Ішкі істер министрлігі өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып жүрген бір топ адамға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
WhatsApp желісінде өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып жүрген бір топ адам үй-үйді аралап жүргені туралы хабарлама тарап жатыр. Олар алдағы халық санағы алдында барлығында жарамды жеке куәлігі бар-жоғын тексеру керек екенін алға тартады. Бұл ретте олар Ішкі істер министрлігінің рәміздері бар құжаттар мен бланкілерді ұсынады.
«Олар жалған форма киіп алып, үйлерді аралап, ұрлыққа түседі. Бөтен адам үйіңізге келіп: «Мен сіздің фотосуретіңізді/саусақ ізіңізді қандай да бір схеманың бөлігі ретінде алуым қажет» деп айтуы мүмкін. Оларда ноутбук, биометриялық құрылғы және азаматтардың аты-жөні жазылған тізім бар. Олар тізімді көрсетіп, жоғары айтылған ақпарттарды алуға тырысады», делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мұндай тексеріс жүргізбейді.
«Мұндай алаяқтық фактілері республика аумағында тіркелген жоқ. ІІМ жеке куәліктерін тексеру, суретке түсіру және саусақ іздерін алу мақсатында тұрғындар арасында тексеріс жүргізбейді. Қылмыстық Кодекстің 274-бабына сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні туралы ескертеміз», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды қырағы болуға және жеке деректер туралы ақпаратты бейтаныс адамдарға бермеуге шақырады.