• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 28 Мамыр, 2024

Сенаторлар фермерлердің мәселелерін шешу жолдарын ұсынды

104 рет
көрсетілді

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану, ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары  бірнеше министрліктердің және Түркістан облысы әкімдігі өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция министрліктері өкілдерімен және аталған облыс әкімдігі қызметкерлерімен кездесуде сенаторлар комитеттің агроөнеркәсіп бойынша Түркістан облысында өткен көшпелі отырыс қорытындыларын талқылады.

Сенаторлар көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша анықталған проблемаларды шешу жөніндегі ұсынымдар топтамасын әзірледі. Атап айтқанда, эрозияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру бойынша жол картасын әзірлеу, фермерлердің геоботаникалық және топырақ зерттеулерінің нәтижелеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит және цифрландыру жүргізу ұсынылды.

Сенат депутаттары агроөнеркәсіп секторындағы ахуалды жақсарту және су ресурстарын басқару үшін субсидияларды нысаналы пайдалануға тоқсан сайын мониторинг жүргізу, қолайлы инвестициялық орта құру, заманауи зертханалар санын ұлғайту және фитосанитариялық және ветеринариялық бақылауды күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ жылыжайларды жылытуға және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін арттыруға арналған шығындар бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қарастыру ұсынылады.