• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Мамыр, 2024

Бензин мен дизель отыны өндірісі төмендеді

119 рет
көрсетілді

2024 жылдың қаңтар-сәуір аралығында бензин өндіру 1,7 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға аз, деп  хабарлайды Egemen.kz. 

Дизельдік отын өндірісі 5,5%-ға, 1,6 млн тоннаға дейін қысқарды. Бір қызығы, бұған дейін бензин өндірісі сегіз жыл қатарынан, ал дизельдік отын үш жыл қатарынан өскен.

Бензин мен дизель отынын өндірудің ең көп көлемі Павлодар мұнай-химия зауыты бар Павлодар облысында тіркелді: 579,8 мың тонна бензин және 677,5 мың тонна дизель отыны және ПҚОП орналасқан Шымкентте бензин өндірісі 542,3 мың тоннаны, ал дизельдік отын 366 мың тоннаны құрады. Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейтін Атырау облысында 525 мың тонна бензин мен 537 мың тонна дизель отыны өндірілген.

Қазақстан іс жүзінде бензин мен дизель отынын экспорттамайды. Осы жылдың қаңтар-наурыз аралығында бензин импорты жалпы ресурстардың 0,02 пайызын ғана құрап, экспорт болған жоқ. Дизель отыны импорты 0,8%, экспорт 0,4% құрады.

Айта кетейік, отандық тұтынушылардың тапшылығынан қорғау үшін Қазақстаннан жанар-жағармай экспортына заңмен тыйым салынған.

Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында ішкі нарықта бензин мен дизель отынын сату көлемі әрқайсысы 1,3 миллион тоннаны құрады. Бір жылда бензин сату 4,4%-ға, дизельдік отын сату 1,7%-ға өсті.

Ал сәуір айында Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин литрінің орташа құны 202 теңге, АИ-95/96 – 252 теңге, АИ-98 – 291 теңге болды. Жазғы дизель отынының бір литрі 293 теңге, қысқысы 543 теңгені құрады.

2024 жылдың сәуір айының соңында бензин бағасы бір жылда 3,5%-ға өсті, ал дизель отынының құны 0,8%-ға төмендеді. Бағаның ең көп жылдық өсуі АИ-98 бензинінде байқалып, 20,1%-ға баға өсімі жоғарылады. АИ-95/96 маркалы бензин 16,1%-ға, АИ-92 маркалы бензин 1,5%-ға қымбаттады.

 

Алтынай АБДЫШ,ЕҰУ студенті