• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 29 Мамыр, 2024

Алматыда «Цзянсу суының әуені» атты конференция өтті

115 рет
көрсетілді

«Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында алғаш рет Алматыда «Цзянсу суының әуені» атты мәдениет пен туризмді ілгерлету конференциясы өтті. Оған Цзянсу өлкесінің Мәдениет және туризм департаменті директорының орынбасары Ма Лун, Қытайдың Алматыдағы Бас консульдігінің Бас консулінің орынбасары Люй И және Алматы облысының Туристік ақпараттық орталығының директоры Марат Көшер арнайы келді.  

Сондай-ақ Қазақстан туристік қауымдастығының төрағасы Рашида Шәйкенова, «Туризм индустриясының ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Раушан Шәміл, «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайының» директоры Рашида Харипова, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары Мөлдір Бигелдиева және басқа да мәдениет және туризм саласындағы қайраткерлер қатысты.  

Мәдени іс-шара Цзянсу өлкесінде көп айтылатын «Жасмин» әнімен басталды. Қазақстанның ұлттық музыка аспаптары мен Цзянсудың нәзік, сырлы, әуезді әуенінің үйлесімі ерекше әсер сыйлады.

«Си төраға «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жайында алғаш рет дәл осы жерге – Қазақстанға келген сапарында айтты. Ал Цзянсу болса, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен Теңіз Жібек жолының тоғысында орналасқан, Қытайдың шығысындағы, теңіз жағасындағы өлке. «Су және мәдениет» – Цзянсу   өлкесінің айқын сипаты. Су мен мәдениеттің үйлесімі Цзянсудің ғажайып табиғатын, тіл үйірер тағамдарын, соны мәдениеті мен әдемі өмір салтын қалыптастырды.  Бүгінгі конференция Цзянсу өлкесі мен Қазақстан арасында мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге ықпал етеді», деген Цзянсу өлкесінің Мәдениет және туризм департаменті директорының орынбасары Ма Лун сөз соңында «Цзянсу суының әуенін» тыңдап, құлақ құрышын қандыру үшін Қазақстандағы достарын Цзянсуға шақырды.  

Қытайдың Алматыдағы Бас консульдігінің Бас консулінің орынбасары Люй И өз кезегінде «Цзянсудың бірегей географиялық орны ерекше мәдениет қалыптастырғанын, екі ел арасында қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын» айрықша атап айтты.

Қытайдың Алматыдағы Бас консульдігі екі елді жалғастырушы көпір болып отыр. Әсіресе,«Қазақстандық туризм жылы» аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты арттыруға, бірлескен мәдени және туристік алмасуға ерекше қолдау көрсетуде.

Конференцияда сөз алған Алматы облысының Туристік ақпараттық орталығының директоры Марат Көшердің мәлімдеуінше, Цзянсу өлкесі Мәдени және туристік басқармасы өкілдерінің елімізге арнайы ат басын бұрып келуінің маңызы зор. Әсіресе, Қытай мен Қазақстан арасындағы маңызды оқиғаларды ескергенде: 2024 жыл Қытайда «Қазақстандық туризм жылы» деп жарияланып отыр. Бұл тараптар арасындағы ынтымақтастықты және тәжірибе алмасуды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Цзянсу – сұлу табиғатқа, ежелгі сәулетті құрылыстарға және ғажайып тарихи мәдениетке бай өлке. Алматы облысы болса, асқар тауларымен, мөлдір көлдерімен және тарихи ескерткіштерімен тартымды. Екі өлкенің келбеті ұқсамағанымен, ерекше көріктілігі жағынан бір-бірінен кем түспейді. Екі тарап та мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтайды. Сондай-ақ тұрақты дамуды да аса бағалайды. Бұл Мәдениет және туризм индустриясының дамуына елеулі ықпал етпек. Нәтижелі әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты ұдайы арттырып отыру үшін екі тарап та күш-жігерін аямайды деп сенеміз», деді Марат Көшер.

Екіжақты басқосу аясында Цзянсудың мәдени және туристік өнімдері таныстырылды. Қонақтарға Цзянсудың 4 қыры – бүкіләлемдік мұрасы, ежелгі қалалары, материалды емес мәдени мұралары, ұлттық тағамдары мен белсенді демалыс орындары көрсетілді.

«Биылғы жыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы болып жарияланды және қазіргі уақытта екі ел арасында өте тығыз қарым-қатынас орнатылуда. Визасыз режим біздің Президенттер екіжақты келісімге қол қойған 2023 жылдың 2 қарашасынан бастап күшіне енді. Осылайша, туризмнің дамуы қазір жақсы дамып келеді. «Бір белдеу және бір жол» жоспарының арқасында біз Ұлы Жібек жолын бірге дамытамыз деп сенеміз. Бүгінгі танысуды тыңдағаннан кейін Цзянсу провинциясы жергілікті пейзаждар өте әдемі және мәдени туристік ресурстарға бай екеніне көз жеткіздік. Біз бұл сұлулықтарды көзбен көру үшін Цзянсуға баруымыз керек», деді Қазақстан ұлттық туристік индустрия қауымдастығының президенті Раушан Шәміл.

Цзянсу өлкесінің туристік индустриясының өкілі ретінде CITS ЖШҚ (Цзянсу) қазақстандық STEPSKY туроператорымен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасады. Туризм нарығын бірлесе дамытуға уағдаласты.

Іс-шарада Цзянсудың нақышты оймалары мен материалды емес мәдени мұрасы көрсетілді. Цзянсу өлкесінің Көркем өнер мұражайынан арнайы алдырылған мұралар қонақтарға ерекше әсер сыйлап, Цзянсу өлкесінің мәдениетін терең түсінуге мүмкіндік берді.

Цзянсу өлкесінің мәдениет және туризм департаментінің делегациясы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайын, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайын тамашалап, екіжақты келіссөздер жүргізді.

Алматы облысы