«Таза Қазақстан» акциясында Ертіс-Баян өңірінің халқы белсенділік көрсетіп отыр. Әр аптада өткізілген тазалық, экологиялық іс-шаралар аясында елді мекендер абаттандырылды. Акция барысында облыстың елді мекендерінде жалпы саны 26,7 мың көшет егілген.
Ел үлкендері мен жастар елді мекендерді көгалдандыруға жерлестерін шақыра отырып, алдағы уақытта ағаш егу игі дәстүрге айналса деген ниетін жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңірдегі экожүйені жақсарта түсу осындай шағын қадамдардан басталады.
Алғашқы аптада «Берекелі өлке» атауымен коммуналдық қызметтер мен ұйымдар елді мекендердің аумағын тазалады. 510 шақырым көшелер мен тротуарлар ретке келтірілді, 3 200-ден аса жол белгілері, 669 аялдама павильондары және 198 бағдаршам нысандары сырланды, жол бойындағы 350 құдықтың қақпағы қалпына келтірілді.
Бұдан соң «Менің аулам – менің бағым» апталығы бойынша аулаішілік аумақтар ретке келтірілді. 1 340 аула мен балалар ойын алаңдары, 1 168 қоқыс контейнері және 2 963 қоқыс алаңы жиналды. 189 ескерткіш ретке келтірілді.
– Біздің аймақтың тұрғындары «Жасыл аймақ» апталығына да белсене қатысты. Облыстың елді мекендерінде 26,7 мың көшет отырғызылды. «Табиғатты қорғау – адамның борышы» апталығында рұқсат етілмеген полигондар мен ластанған учаскелер жойылды. 32,4 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, – деп атап өтті өңірлік Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Теміртас.
Павлодар қаласының әкімдігінен хабарлағандай, Ертіс өзені жағалауындағы «Қазқонақ» табиғи ескерткіші маңында қарағай мен шырша ағашының 300 көшеті, Назарбаев интеллектуалдық мектебінің гүлбағында әртүрлі ағаштардың 150 данасы егілген. Ал қаланың жасыл белдеуіне, яғни Фрегат-1 бағбаншылығы мен «Қазақстан алюминийі» АҚ аралығына бүгінде 4 500 тал отырғызылған.
Экологиялық айлыққа барлығы облыста 107 мыңнан аса тұрғын, 3,2 мың шаруашылық жүргізуші субъекті, кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, пәтер иелерінің кооперативтері жұмылдырылған. Үй аулаларынан 54,2 мың тонна қоқыс шығарылған. Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың мердігерлік ұйымдары елді мекендердің санитарлық жағдайын қолдау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Павлодар облысы