• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 30 Мамыр, 2024

Туризм саласындағы серпіліс

200 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес туристік бағыттар тізімінде нәтижеміз әжептәуір жақсарыпты. Жалпы 119 ел арасынан Қазақстан 52-орынға тұрақтады.

Осыған дейін индекс­те еліміз 117 мем­лекеттің арасында 66-орында болғанын айта кет­кеніміз жөн. Бағалау нәтижесіне кеңінен тоқталсақ, елдің туризмі бәсекеге қабілеттілік жағынан 2-сатыға жайғасыпты. Туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсе­рі жағынан бестікте болса, денсаулық сақтау және гигиена бойынша 23-орында. Бұған қоса табиғи және мәдени ресурстар, адами капитал мен еңбек нарығы, туристік инфра­құрылым мен сервис санаттары бойынша жоғары баға алған. Тізім бойынша еліміз Әзер­байжан, Өзбекстан, Қырғыз­станнан алға шығып, Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр.

Былтыр елдегі 19 курортты аймақта 3,8 миллионнан аса турист демалған. Бұл көр­сеткіш алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 311 мың адамға өскен. Нә­тижесінде, курортты аймақ­тардағы қонақүйлер былтыр 130 млрд теңгеден аса табыс тапқан. Туристер арасында Алматы тау кластері ең танымал орындардың бірі саналады. Былтыр бұл курортты аймаққа 2,3 миллионнан аса адам саяхаттаған. Сол секілді былтыр Маңғыстау курортты аймағына 356,2 мыңнан аса адам барса, Щучье-Бурабайда 305,4 мың, Абай облысының Алакөл көл жағалауында 205,8 мың қонақ демалған.

Туризм және спорт министр­лігі Туризм индус­триясы коми­тетінің төрағасы Нұртас Кәріп­баевтың айтуынша, турис­терді қабылдау шарттарын жетіл­діруге көңіл бөлінген. Бұл да болса, елге туристердің көптеп келуіне септессе керек.

«Жыл сайын елдегі курортты аймақтарда демалатын туристер саны артып келеді. Бұл аталған аймақтардың тар­­тымдылығын және елі­міз­дің туристік әлеуетіне қы­зығу­шы­лық артқанын аңғар­тады. Біздің мақсатымыз – әрбір қонақ еліміздің ыстық ықыласы мен қонақжайлығын сезінуі үшін туристерді қабылдау шарттарын одан әрі жетілдіру», дейді Н.Кәріпбаев.