• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 24 Мамыр, 2024

Париждегі аншлаг

111 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана Париж аспанында қазақтың әсем әні мен күміс күйі күм­бірледі. Еуропа жұрты бұл жолы «Ас­тана сазы» қазақ мемлекеттік фоль­клорлық ансамблінің концертін тамашалап, халқымыздың бай мұрасынан сусындап қайтты.

Қазақ өнерінің кеші Ранелаг театрында аншлагпен өтіп, келушілердің барлығы ансамбль концертін көруге жиналған. Аталған ұжым Париж сахнасында алғаш рет өнер көрсетіп отыр. Ұлтымыздың төл музыкасы талғамы биік француздар үшін таңсық емес. Десе де, мұндай ерекше орындауды ешбір жерден естімегендерін айтады. Күмбірлеген қоңыр күйлер заманға сай жаңаша форматта орындалды. Әсіресе көрерменнің назарын ұлттық аспаптар аударды. Бұрын-соңды шертер мен даңғыраны естіп-көрме­ген көрермен ұзақ тыңдап, қызықтады.

Кеште «Қазақконцерттің» солистері Айзат Қарабек пен Әнел Марабаева өнер көрсетті. Шығармашылық ұжымның брендіне айналған «Астана сазы» ансамблі Париж төрінде ұлттық өнердің озық үлгілері мен үздік туындыларын ұсынды.

Айта кетейік, аталған ансамбль қа­зақтың бай мұрасын сақтап, қайта жаң­­ғыртып жүр. Әртістер осы кеште Құр­ман­ғазы, Тәттімбет күйлерімен, Жаяу Мұса мен халық әндерін құйқыл­жыта шыр­қады.

«Еуропалықтарды таңғал­ды­ру оңай емес. Сондық­тан кон­цертте барымызды салдық. Парижге жету үшін сегіз сағат жол жүріп келдік, қалжырасақ та, бүгінгі кеш бәрін ұмыттырды», дейді ансамбль мүшесі Әнел Марабаева.

Сондай-ақ Саджана Мұрза­лиева да көрер­меннің ерекше ықыласын тебіре­ніспен жеткізді. «Көрермендер бізді құ­шақ жая қарсы алды, концерт соңында ұзақ қол соғып, жібергісі келмеді, ал әртіс­ке өне­ге деген қошемет болса жеткілікті», дейді ол.

«Астана сазының» Париж сахнасындағы алғашқы қадамы құтты өтті деуге әбден болады. Бұл сөзімізді париждік көрерменнің қошеметі де аңғартып тұрғаны анық.