Әйгілі Ақбауыр үңгірінен түстікке қарайғы жеке-дара жалаң төбе Қызылтас деп аталады. Төбе дейміз, биіктігі – теңіз деңгейінен 840 метр. Жуықта Ұлан ауданында жазғы туристік маусым ашылып, жүздеген саяхатшы Қызылтастың асқарына асықты.
Бұл күні Өскеменнен Қызылтасқа қарай іркес-тіркес шыққан көліктерде есеп болмады. Ұланда ұйымдастырылған «Altai fest – 2024» туристік маусымының ашылуына сонау Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларынан да саяхатшылар келді. Ауқымды іс-шараға қатысқан жұрттың бір тобы Қызылтас тауының ұшар биігіне көтерілсе, енді бірі етектегі концертті тамашалады, садақ тартып, сайысқа түсті. Жүйрік мініп, жазира далада жосқандар да жоқ емес.
Фестивальдың басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан іс-шараға биыл келген туристердің саны былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Нақтырақ айтсақ, Қызылтастың төңірегіне 400-ден аса адам жиналған. Айтып өткендей, туристік іс-шара тауға шығумен ғана шектелген жоқ. Баурайында ойын-сауық бағдарламалары да ойластырылған.
«Елдегі су тасқынына байланысты фестиваль уақыты шегерілді. Әйтпегенде, қатысушылар саны бұдан да көп болар еді. Алғашында 700 адам келеді деп жоспарлаған. Десе де, осындай турлар арқылы шығыстың туризмін дамытуға болады. Тау басына шығуға Өскеменнен ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларынан да қонақтар келді», дейді фестивальды ұйымдастырушы Мұхтар Тойбазаров.
Тау қателікті кешірмейді. Биіктік қараған көзге оңай көрінгенімен, тақтайдай жазық соқпақ жоқ. Сондықтан құтқарушылар алдын ала туристер жүретін тұстарға белгі орнатты. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Өтіп жатқан «Altai fest – 2024» туристік іс-шарасына облыстың бірқатар мекемесі, кәсіпкерлер демеушілік көрсетті. Құсбегі Бақытбек Манайұлы ұлттық рухты көрсетуге бүркітін көтеріп, Қасым Қайсенов кентінен келді.
Іс-шараның ең қызығы сол, әркімнің көкейінде тау басына кім бірінші шығады деген сұрақ тұрды. Етектен биікке асыққандар көп күттірген жоқ. Таудың төбесіне қара үзіп шыққан облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Әділхан Есімханов еді. Ал әйелдер арасынан Астанадан келген Айгүл Хасенова бірінші болды.
«Географтар 1 000 метрден асса ғана тау деп аталады дейтін. Бірақ кейбіреулер үшін бұл да биік болған сияқты. Мен алғашқы топтың біріне ілініп, тау етегіне дейін соңдарынан ілесіп отырдым. Ортан беліне жетпей, көбі демала бастады. Сол көтерілгеннен 8-учаскеге дейін тоқтамадым. Сосын соңымнан кімдер ілесіп келеді деп артыма бір бұрылып, 15 секундтай аялдадым. Содан тоқтамадым. Шамамен 22 минутта таудың биігінде тұрдым», дейді журналист әрі спортшы Әділхан Есімханов.
Ұйымдастырушылар бұл іс-шараны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр. Жылда мамырда өтетін болса, қатысушылар қатары әлі де артатын сияқты. Келер жылы Қызылтастың биігіне шығамын десеңіз, бүгіннен дайындала беріңіз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы