сол шәкірттердің көбі бүгінде техникалық мамандықты таңдап, колледж бен университетте білім алып жүр.

Айта кетейік, аумағы 4,2 гек­тар жерді алып жатқан кә­сіпорын ішіндегі өндірістік цех­тың өзі бірнеше бөлімге бөлінеді. Мұнда қоғалтқыштарды бөл­шек­теуге және ақауларды жоюға, мон­­­таждауға, бөлшектерді жууға, та­залауға арналған арнайы аумақ­тар бар. Токарьлық жұ­мыс­­тар мен дәнекерлеу, кесу, жону бөлмелері де бөлек-бөлек орна­ласқан. Арнайы қосалқы бөл­шектер мен дайын өнімдер қоймасы да жасақталыпты. Жуыр­да зауыт бас­шылығы өн­ді­ріс­­тегі барлық жаб­дық­ты жа­ңаламақ.