Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы келесі айда екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Нақтылап айтсақ, 7 маусымда Армениямен, 11 маусымда Әзербайжанмен шеберлік байқасады.
Ұлттық командамыздың бас бапкері Магомед Адиев аталған матчтарда мына ойыншыларға сенім артып отыр: Қақпашылар – Игорь Шацкий («Ақтөбе»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Александр Заруцкий («Астана»); Қорғаушылар – Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров («Астана»), Еркін Тапалов, Роман Асранқұлов, Руслан Валиуллин («Тобыл»), Сергей Малый, Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Әділхан Добай («Жетісу»), Нұрәлі Әліп («Зенит», Ресей), Александр Зуев («Арсенал», Ресей); Жартылай қорғаушылар – Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен («Ордабасы»), Максим Самородов, Рамазан Оразов, Арман Кеңесов («Ақтөбе»), Исламбек Қуат («Астана»), Әділет Садыбеков («Қайрат»), Ислам Чесноков («Тобыл»); Шабуылшылар – Рамазан Кәрімов, Елхан Астанов («Астана»), Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия).
Жерлестеріміз Арменияға қарсы Ереванда ойнаса, Әзербайжан құрамасымен бәсеке Мажарстанның Сомбатхей қаласында өтеді. Бұл кездесулер биылғы күз айларында жалауы желбірейтін жауапты жарыстарға дайындық ретінде қарастырылып отыр.