Ұлттық академиялық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің шығармашылығына арналған «Бар байлығым – кітаптарым» атты дөңгелек үстел өтті. Шарапатты іс-шарада ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Алаштың абыз ақсақалы өмір бойы жинаған кітап қорын салтанатты түрде кітапханаға табыстады. Белгілі публицист, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов модераторлық еткен жиынға елімізге танымал ғалымдар мен ақын-жазушылар, сондай-ақ абыз ақсақалдың музыкалық мұрасын насихаттап жүрген өнер иелері қатысты.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді Әбіш Кекілбаев. Рас, адамның кісілік келбетін кескіндеп, тұлғалық тұғырын биіктететін – кітап. Ауылдағы арманшыл баланың қиялын қияға өрлетіп, үлкен қала Алматыға оқуға түсіріп, ордалы азамат қылған, қаламгерлік және қайраткерлік бейнесін бедерлеген, ұлтына шексіз беріліп, оны сүюді үйреткен – осы рухани қазына ғой.
Жиналған жұртшылыққа қуаныш болғанымен, кітабын табыстап отырған кісінің көңіл күйін түсінуге болады. Ежелден етжақын досына айналған тоғыз мыңға жуық кітап қорын оқырман қолына табыстау кез келген руханият адамына қабырғадан жанын суырып бергендей әсер ететіні сөзсіз. Алайда кемел мұраны келер ұрпаққа табыстауды жөн көрген ақсақалдың ақ-адал ниеті көпшілік қауымның көңілін толқытқаны – рас.
Мырзатай Жолдасбеков – ілкі әдебиетіміздің ізін түгендеп, халық ақындары мен жазушыларының мұрасын дәріптеген, ұлт мінезінің ұлық сипаттарын көркем шығармашылық көгінен көрсете білген қаламгер және тәуелсіздікті тұғырландыру жолында аянбай еңбек сіңірген абзал тұлға.
Мәдени мәжілісте алғашқы болып сөз алған қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Мырзатай Жолдасбековтің түркология ғылымына қосқан орасан зор үлесін атап өтті. «Мырзатай ұстазым қанша ғасырдың тарихтың көлеңкесінде қалып қойған Орхон мәтіндеріне сәуле түсірді. Оны жан-жақты зерттеп, қазіргі қаһармандық эпостарымыздың арғы бастауы Бумын, Құтлық Елтеріс, Күлтегін, Білге қағандарда жатқанын дәлелдеді», деді ол. Шын, ғалым Мырзатай Жолдасбеков ел білетін Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын жырларындағы эпостық сарындар, теңеулер мен эпитеттер, шендестіру мен метафоралар бабаларымыздың балбалындағы базғы жазуынан тамыр алып тұрғанын анықтап берді. Қағандарының мінген аттарынан бастап, сол замандағы әдебиет әлемі үшін бұдын жұртының бұлыңғыр мәдениетін ап-айқын таныстырды. Одан бөлек түркілердің дербес ойлау жүйесі мен мемлекетшіл санасына байыпты барлау жасады. Осы арқылы қазақ тарихын он екі ғасырға тереңдетті. Қысқасы, Күлтегіннің күмбіріне күй жалғай отырып жеткізсек, Мырзатай Жолдасбеков – түркітану жолында халқы үшін «күндіз отырмай, түндей ұйықтамай, қара терін төккен» азамат деп бір сөзбен айта аламыз.
Ал мәшһүр манасшы, ақын Баянғали Әлімжановтың баяндамасы жоғарыдағы ойымызды тіпті қуаттай түсті. Абыз ақсақалдың алдында дәріс тыңдаған ол түркі дәуірінің бай мұрасын Мырзатай Жолдасбеков арқылы танығанын ашық айтты. Айтты да, жырлай жөнелді. Күлтегін жырының көне нұсқасын күңіренте толғады. Жанарынан жарықшақтарын жаудырып отырып жырлағанда, кірмембес ауыр қолға бас болып күріңінің үстінде күркіреп келе жатқан Күлтегін рухын сезіндік.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек болса, ғалымның ХХ ғасырдағы әдебиет әлеміне жасаған зерттеулері мен тәуелсіздік тұсындағы көсемсөз мұрасына талдау жасады. «Студент шағымызда-ақ танысқан Мырзекеңің іргелі еңбектерінің бірі – «Асыл арналар». Онда ол қазақтың арғы түп тегінен бастап, әдебиеттің дәуірлеу кезеңіне назар аударады. Сонымен қатар ұлт руханияты олжа салған тағы бір айшықты нәрсе – Жамбыл мен Кенен ата мұраларына жасалған танымдық талпыныс. Ондағы көркемдік құпияларды тауып, ілгерідегі теоретиктердің жолынан жаңылмай, алайда өзінше соны соқпақ салып, жаңаша зерттеу жұмысын жасай білгені – әдебиеттанудағы үлкен оқиға», деді ол.
Иә, заманы мүлде тоғыспаған тұлғалар сияқты көрінгенімен, Кенен мен Мырзатай арасындағы байланыс өте берік болған. Олардың ортасындағы аға мен інінің ілтипатты байланысы нағыз тәлім үлгісі. Ақсақалдың айтуынша, Алматыдан келгендердің бәрінен «Мырзатайдың халы қалай екен?» деп сұрап отырыпты. Кенен інісін қатты жақсы көрген. Тіпті «Мырзатайға» деп ән де шығарған. Оны кездесу барысында жаздың шұғыласындай етіп Жазгүл Данылбаева атты әнші орындады.
«Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,
Баласың сөзге шешен, тілің майда.
Қормалы қорғаушысы ақындардың,
Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң»
Жиын соңында Мырзатай Жолдасбеков келген қауымға ыстық ықыласын айтып, ризашылығын жеткізді. Жас талап оқырмандарға батасын берді.