• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Мамыр, 2024

Гендерлік саясат және әйел құқы

90 рет
көрсетілді

Халықаралық қауымдастық мойындаған Адам құқық­та­ры­ның жалпыға бірдей декларациясы, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою туралы конвенция, Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы конвенциясы мен бірқатар нормативтік-құқықтық актідегі әйел құқы мен гендерлік теңдікті орнатудың негізгі қағидаттарына шолуды ұсынамыз.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында барлық адам өзінің қадір-қасиеті мен құқығы бойынша еркін және тең болып туатыны, сондай-ақ ешкімді азаптауға немесе қатыгездік көрсетуге, адамгершілікке қарама-қайшы немесе оның қадір-қасиетін қорлауға, жазалауға болмайтыны көрсетілген. Кез келген адамның осы Декларацияда көрсетілген қандай да бір кемсітушіліктен қорғануға құқы бар. Құжатты қабылдаған, оны мойындайтын мемлекеттердің барлығы осы тұғырнамалық қағидаттарды ұстанады.

Гендерлік теңдік жөніндегі келесі маңызды халықаралық құжат ретінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою туралы конвенция танылған. Бұл Конвенцияға қосылған мемлекеттер келесідей міндеттемелерді орындауға жауапкершілік алады:

Жоғарыдағы Декларация, Конвенция қатарын толықтыратын Еуропа кеңесі қабылдаған маңызды халықаралық құжат – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы конвенциясы. Конвенция зорлық-зомбылыққа қатысты қоғамда «нөлдік төзімділік» қағидатын орнатуға арналған.

Әр мемлекеттің даму ерекшелігіне, қоғамдағы дәстүрлеріне байланысты жергілікті деңгейде жекелеген заңнама актілері де қабылданып келеді. Мәселен, Үндістанда 2005 жылы «Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы» заң қабылданды. Атап айтқанда, Үндістанда сыйға тартылған жасау жеткіліксіз болған жағдайда күйеуі немесе оның туыстары арасындағы әйелді өлтіру фактілерінің көбейгені анықталған. Халықаралық факторлар арасында бұндай әрекеттер адамның негізгі құқы мен өмірі­нің құндылығын сақтамау деп бағаланады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – адам құқы мен бостандығын шектеу, гендерлік теңдік қағидатын бұзудың айқын көрінісі. Мәселен, ІІМ деректеріне сәйкес 2012-2022 жылдар аралығында полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 1 915 230 өтініш тіркелген, яғни 1000 адамның 10-ға жуығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырады деген сөз. Қазақстан қоғамдық даму институтының осы тақырыптағы ұлттық баяндамасында да заңнамалық және құқық қолдану сипатындағы халықаралық тәжірибеге назар аударылған. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және терапевтік сот төрелігі бойынша арнайы соттар (Дейд округі); дауларды шешудің балама тәсілдерінің моделі – жәбірленушілер мен құқық бұзушылар конференция­сы (VOC) немесе жәбірленуші мен қылмыскердің делдалдығы (VOM); Оңтүстік Африкадағы қалпына келтіру сот төрелігі бас­тамасы; ODARA тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалау жүйесі, Канада, Аустрия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінде тиімді қолданылатыны көрсетілген.

Бұл тақырыпқа қатысты әлемде терең талдамалық зерттеулер жүргізіліп келеді. Солардың бірі 2024 жылы 10-рет жария­ланып отырған Дүниежүзілік банктің «Әйелдер, бизнес және заң» (ӘБЗ) индексі 190 мемлекеттегі әйелдердің экономикалық мүмкіндігіне әсер ететін заң мен ережелерді талдауға негізделген. Зерттеу дерегіне сүйенсек, еңбек нарығын реттеу, бала күтімі, кәсіпкерлікті қолдау және әйелдердің қауіпсіздігі сияқты негізгі салалар артта қалып отыр. Жалпы, бүгінде осы индекс бойынша 100 ұпай жинаған мемлекет жоқ. Индекстің 3 негізгі өлшеміне сәйкес салыстырмалы түрде жақсы көрсеткішке ие 6 мемлекет бар (Канада, Франция, Германия, Ұлыбритания, Аустрия, Норвегия). Индекс алғаш рет гендерлік себептермен әйелді қасақана өлтіруді қылмыс (фемицид) деп санайтын жаһандық заңдарды қарастырды. Нәтижесінде, 190 елдің 29-ы ғана фемицидті қылмыс түріне жатқызады. Биыл осы есепте елімізде құқықтық шаралар – 70,0 ұпай, қолдау жүйелері 62,5 ұпай жинаған. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Еуропа мен Орталық Азиядағы құқықтық және қолдау құрылымы арасындағы алшақтығы аз мемлекет қатарына қосып отыр.

Біздің ел әлемнің дамыған елдерінің бірі болуға ұмтылады. Экономикалық жетістіктерден басқа дамы­ған елдер гендерлік теңдік факторын қамтитын өмір сапасы индексінің жоғары деңгейімен сипатталады. Қазақстан халық­аралық шарттардың қатысушысы болғандықтан, сәйкесінше өзіме бірқатар міндеттеме алған. Биыл 15 сәуірде Президент қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң – адамның, қоғамның іргелі құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, сақтауға, қорғау­ға, сондай-ақ мемлекетті демо­кра­тия­ландыруға бағытталған үлкен қадам. Бұл әйелдерге ерлермен тең құқық беру арқылы мемлекеттің теңдік және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Енгізілген түзетулер нәтижесінде еліміздегі отбасы және гендер саясатының жаңа парадигмасы қалыптасып жатыр деп түйіндеуге болады.

 

Әмина ҚУАНЫШБАЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы