Биыл Керекудің орта мектептерінен 4 322 түлек қияға қанат қақты. Түлектердің шамамен 84 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп күтіліп отыр.
Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңірінде 360 мектеп бар, оларда жалпы саны 116,1 мың оқушы білім алып жатыр. 9-сыныпты барлығы 10 778 оқушы бітірсе, 11-сынып түлектерінің саны – 4 322 бала. Мемлекеттік мектеп бітіру емтихандары 28 мамыр мен 11 маусым аралығында бес пән бойынша өтеді. Ал негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуді 16 мамыр мен 5 шілде аралығында электронды форматта Ustudy Тестілеу орталығының екі пункт базасында (Павлодар және Екібастұз қалаларында) өткізу жоспарланған. ҰБТ-ға 3 647 (84,3 пайызы) түлек қатысады.
Білім беру басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, соңғы 3 жылда 11-сынып бітірген 9 891 түлек немесе 77,2 пайызы жоғары оқу орындарына түскен. Оның ішінде 9 553 түлек тегін білім алып жатыр. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранты бойынша түскен түлектер саны 6,3 пайызға артқан. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 2 372 (18,5 пайыз) адам оқуға қабылданған.
Өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова атап көрсеткендей, кейінгі бес жылда Павлодар облысында мектеп бітіргендердің 83 пайызы ҰБТ тапсырған. Жыл санап олардың үлесі көбейіп, былтыр тіпті 89 пайызға жеткен. Бұрындары Ресеймен шекаралас аудандардың балалары оқу бітіре сала көрші елдің жоғары білім орындарын жағалап кететін. Бұл теріс үрдіс кейінгі жылдары төмендеп келе жатқаны байқалады.
– Еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіргендер санының оң динамикасы байқалып отыр. Кейінгі 5 жылда 16 498 (81,8 пайыз) түлек қазақстандық білім ұйымдарына оқуға түсті. Осы уақыт аралығында 2 839 түлек шетелде білім алуды таңдаған. Ал Ресей университеттері мен колледждеріне кейінгі жылдары 2 386 жас құжат тапсырған. Атап айтқанда, Железин, Шарбақты, Тереңкөл, Успен, Ертіс аудандары бойынша әлгіндей жастар азаймай тұр. Кейінгі жылдары мемлекеттік білім беру гранттары мол бөлініп жатыр. Жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға, оның ішінде көпбалалы немесе толық емес отбасылардағы балаларға арналған квоталар саны артып келеді. Сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға ректорлық гранттар, қалалар мен аудандар әкімдерінің гранттары, Қазақстан халқына қорының гранттары бөлінеді, – дейді С.Қадырова.
Атап өтерлігі, биыл жазғы кезеңде облыс бойынша 109 мыңнан астам оқушы демалыспен және жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 209,8 млн теңге бөлінді. Жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік отбасылардан шыққан 12 мыңнан астам бала дема-лады. Өңірде балалардың демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін барлық мекеменің мүмкіндіктері мен әлеуетін жұмылдыра отырып, кешенді түрде шаралар қабылданып жатыр.
Білім беру басқармасының дерегінше, 1 маусымнан бастап өңірде 782 мектеп жанындағы, қала сыртындағы және бейінді лагерлер ашылады. Бұған қоса «Ұлы дала кереметі» жобасы бойынша 1000 бала тарихи және киелі жерлерге саяхат жасайды. Баянауыл ауданында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Қ.Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты тақырыптық ауысымдар, «Дана мұрасы» экспедициялық жасақтардың слеті жоспарланған.
Павлодар облысы