Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында бірнеше заң қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенаторлар әуелі Талғат Ибрашевты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсынысын қарады. Аталған мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде алдын ала талқылаған депутаттар Палата отырысында Мемлекет басшысының ұсынымын қолдау жөнінде шешім қабылдады.
Сонымен қатар отырыста Парламент депутаттары бастамашы болған «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң қаралып, мақұлданды. Аталған заң органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастырып, дамытуға, отандық азық-түлік өндірушілерін органикалық өнім өндіруге ынталандыруға және олардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған.
Заңда органикалық өнім өндірісіне көшудің негізгі шарттары қарастырылған. Оны өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленген. Сондай-ақ органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты болған кезде органикалық өнімді таңбалау қарастырылған. Осы ретте органикалық ауыл шаруашылығын агроөнеркәсіптік кешендегі сұранысқа ие бағыт ретінде дамыту үшін Заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласында ғылыми қамтамасыз етуді регламенттейтін баппен толықтырылды.
Заңды қарау кезінде Сенат депутаттары оған ілеспе «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндірісі және айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды да мақұлдады.
«Бұл заңдар елімізде органикалық өнім нарығын дамыту мақсатымен әзірленді. Жаңа нормалар арқылы органикалық өнім өндірісі мен айналымының құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздері айқындалады. Сондай-ақ түзетулер аясында органикалық өнім нарығын мемлекеттік реттеу шаралары қарастырылып отыр. Жалпы, мақұлданған заңдар органикалық өнімдердің сапасын және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деген Сенат Төрағасы заңға бастамашы болған депутаттарға алғыс білдірді.
Палата отырысында сенаторлар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» және оған ілеспе «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР-ның Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР-ның Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР-ның Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.
Аталған заңдардың нормалары ғылымды дамыту және ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге арналған. Сенаторлардың ұсынған түзетулер ғылыми кадрлар даярлауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ ғылыми қызметкердің әлеуметтік қорғалу кепілдіктерін іске асыра отырып, ғылым саласының стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуді көздейді.
Отырыс барысында бірқатар депутаттық сауал жолданды.