Алатаудың қос баурайын жайлаған қырғыз-қазақты бір туған деп қашанда өзімізге жақын тартамыз. Ата салтымызды салыстыра жүріп, ұқсастықтар іздейміз. Бағзыдан араласып-құраласып жатқан халықтың салт-санасы, ұғымы, мәдениеті ұқсамай қайда барсын? Соның ішінде қаралы үйге көңіл айту дәстүрі де бар.
Түнеугүні «Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуы» дей-тұғын термені тыңдап отырып, тарихына үңілгенбіз.
«Атеке-ау...
Ассалаумағалейкум!
Аманбысың-ау, Кененім.
Көріскелі кеп едім.
Қайтыс бопты қайтесің,
Базар, Назар бөбегің.
Алатауды жаңғыртты,
Зарланып салған әуенің...»,
деп басталатын қырғыздың даңқты ақыны Оспанқұл Бөлөбалаевтың толғауы құлағыңызда жатталып қалғанымен, шығу тарихын білетін бе едіңіз?
Қазақтың белгілі жырауы, композитор Кенен Әзірбаевтың өмірі сонау бала кезінен бұралаң. Ұлтымыздың басына түскен нәубет Кененнің де әулетін айналып өтпеген. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, Қазан төңкерісі, ұжымдастыру, халықты қынадай қырған ашаршылық, репрессия, соғыс сынды тарихи оқиғалардың куәсі еді. Кішкентайынан кедейшіліктің қамытын киген Кенен байдың қойын бақты, жалданып жүріп жұмыс істеді. Білім алуға бекінгенімен, араптың әрпін солқылдақ шыбықпен жаттатқан молданың сабақ оқыту тәсілі ұнамаған. Қой соңында жүріп, ыңылдап, ұйқастырып ән сала берді. Әндері табиғатпен, тіршілікпен үндес еді. Қамыстан сыбызғы жасап, қалақшаны домбыра еткен ол өнерге өлердей-ақ іңкәр-тұғын. Иә, өнері мен өмірі ұштасып жатты. 11 жасында өзінің тұңғыш әні «Ри, қойым», 13 жасында атақты «Бозторғай» әндерін шығарды. Ел арасында кең тараған «Көк шолағы» қандай? Кенен нағашы жұртына тартса керек, анасы Ұлдар той-томалақта ән салып, айтысып жүрген екен. Әкесі Әзірбайдың да ақындығы бар еді. Алайда анасы өмірден ерте кетіп, әкесі екеуі ғана қалған. Әкесі Әзірбай өсірді, жеткізді. Үлпілдек есімді бойжеткенге үйленді. Өкініштісі, ол үшінші қызына босанғанда сал ауруына шалдығады. Бала-шағасы қараусыз қалған соң екінші рет Насихаға үйленген. Одан туған балалар бірінен соң бірі шетіней берген. Сөйтіп, сегіз баласын жерлеген. Әсіресе өсіп қалған Базары мен Назары шешектен көз жұмғанда Кенен қайғыдан қан жұтып, шөкімдей болып солып қалған. Қайғыдан қабырғасы қарс қақыраған әке «Ақ ешкінің зары» деген ән шығарып, ел ішіне кеңінен тараған. Оны тыңдарман кейіннен «Базар-Назар» деп атап кеткен.
Сонда ғой, қырғыздың ақыны, Кенекенің досы қаралы хабарды кеш естісе керек, кешігіп келіп көңіл айтқанға ұқсайды. Кешігіп келген айыбын білген ақын толғауын киіз үйге кірместен алыстан дауыстай әуелетеді. Кенен ақын қайғыдан бүк түсіп, теріс қарап жатып құлақ қояды. Оспанқұл екеуінің арасында қыл өтпестей достық болса керек, дер кезінде келмедің дегендей өкпесі де болса керек. Бұл көрініс екеуінің ғана емес, бауырлас екі елдің арасындағы достықтың белгісіндей еді.
Он жеті жастағы Кенен бақташылықты тастап, Шабдан Жанбаев деген қырғыз ақынының асына қатысып, «Көпшілік, тыңда әнімді» деген әнін шығарған. Сол жерде Жамбыл Жабаевтан бата алып, көпшіліктің құрметіне бөленген. Оспанқұл ақынмен де сол жерде танысты ма, кім білсін. Алатаудың арғы жағынан ат арыта асып жеткен қырғыз ақынының сөздері қандай, шіркін, құйқа-төбені шымырлатып жібереді.
«...Жал құйрығың жетілсін,
Өткенге кімдер өкінсін?
Ата-анаңнан айрылған,
Өзің де, Кенен, жетімсің.
Әйешің қайта ұл туып,
Мойныңа қайта-ау секірсін...»,
деп жалғаса береді. Сөздің құдіреті-ай десеңізші. Сонадайдан «Атеке-ау» деп жеткен бір туған қырғыз ақынның сөзі Кененнің жүрегін елжіретіп жіберген ғой, беті бері қарап, басын көтерген көрінеді. Бүгінгі көңіл айтулар мен бұрынғы жұбату сөздері қандай?
Кейін Оспанқұлдың толғауындағы тілек-лебіздері орындалып, 1936 жылы Кенен қызды болған екен. Сонда сәби ғұмырлы болсын деп құтты болсын айтып келген ақ кимешекті әжелердің аяғының арасынан ырымдап өткізіп алған. Жоралғыны жасап жатқанда есіктен тағы бір қария кірген екен. Оның да аяғының арасынан сәбиді өткізіп, есімін азан шақырып, Төрткемпірбіршал деп қойыпты. Сөйтіп, қызы 6-сыныпқа дейін Төрткемпірбіршал Кененқызы болып жүрген. Кейін ғана есімін Төрткен деп ауыстырып, құжатын рәсімдепті. Содан кейін ғана балалары тұрақтап, Көркемжан, Бақытжан, Ақтамақ, Ақбілек есімді көз қуаныштары дүниеге келген. Көркемжанның есімін Жамбыл Жабаев қойыпты. Кенекеңнің кеңдігі ғой, ұлы Бақытжанды соғыстан оралмай қалған туыстарына жұбаныш болсын деп берген. Осылайша, қара бұлттың артынан шуақты күн шығып, Кенен ақсақал үбірлі-шүбірлі ғұмыр кешкен.