• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Балалар 28 Мамыр, 2024

Жаз жайнатып, күн күлдіріп...

134 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының 376 мектебінде 2023-2024 оқу жылы аяқталып, 122 мыңнан астам оқушы демалысқа шықты. Соның ішінде 6 411 түлек мектеп бітірсе, 10 540 оқушы 9-сыныпты тәмамдады.

«Биыл мектеп бітіруші түлектердің 233-і «Алтын белгіге», ал 328 оқушы «Үздік аттестат» алуға үміткер», дейді об­лыс­тық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева. 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 5 627 оқушы қатысуға ниет білдірген. Түлектерге аттестат табыс­тау рәсімі «Жолың болсын, жас түлек!» деген атаумен 14 маусым күні өтеді.

Өңірде оқушылардың жазғы демалысын, бос уақытын ұйымдастыру және сауықтыру мақсатында әдеттегідей кешенді іс-шара жоспарланған. Жазғы лагерлердің күнтізбелік жоспары мен бағдарламасы әзірленді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары лагерлерді аралап, дайын­дығын тексеріп жатыр. Жазғы демалысты ұйымдастыру, балаларды сауықтыру және жұмыспен қамту мәселелері бойынша білім бөлімдерінің жауапты мамандары, қала сыртындағы лагерь басшылары бас қосып, семинар-кеңес өткізді. Білім басқармасы алдағы жазда 106 935 оқушы немесе барлық шәкірттің 94,7%-ы демалыс­пен, жұмыспен, сауықтыру шараларымен қамтылады деп отыр.

– Биыл жазда өңірде 619 лагерь жұ­мыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Оның 18-і – қала сыртындағы лагерь, 268-і – мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылатын лагерь, 327-сі – мектеп жанынан ас берілмейтін лагерь және бейіндік алаңдар, сондай-ақ 6 шатырлы лагерь болмақ, – дейді Айгүл Әділгерейқызы.

Облыста жетім және ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған отбасынан шық­қан және аз қамтылған отбасынан шық­қан балалар толығымен, мүмкіндігі шек­теулі балалардың 94%-ы, девиантты мінез-құлықты оқушылардың 98,2%-ы жаз­ғы демалыспен тегін қамтылғалы отыр.

«Өңірде 109 494 оқушы жұмыспен қамтылады», дейді басқарма басшысы. Соның ішінде 15 640 оқушы еңбекпен, 6 101 оқушы туристік саяхатпен, 53 851 оқушы шығармашылық, 33 163 оқушы интеллектуалдық, 739 оқушы халықаралық іс-шаралармен қамтылмақ.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры биыл дарынды ауыл балаларының интел­лектуалдық, шығармашылық қабі­летін жетілдіру және қолдау көрсету мақ­сатында «QH Жаздық жолдама» қайы­­рым­дылық жобасын бастаған екен. Осы жоба аясында 5-8-сыныпта оқи­тын ауыл бала­ларын сауықтыру үшін 829 оқушыға квота берілген. «Қазір да­йын­дық жұмысы жүріп жатыр», дейді Айгүл Әділгерейқызы.

Биыл Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған орай тасқынн­ан зардап шеккен отбасының 183 баласы сәуір айында түрлі сауықтыру лагерлерінде демалып қайтты.

Оқу-ағарту министрлігі бекіткен квотаға сәйкес «Балдәурен» респуб­лика­лық оқу-сауықтыру орталығының филиал­дарына су тасқынынан зардап шеккен 160 оқушы мамыр айында сауық­ты­руға жіберілді.

Бұдан басқа су тасқынынан зардап шеккен отбасының балалары аудандық, қалалық, қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлермен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ басқа өңірлердегі, мысалы, Бурабай лагеріне және Астана, Түркістан қалаларына экскурсияларға жолдама беру қарастырылған.

– Өңірдің білім саласында қолға алын­ған инфрақұрылымдық жобалар аз емес. Оқу жылы аяқталысымен, мамыр айының аяғын­да 4 білім беру ныса­нының күрделі жөн­деу жұмысын бастаймыз. Облыс бо­йын­ша қазіргі таңда 8 мыңнан астам бала­ны қамтитын барлығы 12 мектептің құры­лысы жүріп жатыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарым­бетов.

Айта кетейік, биыл өңірдегі іргелі білім ордаларының бірі – дарынды бала­ларға арналған С.Сейфуллин атын­дағы №11 мектеп-интернаты ғасырлық мерейтойын, Дина Нұрпе­йісова атындағы музыка мектебі – 90 жылдығын атап өтіп жатыр. Осыған орай бұл мектептердің ғимараты жазда күрделі жөнделетін болды. Сондай-ақ Орал қаласында 1 800 бала оқып жатқан №17 мектеп пен Құрылысшы шағын ауданындағы 2 мың бала білім алатын №9 мектеп ғима­рат­тарына да күрделі жөндеу жасалады. Бұл жұмыстар ҚПО компаниясының әлеуметтік инвестициялары есебінен жүзеге асырылмақ.

«Бұған қоса Жаңақала ауданындағы Кармановка мектебін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуге қаржы бөлінді. Ал Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық қанатқақты жобасы аясында өңірде 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр», дейді Бақытжан Хаберұлы.

Осының ішінде 3 мектеп Орал қала­сында салынады. Олар – Балауса шағын ауданында 1 500 орындық, Деркөл кентінде 1 500 орындық, медколледж аумағында 600 орындық мектеп. Ақсай қаласында да 300 және 900 орындық екі мектеп салынады. Бөрлі ауданының Пугачев ауылында – 300 орындық мектеп, Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылында – 600 орындық, Достық ауылында – 1 200 орындық мектеп салынады. Теректі ауданына қарасты Подстепное кентінде 1 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен Орал қаласында 400 орындық №31 мектеп құрылысы басталып кетті.

Бөрлі ауданының Жарсуат ауылында, Қазталов ауданының Саралжын ауылында ҚПО компаниясының әлеуметтік есебінен шағын жинақты мектеп құры­лысы жүріп жатыр. Қыркүйек ауылында алғашқы қоңырау соғылмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы