• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Жастар 24 Мамыр, 2024

Жұмыссызды жарылқайтын жүйе

45 рет
көрсетілді

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде 300 мыңнан астам адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тір­келген. Ал 15 пен 34 жас аралығындағы еңбекке ара­ласпаған жастар 3,1 пайызды құрап отыр. Көр­сеткішті өткен жыл­дың осы кезеңімен салыс­тырсақ, әлдеқайда тө­мендегені байқалады. Әсіресе себепсіз сенделгендер Алматыда азайған.

Республикада шамамен 5,7 млн жас бар. Оның ішіндегі 682 мыңнан астамы Алматы қаласында тұ­рады. Жергілікті жастар саясаты басқармасының мәліметінше, шаһарда биылғы бірінші тоқсанда жастар жұмыссыздығы 5,2-ден 4,6 пайызға дейін төмендепті. Сарапшы мамандардың айтуларынша, бұған жастарды әлеуметтендірудің жаңа жүйесі сеп болған.

Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді келешегі бағдарламасы аясында Жол картасы негізінде былтыр жұмыс берушілер мен жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын үйлестіруге мүмкіндік беретін қалалық мансап орталығы ашылыпты. Егер бұрын мансап ор­талықтары әр оқу орнында бө­лек жұмыс істесе, қазір олар жұмыс берушілермен, еңбек мобильділігі орталығымен, басқа да құрылымдармен бір алаңда біріктіріліп, өзара жұмыстың тиім­ділігін арттыруға мүмкіндік берген. Осылайша, мұнда мобилограф, SMM менеджері, графикалық дизайнер, маркетолог сынды мамандықтар бойын­ша 30 қысқамерзімді курстар оқытылады.

– Мен Қызылорда қаласының тумасымын, жасым 28-де. Темір жол саласына қатысты маман­дықты оқығанмын. Бірақ оқу бітірген соң мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Сондықтан Алматы қаласына арман қуып келдім. Мұнда көлік жуу орындарында, такси қызметінде жүрдім. Сөйтіп, бір күні қалалық мансап орталығына келіп, қажетті ақпаратты алдым. Бір айға жуық маркетолог мамандығы бойынша шағын оқыту кезеңінен өттім. Қазір Түрксіб ауданының комьюнити орталығында жоба менеджері болып жұмыс істеймін, – деді Олжас Тасберген.

Жоба іске қосылғалы Олжас секілді 10,8 мың жас оқытылып, олардың еңбекке араласуына жәрдемдескен. Биылдың өзінде орталықтардың ықпалымен 3,1 мың жас жұмысқа орналасқан. Бұл есейгісі келмейтін NEET са­натындағылардың үлесін 7,4%-дан (47,9 мың) 6,6%-ға дейін (43,9 мың) төмендетуге көмектескен. Демек «Бір терезе» қағидаты бойын­ша бірыңғай оқыту орталығын құру жастарға бюрократиялық сатылардан өтуді жеңілдетті әрі жұмысқа орналасқандардың үлесін арт­тыруға мүмкіндік берді.

Көрсеткіштің төмендеуіне «Jobfair365» жұмысқа орналас­тыру және «SkillBrigde» оқыту қызметтері бар «Jasalmaty.kz» порталын құру да өз үлесін қосқан. Платформада ұсынылған әрбір бос жұмыс орны тиісті «Дағды» тегтерімен белгіленеді. Мәселен, бағдарламашы жұмы­сына бағдарламаларды әзір­леуге байланысты тегін курс­тар, олардың мазмұны мен құры­лымына қарай тиісті тегтер жал­ғанады. Сәйкесінше сайт қолданушылары жұмыс орындарын қараған кезде, олар осы салаға қатысты ұсынылған тегін курстарды бірден көре алады. Бұл оларға білімдерін жетілдіруге ғана емес, сонымен қатар белгілі бір қызметте қажет аспаптар мен дағдыларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай интеграция жұмыс іздеу мен оқу үдерісін едәуір жеңілдетеді.

Соңғы деректі бағдарласақ, ақпараттық порталда қазірдің өзінде 25 мыңға жуық бірегей пайдаланушысы бар. Онда 5 мың жұмыс беруші тіркеліп, 5 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Нәтижесінде, бүгінде 4 мың азамат екі қолға бір күрек тап­қан. «Jasalmaty.kz» мобилді қосым­шасын App Store платформасынан жүктеуге болады. Әрі мұн­да пайдаланушылар жастар ұйым­дарының қызметін бағалап, пікірін қалдыра алады.

– Жалпы, NEET жастарды әлеуметтендірудің маңызды жетіс­тіктерінің бірі – жаңа инфра­құрылым құру. Біздің ауданда жастардың саны 77 мыңға жуық. Оның ішінде NEET жастардың үлесі 6 мың. Жыл басынан бері Түрксіб ауданындағы комьюнити орталыққа жұмысқа орналасу, шағын курс оқу мәселелері бойынша 1 200 адам жүгінді. Мақсатымыз – NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналасуға көмектесіп, қоғамға қосу. Мұндай комьюнити орталықтары Алматының барлық 8 ауданында бар, – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша жұмысқа орналастыру және шағын курстарды оқыту менеджері Маржан Өтегенова.

Байқағанымыз, комьюнити орталықтар жастарды қызығу­шылығына қарай біріктіре отырып, бойындағы күш-жігері мен әлеуетін өзіне, тиісінше қоғамға пайдасын тигізуге бағыттап отыр. Сондықтан жауаптылар биыл тағы 4 комьюнити орталық ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Бір қызығы, комьюнити ор­талықтардың резиденттері үшін көлікке, қоғамдық тамақ­тануға, спорттық және мәдени инфрақұрылымды пайдалануға, оқытуға және тағы басқа же­ңілдіктер беретін «Activity Boom» клубтық карточкалық жүйесі енгізіліпті. Бұл инновациялар жастар мен жастар ұйымдарына ақпараттық портал арқылы комьюнити орталықтарда орындарды онлайн брондауға, іс-шаралар кестесін көруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы 1 ай бойы қалада Мансап күндерінің сериясын өткізуге қолдау көр­сеткен. Дәстүр бойынша, іс-ша­рада қаланың 400 ірі компания­сынан 1,5 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған.

Жоғарыда көрсетілген әлеу­мет­тендіру шараларының көме­гімен былтыр шаһарда барлығы 40 мың жас тұрақты, 7 мыңы уақытша жұмысқа орналасқан. Осы жылдың І тоқсанында 9 мың­нан астам азамат еңбекке ара­­ласыпты. Оның 4,6 мыңы – тұ­рақты жұмыс орнына, 4,4 мыңы уақытша қызметке кірісті.

Негізі мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамтуға арналған тиімді не тиімсіз бағ­дар­ламаларды тізбектеуге болады. Мәселен, «Жастар тәжі­рибесі», тоқсанына бірнеше рет ұйымдастырылатын бос орындар жәрмеңкесі, «Zhas project» тағы басқалар. Бірақ барлығы бір ғана бекітілген талап-тәртіп негізінде ұйымдастырылып, жүргізіледі. Сондықтан жауапты органдардың жұмысын насихаттау, еңбекке құлықсыз жастардың қызығушылығын арттыру үшін комьюнити орталықтары с­екілді технологиялық иннова­цияларды жиірек қолдану ар­қылы әлеуметтендірудің жаңаша тәсілін ойлап табу керек. Өйткені жылына еңбек нарығына 300-400 мың шамасында жас қосылады десек, елде жастар жұмыссыздығы мәселесі әлі де күн тәртібінен түспейді.