Алматыда ер адам спа-салондардың бірінде қызметкерге шабуыл жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Түнде бейтаныс ер адам спаға кіріп, сыра сатуды сұраған. «Алкогольдік ішімдік сатпаймыз» деген жауап алған шетелдік азамат қызметкерді балағаттап, одан кейін қабылдау бөлмесіне барып, басынан ұрып, шашынан жұлқылаған.
Алматы қалалық полиция департаменті ұрып-соғу фактісі бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты.
«Әйелге дене жарақатын келтірген ер адам қамауға алынды. Ол Тәжікстан азаматы. Алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды», деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полицейлер мұндай қоғамға жат әрекеттерге жол берілмейтінін және қатаң жауапкершілікке тартылатынын, әрбір фактіге полиция түбегейлі құқықтық баға беретінін ескертеді.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті