• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Мамыр, 2024

Паралимпиадалық боччадан ел чемпионаты басталды

103 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев паралимпиадалық боччадан жыл сайынғы республика чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан жарыста жекелей сыннан бөлек, алғаш рет командалық және жұптық сайыстарда жеңімпаздар анықталады.

Қатысушыларға сәттілік тілеген Мәулен Әшімбаев боччадан спортшыларымыздың шеберліктері шыңдалып, сенімділіктері күшейіп, ірі жеңістерге құлшынысы артып келе жатқанын атап өтті.

«Жуырда Финляндияда өткен жарыста ұлттық құрамамыздың мүшелері Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова, Александр Құрмантаев алғаш рет қола медаль жеңіп алды. Бұл – жыл өткен сайын спортшыларымыздың кәсіби деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Аз уақыт ішінде аталған спорттан жарық жұлдыздарымыздың шыққанына және әр жарыс сайын қатысушылар қатары көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Баршаңызды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Қазақстанда инклюзияны дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Жетістіктеріміз – осындай қолдаудың және үлкен команданың бірлескен жұмысының нәтижесі», деген Мәулен Әшімбаев спортшыларға, олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларға алғыс білдірді.

Айта кетсек, Финляндияның Лахти қаласында өткен сайыста Қуаныш Асқарбеков жекелей сында қола медаль олжалады. Сондай-ақ командалық жарыста да Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова, Александр Құрмантаев үздік үштіктен көрінді. Одан бөлек, жекелей сында Итиана Шыңғысханова – төртінші, Меруерт Тілебалды – бесінші, Балжан Бөлекпаева – алтыншы, Темірлан Алтынсары сегізінші орын алғанын атап өткен жөн.

«Соңғы жылдарда елімізде бочча қарқынды дамып келеді, тұрақты айналысатындар қатары шамамен 20 пайызға артып отыр. Бұл – ерекше қажеттілігі бар мыңдаған азаматқа спортпен шұғылдануға, жаңа достар табуға және халықаралық ареналарда үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады. Боччаның осылай кеңінен танылып, жаңа қозғалысқа айналып келе жатқанына қуаныштымын. Бұл ретте сіздер үлкен үлгі көрсетіп келесіздер», деді Федерация Президенті.

Былтыр ел чемпионатына 10 өңірден 50-ге жуық спортшы келсе, биыл 12 өңірден 89 спортшы қатысуға өтінім берген. Қазіргі уақытта 10 облыста бочча федерациясы филиалдары жұмыс істейді. Ал, 12 өңірде бочча үйірмелері бар.

Сонымен қатар, бүгін Федерация конференциясының кезектен тыс отырысы өтті. Онда қатысушылар инклюзивті спорт түрлерін одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде жаттығу базасын дамыту, қаржыландыру, спортшылар арасында бәсекелестікті арттыру, тәжірибе жинақтау және тағы басқа басымдықтарды талқылады.