• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Мамыр, 2024

ШЫҰ шеңберіндегі спорт: Тәжірибе алмасу және жаңа бастамалар

134 рет
көрсетілді

Алматыда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты министрлік басшыларының кеңесі өтті. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мен нығайтудың маңызды мәселелері талқыланған жиында сала министрі Ермек Маржықпаев спорт – ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі екенін атап, Қазақстан ШЫҰ кеңістігінде спорттың дамуына үлес қосуға мүдделі екенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағытының бірі – бұқаралық спортты дамыту екенін айтты. Бүгінгі күні дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар халықтың жалпы санының 40,4 %-ын құрайды. 2021 жылдан бастап спорт секцияларын жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттік спорт тапсырысын іске асыру тетігі енгізілді. Нәтижесінде осы күні 240 мың бала мен жасөспірім 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін барады.

«Тәжірибе алмасу және жаңа бастамаларды талқылау арқылы біз ұйым кеңістігінде ғана емес, әлемде де бірлескен күш-жігермен спорттық күн тәртібін қалыптастыра аламыз. Сонымен қатар біздің спортшылар спорт бәсекелерінде бір-біріне негізгі қарсыластар саналады. Десе де, дәл осындай бәсекелестік біздің спортшыларымыздың тәжірибесін арттыруға зор мүмкіндік береді», деді Ермек Маржықпаев.

Айта кеткен жөн, 2023 жылы Қазақстан спортшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер аумағында 50-ден астам жаттығу жиынын өткізген.

Іс-шараға қатысушылар бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы идеяларын айтып, спорттық медицина мен ғылым саласында тәжірибе алмасу және ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Жиын соңында Ермек Маржықпаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру мен спорт саласына жауапты министрлік басшыларын биыл қыркүйек айының 8-13 күндері аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.