С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ветеринарлық және мал шаруашылығы факультетінің базасында университет басшылығы мен Қытай Халық Республикасы делегациясының іскерлік кездесуі өтті.
Кездесудің мақсаты – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан – Қытай бірлескен зертханасында Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Харбин ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты арасындағы ортақ зертхана бойынша өзара ынтымақтастықты талқылап, бірлесіп өсіретін ауылшаруашылық өнімдерінің саудасын өрістету.
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Харбин ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты ерекше атап өткіміз келеді. Университетімізде биологиялық қауіпсіздік бойынша Қытай – Қазақстан бірлескен зертханасын аштық. Харбин ветеринарлық институтының профессорлары – докторанттарымыздың ғылыми жетекшілері. Қытай мен Қазақстан үшін өзекті «Жануарлардың трансшекаралық ауруларының алдын алу және бақылау бойынша бірлескен зерттеулер» халықаралық жобалары, «Бір белдеу, бір жол» технологиялық ынтымақтастық платформасын құру жүзеге асырылып жатыр. Біздің университет пен Харбин ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты екі ел президенттерінің ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған саясатын жүзеге асыру мақсатында бірлескен халықаралық іс-шараларды табысты жүзеге асырады деп сенеміз. Біз оқу орындарымыздың арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарды бірлесіп талқылауға дайынбыз», деді Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің операциялық қызмет бойынша проректоры Сапархан Омаров.
Қытай Халық Республикасының Ғылым және технологиялар вице-министрі Чэнь Цзячанның айтуынша, екі ел арасындағы қатынастар қарқынды дамып жатыр, әсіресе ауыл шаруашылығы саласы бойынша.
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне жолым түскеніне қуанып отырмын. Заманауи корпустарыңыз көз тартады. Екі ел басшыларының тиімді саясатының арқасында Қытай – Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып жатыр. ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен Қазақстанмен арадағы іскерлік, сауда-саттық сынды маңызды жобалар қолға алынды. Соның бірі – С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ мен Қытай ауылшаруашылық ғылымдары академиясының Харбин ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты арасындағы іскерлік байланыс. Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан – Қытай бірлескен зертханасының ашылуы – осы бағыттағы жұмысымыздың жемісі. Мен Ғылым және технологиялар вице-министрі болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласына байланысты басымдықтардың болашағына зор үмітпен әрі сеніммен қараймын», деді ол.
Шетелдік делегация мүшелеріне Биологиялық қауіпсіздік бойынша бірлескен Қытай – Қазақстан зертханасы таныстырылды. Сондай-ақ жануарлар мен құстардың жұқпалы ауруларын зерттеу және диагностикалау, жем мен сүтке зоотехникалық талдау жасау мақсатында Қазақстан – Қытай бірлескен биологиялық қауіпсіздік зертханасы құрылды. Бұл зертханада докторанттар мен магистранттар диссертация тақырыбы бойынша эксперименттік зерттеулерін жүзеге асырады. Сонымен қатар мұнда студенттер бекітілген дипломдық жұмыс тақырыптары аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Таныстырылымнан кейін сөз алған Қытай Халық Республикасы Ғылым және технологиялар министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ван Сяо Сейфуллин университетінің ғалымдарын Қытайдағы білім ордаларынан тәжірибеден өтуге, студенттер мен магистранттарды дуальдық оқуға шақырды.