Биыл Қостанай облысында 111 мыңнан астам бала кезекті оқу жылын аяқтайды. Оның 4 256-сы – 11 сынып түлектері. 138 озат «Алтын белгіден» үмітті. 261 оқушы үздік аттестат алуға талаптанып отыр. 24 мамырда өңірдің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті.
Аталған тәрбие сағаттарында сынып жетекшілері оқушыларды өткен оқу жылының қорытындысымен таныстырып, келесі жылда өтілетін жаңа пәндер бойынша бағыт-бағдар берді.
Соңғы қоңыраудан кейін 9 сынып оқушылары мен 11 сынып түлектері қорытынды аттестация тапсырады. 9 сыныптарға арналған қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 10 маусым аралығына жоспарланып отыр. Ал 11 сынып оқушылары 28 мамырдан 11 маусымға дейін мемлекеттік емтихандарын тапсырады.
Биыл бірінші рет 5-8 сыныптар мен 10 сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен емтихан тапсырмақ. Ал «Алтын белгі» иегерлері барлық мектептегі емтихандар аяқталғаннан кейін марапатталады.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихан аяқталғаннан кейін өтеді.
«Биыл оқушыларымыз 15 халықаралық сыйлықты жеңіп алды, оның 4-еуі – алтын медаль. Халықаралық марапаттардың дені «Білім – Инновация» лицейі оқушыларының үлесінде. Мысалы, таяуда ғана аталған лицейдің оқушысы Жан Дәуітов математика пәні бойынша Балқан олимпиадасының алтынын иеленді. Сонымен қатар 55 оқушы – республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз, жүлдегер атанды. Оқушыларымыз республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша 25 жүлделі орын алды. Мұның сыртында, облыс оқушыларының 6 жобасы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталарымен марапатталды. Биыл Қостанай облысының олимпиадашылары 29 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде республикалық оқушылар олимпиадасының 5 алтын, 10 күміс және 14 қола медалі бар. Әсіресе «Білім – Инновация» лицейін ерекше атап өткім келеді. Оқу жылының қорытындысы бойынша аталған лицейдің еншісінде 9 медаль бар. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, Қостанайдағы №2 мектеп-лицейі, М. Қозыбаев атындағы №23 мектеп, Рудный қаласының №5, №2-гимназиялары республикалық оқушылар олимпиадасының қорытындысы бойынша алдыңғы қатарлы жүз мектептің қатарына ілікті», дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.
Қостанай облысы