Қазақстан мен Қытай үкіметтері халықаралық автомобиль тасымалы көлемін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Еуропа бағытына арналған контейнерлік пойыздар тасымалын жетілдіруге білек сыбана кіріспек. Оған Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қабылданған бір-бірімен біте-қайнасқан үш ілеспе заң мүмкіндік бермек.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын Көлік министрлігі әзірлеген. Министр Марат Қарабаевтың айтуынша, еліміздің ірі сауда әріптестерінің бірі саналатын Қытаймен арадағы автокөлікпен жүк тасымалдау саласында жыл сайынғы өсу тенденциясы байқалып отыр.
– Мысалы, былтыр тасымал көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көбейіп, 1,8 млн тоннаны құрады. Қытай тарапымен қолданыстағы келісім 1992 жылы сол уақыттағы тасымал үдерісінің мүмкіндіктеріне сәйкес жасалған. Ал жаңа келісім ақпараттық технологияларды енгізуді, тасымалдар үдерісін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумағына автокөліктердің емін-еркін ішкерілей кіруін қарастырған. Осылайша, отандық автотасымалдаушылар жүк шоғырланатын ірі қалаларға, сондай-ақ Қытайдың халықаралық теңіз порттарына дейін бару мүмкіндігіне ие болады, – дейді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, келісімге сәйкес барлық тасымал рұқсат негізінде жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде қос тарап тасымалдаушыларына тасымал паритетін сақтауды реттеуге мүмкіндік береді.
– Келісімді жүзеге асыру жолаушылар мен жүк тасымалының, сондай-ақ Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығының одан әрі дамуына өз ықпалын тигізетін болады, – деді М.Қарабаев.
Жалпы, осыған ұқсас келісім екі ел Үкіметінің арасында былтыр да жасалған еді. Зер салсақ, екі келісімнің де түп төркіні сонау тоқсаныншы жылдарға барып тіреледі. Дегенмен осы тұста биылғы жаңа келісімнің қандай айырмашылығы, артықшылығы бар деген заңды сұрақ туады.
– Ең алғашқы келісім осыдан отыз жылдай уақыт бұрын жасалған. Ол келісім де нақты жағдай ескеріліп, сол кезеңнің үдерістеріне негізделген еді. Ал қазіргі келісімшарттың екі ерекшелігі бар. Біріншісі – рұқсат беру құжатын толық цифрландыруға өткізу. Бұған дейін жылына екі елдің арасына тек 50 мыңдай ғана рұқсат беретін едік. Цифрлық жүйенің арқасында қазір өткізіп жатқан қанатқақты сынақ кезеңінде былтыр рұқсат құжатын 113 мыңға көбейттік, биыл 200 мыңға көбейтеміз. Осылайша, екі ел арасындағы тасымал көлемі төрт есеге артып отыр. Екінші ерекшелік – бұдан бұрынғы келісімге сәйкес, қос мемлекеттің жүк көліктері тек шекара маңындағы қалаларға ғана кіре алатын. Ал енді қазір біздің көліктер Қытайдың кез келген қаласына бара алады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Яғни өзіміздің тауар тасымалдаушылардың енді шығыстағы көршінің ірі порттарына тікелей кіріп-шығуына мүмкіндік туды. Оған қоса Қытай біздің аумақтағы Транскаспий көлік дәлізі арқылы өтетін болады, бұл біздің транзиттік әлеуетімізді өзгертеді. Ерекше айтып өтетін бір жайт, осы уақытқа дейін Қытай Халық Республикасы бірде-бір елге өз жеріне өзге ел көліктерінің емін-еркін кіруіне рұқсат етпеген. Мұндай мүмкіндік алғаш Қазақстанға беріліп отыр, – деген Марат Кәрімжанұлы бұл былтыр Мемлекет басшысының Сиань қаласына жасаған мемлекеттік сапары аясындағы келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асқанын атап өтті.
Ал Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту туралы келісім екі елдің аумағымен өтетін контейнерлік пойыздар арқылы экспорттық-импорттық, транзиттік тасымалдарды ұлғайту жайлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейді. Сондай-ақ жүк көлемінің болжамын жүргізіп, жылжымалы құрамды қадағалау деректерімен алмасуды реттейді.
Былтыр Дәліз арқылы тасымалдар көлемі 20,5 мың контейнерлік пойызды құраған. Алайда бұл 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға төмендеген. Десе де биылғы 4 айдың қорытындысымен 10,4 мың контейнерлік пойызды құрап, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға өсіп отыр.
Келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында Дәліз арқылы жүктерді тасымалдау жөнінде Бірлескен жұмыс тобы құрылады, ол жүк тасымалдаудың кепілді көлемдерін бекітпек.
Қазақ-қытай сауда-экономикалық әріптестігін нығайтатын тағы бір құжат – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Келісімнің мақсаты – Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мультимодальды тасымалдарды дамыту. Ол үшін автомобиль, теңіз және теміржол көлігі түрлерінің артықшылықтарын пайдалану ұсынылады, бұл Қазақстан мен Қытай аумақтары арқылы жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік бермек.
Өткен жылдың соңында Дәлізде жүк тасымалдау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 65%-ға өсті және 2,7 млн тоннаны құраған. Биылғы 4 айдың қорытындысына қарасақ, тасымал көлемі 1,4 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен.