Алматыда Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай еске алу шаралары өтті. Батыр тұрған үйдегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қоюмен басталған салтанат 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында жалғасын тапты.
Ерен тұлғаны еске алу жиынына әскери саланың ардагерлері, әскери оқу орындарының курсанттары мен қайраткердің туыстары қатысты. Ең әуелі жиылған жұртшылық Армия генералын бір минут үнсіздікпен еске алып, сарбаздар салтанатты маршпен жүріп өтті. Ескерткіш тақта алдында шәкірттері сөз сөйлеп, батыр рухына құрмет көрсетті.
– Өмірден көшсе де, көңілден өшпейтін адамдар болады. Сағадат Нұрмағамбетов те дәл сондай, ешқашан ұмытылмайтын алып тұлға. Ол – соғысты басынан өткерді, тағдырдың талай тар соқпағынан өтті. Бірақ соған қарамастан, нағыз әскери маманның үлгісі бола білді. Қол астындағылардың бәріне қамқорлық танытып жүретін, адамгершілігі, кісіге деген құрметі мол жан еді, – деп алды отставкадағы генерал-майор Павел Новиков.
Офицерлер одағы бірлестігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен қала тұрғындары мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Сағадат Нұрмағамбетовтің өмір жолына қатысты мол мағлұматқа толы бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды. Ғибратты ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған тұлғаның мерейтойы жыл көлемінде тойланады. Жыл басынан бері Алматыда батырдың 100 жылдығына арналған бірнеше спорттық және әскери шаралар өтті.
– Тарихты жасайтын тұлғалар. Әрбір саланың көшбасында кәсіби білігі, білімі мен танымы ұшқыр азаматтар жүрсе игі. Сағадат Нұрмағамбетовтің біліктілігінің, қырағылығының арқасында елімізде армияға қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Өз ісінің хас шебері болғаны сол, ол тіпті полк командирлерінің тегін жатқа білетін. Әскери саланың әлеуетін көтеруге, қазақ армиясының қуатты күшке айналуына қажырлы үлес қосқан қаһарманды кейінгілер ұмытпауға тиіс, – дейді отставкадағы генерал-майор Махмұт Телеғұсов.
АЛМАТЫ