Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) көпшілік үшін пайыздық мөлшерлемесіне қарамай, ойланбастан жүгінетін ыңғайлы қаржы құралына айналып отыр. Бүгіндері олардың саны 200-ден асып жығылады. 50 мың беретіні де, 500 мың беретіні де бар. Негізінен, бұл сегментті банктен мақұлдау ала алмаған немесе банктердің «қара тізіміне» кіріп кеткендер толтырған.
МҚҰ-лар кірісі және жұмыспен қамтылуы туралы анықтама талап етпейтіндіктен, ресми жұмыспен қамтылмаған азаматтар үшін қарызға ақша алу тіпті оңай. Бір сәтте бірнеше МҚҰ-дан несие ресімдеуге болады. Тұтынушылардың көбі – студенттер, зейнеткерлер мен жұмыссыз азаматтар.
Бірінші несие бюросының деректеріне қарағанда, несиелік портфельдің 89,1%-ы немесе 16,2 трлн теңге екіншідеңгейлі банктерге тиесілі болса, микроқаржы ұйымдары жалпы портфельдің 6,3%-ын (1,1 трлн теңге) құрайды екен. Мұнда автокредиттеумен айналысатын МҚҰ және қатардағы МҚҰ үлесі – 5,7%, ал онлайн МҚҰ нарықтың 0,6%-ын құрайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми ақпарына жүгінсек, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың активтері 2023 жылғы төртінші тоқсанда 0,4%-ға немесе 11 млрд теңгеге (2023 жылы 20,9%-ға өскен) төмендеп, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2,5 трлн теңгені құраған. Активтердің төмендеуі кредиттік серіктестіктердің несиелік портфелінің төмендеуімен байланысты болып тұрғанға ұқсайды. Құрылымдағы активтердің ең көп бөлігі микроқаржы ұйымдарына (1 387 млрд теңге немесе 54,4%), кредиттік серіктестіктерге (847 млрд теңге немесе 33,2%), ломбардтарға (315 млрд теңге немесе 12,4%) тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (МҚҚЖҰ) несие портфелі 2023 жылғы соңғы тоқсанда 0,9%-ға, 2,4 трлн теңгеге дейін (2023 жылы 14,8%-ға өсу байқалған), заңды тұлғаларға берілген қарыздар 2023 жылғы соңғы тоқсанда 6,0%-ға, 804 млрд теңгеге дейін азайған (2023 жылы 3,5%-ға өскен). Жеке кәсіпкерлерге берілген қарыздар 331 млрд теңгеге немесе 0,2%-ға дейін (2023 жылы 42,7%-ға өсу) төмендеген. Бірақ жеке тұлғаларға берілген қарыздардың көлемі 2023 жылғы төртінші тоқсанда 2,2%-ға ұлғайып (2023 жылы 16,4%-ға өскен), 2024 жылдың алғашқы айында 1,3 трлн теңгені құраған. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың деңгейі жыл басында 3,9%-ды құраған. Соның ішінде жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 5,5%-дан 5,6%-ға дейін өскен. 2023 жылғы төртінші тоқсанда МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері 2,3%-ға, 1,7 трлн теңгеге дейін (2023 жылы 12,9%-ға өскен) азайған екен.
Қорландыру құрылымындағы негізгі үлес алынған қарыздарға тиесілі – 77,0%-ын немесе 1,3 трлн теңгені құрайды. МҚҚЖҰ-ның меншікті капиталы 3,5%-ға ұлғайып, 869 млрд теңге болған.
Жалпы, еліміздегі микрокредиттік ұйымдардың қызметі туралы пікірлер екіұшты. Олардағы артықшылықтың бірі – нарыққа икемділігінде. Нарықтағы сұраныстың өзгеруіне тез бейімделіп, жаңа өнімдер мен қызметтерді дамыту арқылы несие беру мәселелерін жедел шешуге тырысады. Елдегі МҚҰ-ның көпшілігінде өздерінің несиелік скоринг жүйелері бар. Бұл оларға қарыз алушының несиелік қабілетін тез бағалауға және бірнеше минут ішінде несие ресімдеуге түрткі болады. Алайда олардың кемшін тұсы да жеткілікті. Соның ең негізгісі деп қарыздың пайыздық мөлшерлемесін айтса болады. Мөлшерлеме банк мөлшерлемесінен бірнеше есе жоғары. Жоғары пайыздық мөлшерлеме азаматтардың қалтасын қағып, қарызға батуына тез ықпалын тигізеді. Алған ақшаны дер кезінде қайтармау қарызды екі еселейді, яғни өсімпұл қосылады. Кейбір микроқаржы ұйымдарында максималды жылдық пайыздық мөлшерлеме 739 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, микроқаржы ұйымдары өз қызметін заңды түрде жүзеге асырса, оларды құптап, дамыту керек. Алайда халық шағын микроқаржы ұйымдарының максималды жылдық мөлшерлемесі туралы біле бермейді. Саладағы келеңсіздіктер шағын микроқаржы ұйымдарының қарыз беру шарттарын қайта қарастыруды талап етеді.
Саладағы барлық субъекті, соның ішінде ломбард, кредиттік серіктестіктер мен онлайн-кредит беру компанияларының қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауына алынды. Агенттіктің таяуда ұсынған мәліметіне қарағанда, бірінші кезекте, микроқаржы ұйымдарындағы тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу қажет. Микроқаржы ұйымдары тап болатын тәуекел бейіндерін, сондай-ақ олардың осы тәуекелдерді дұрыс басқару қабілетін дәйекті бағалауға назар аудару маңызды. Осындай шектеулі қадағалау ресурстарын тиімді бөлуге мүмкіндік беретін өзін-өзі реттеу институтын енгізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Агенттік мәлімдемесінде халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, тәуекелдерді басқару жүйесіне реттеушілік есептілікті бақылау, азаматтардың шағымын қарау, тексеру жүргізу және активтері аз субъектілерге қатысты лицензияларды қайтарып алуға бастамашылық жасау өкілеттіктері берілуі мүмкіндігі айтылған.
Сонымен бірге, кейбір МҚҰ-лардың екіншідеңгейлі банкке айналуы туралы да арагідік айтылып қалады. Бұл үдеріс бәсекелестікті дамытып, тұтынушылар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырары сөзсіз дейді мамандар. Қалай болғанда да, қаржы саласындағы кедір-бұдырдың жойылуы маңызды. Несие халықты тұралататын емес, оңалтатын құрал болса игі. Сондықтан қаржы нарығындағы микроқаржы ұйымдарының қызметтері әрдайым Үкімет назарында тұруға тиіс деп санайды сарапшылар.