Адам ұялса, қызарады дейміз. Ал Францияның ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қоршаған орта ұлттық ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үй тауықтары ашудан, қуаныштан және басқа да эмоциялардан қызарып кететінін анықтады.
Аталған зерттеу «Applied Animal Behavior Science» ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдар суссекс тұқымын таңдап алған. Құстар Луара аңғарындағы фермада үш апта бойы бақылауда болған.
Зерттеушілер эксперимент кезінде түсірілген тауықтардың 18 мың фотосуретін таңдады. Терінің қызару деңгейін талдау үшін материалдарды бағдарламаға жүктеген.
Нәтижесінде, тауықтар дәмді тағам бергенде аздап қызаратынын, ал жағымсыз оқиғалар туындаса (мысалы, тауықты қусаң), бет терісі қызыл түске боялатыны анықталған.
Ғалымдардың пікірінше, тауықтардың қызаруы туралы ақпарат олардың эмоционалдық күйін жақсы түсінуге, жағдайын бағалауға да мүмкіндік береді.