Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуымен Жоғарғы сот судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Күн тәртібіне сәйкес отырыста ғылым және технологиялық саясат туралы, сондай-ақ органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы заңдар да қаралды.
Органикалық өнім нарығы дамиды
Сенаторлар алдымен Талғат Ибрашевты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсынымын қарады. Бұл мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде алдын ала талқылаған депутаттар Палата отырысында Мемлекет басшысының ұсынымын қолдау жөнінде шешім қабылдады.
Сонымен қатар Парламент депутаттары бастамашы болған «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң қаралып, мақұлданды. Бұл заң органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастырып, дамытуға, отандық азық-түлік өндірушілерін органикалық өнім өндіруге ынталандыруға және олардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған.
Заңда органикалық өнім өндірісіне көшудің негізгі шарттары қарастырылған. Оны өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленген. Сондай-ақ органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты болған кезде органикалық өнімді таңбалау қарастырылған. Осы ретте органикалық ауыл шаруашылығын агроөнеркәсіптік кешендегі сұранысқа ие бағыт ретінде дамыту үшін заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласында ғылыми қамтамасыз етуді регламенттейтін баппен толықтырылды.
Заңды қарау кезінде Сенат депутаттары оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндірісі және айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды да мақұлдады.
«Бұл заңдар елімізде органикалық өнім нарығын дамыту мақсатымен әзірленді. Жаңа нормалар арқылы органикалық өнім өндірісі мен айналымының құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздері айқындалады. Сондай-ақ түзетулер аясында органикалық өнім нарығын мемлекеттік реттеу шаралары қарастырылып отыр. Жалпы мақұлданған заңдар органикалық өнімдердің сапасын және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деген Сенат төрағасы М.Әшімбаев заңға бастамашы болған депутаттарға алғыс білдірді.
Ғалымдарды қолдау тетіктері
Палата отырысында сенаторлар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.
Аталған заңдардың нормалары ғылымды дамыту және ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге арналған. Сенаторлар ұсынған түзетулер ғылыми кадрлар даярлауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ ғылыми қызметкердің әлеуметтік қорғалу кепілдіктерін іске асыра отырып, ғылым саласының стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуді көздейді.
Тасқын шайған тарихи жәдігерлер
Сенат отырысы кезінде депутаттар мемлекеттік органдарға өз сауалдарын жолдады. Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында табиғи апат пен бақылаудың аздығынан археологиялық ескерткіштердің жоғалу қаупі туралы айтты. Сенатордың айтуынша, көптеген аймақта бұл мәселе барған сайын өткір болып отыр және Үкіметтің жедел араласуы мен қатаң бақылауын қажет етеді.
«Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау бойынша шұғыл іс-қимыл салалық бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Онда су тасқынынан зардап шеккен археологиялық ескерткіштер аймақтарын анықтау керек. Археологиялық ескерткіштер мен басқа да тарихи-мәдени мұра нысандарының жай-күйін бағалайтын көшпелі экспедиция жасақтау маңызды болып отыр. Су тасқынынан зардап шеккен тарихи-мәдени мұра нысандардың тізімін жасау керек. Жағдайы төтенше деп бағаланған ескерткіштерге апаттық-құтқару археологиялық жұмыстарын қолға алу керек», деді сенатор.
Депутат осы саладағы жағдайды жақсарту үшін Үкіметке бірқатар шараны жүзеге асыруды ұсынды. Сенатордың ұсынысында археологиялық зерттеулерді цифрландыру және бүкіл еліміз бойынша археологиялық жұмыстар мен экспедициялар туралы деректерді жинақтайтын сайт жасау да бар. Сенатор сонымен қатар саланың қоғамдық бақылауын күшейту үшін бюджет және қаржы есептерін жариялауды ұсынды.
«Алыс-жақын шетелдегі тарихи жәдігерлерімізді жинастыру үшін дипломатиялық арнайы жұмыстарды қолға алу маңызды. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бойынша үйлестіру жұмыстарын вандализммен күрестің маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындап, жәдігерліктер контрабандасы бойынша жазаны қатаңдату қажет», деді депутат.
Сенатор депутаттық сауалында археологиялық жұмыстарды лицензиялау мәселесіне де назар аударды. Сонымен қатар тиісті бақылаудың жоқтығына, жауапкершілігі төмен адамдар мен саладан тыс ұйымдардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Ауылдарды газбен қамту баяу
Сенатор Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалында Алматы облысындағы елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету және газдандыру мәселесі туралы айтты.
Елімізде электр энергиясының 70%-ы көмірден өндіріледі және біз әлемдегі энергияны көп қажет ететін елдердің бірі саналамыз. Халық электр энергиясына толық қол жеткізіп отырса да, электр желілерінің тозуы алаңдатып отыр. Маңғыстау және Ұлытау облыстарында электрмен жабдықтау сапасы тіпті төмен. Сенатор бұл тізімге Алматы облысын да қосуға болатынын атап өтті.
«Алматы облысында электр тапшылығын жабу және авариялар болған жағдайда электр энергиясын берудің резервтік желісімен қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған және Қонаев қалалары арасында әуе желісін салған жөн болар. Бұл әуе желісі құрылысы Талдықорған қаласы тарапынан энергия ағыны есебінен электр энергиясын қамтамасыз етудегі тұрақтылықты жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл жөнінде министрлік энергияны тиімді пайдалану, дәстүрлі қуат көздеріне тәуелділікті азайтып, жасыл энергияны дамыту үшін тиянақты, жүйелі жұмыстар жүргізуі қажет екенін ескеру керек», деді Ж.Жөргенбаев.
Сенатор сонымен қатар еліміздегі газдандыру мәселесіне де тоқталып, бүгінгі таңда республика халқының 59%-ы газбен қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар газды тұтыну деңгейі де артып келе жатқаны және соңғы 5 жылда халықтың газ тұтыну көлемі 1,4 есе өскені айтылды. Әсіресе орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда газға қол жеткізу мәселесі кезек күттірмейді.
«Жетісу облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету қажет. Бұған қоса құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін қаражаттың уақтылы және толық аударылмауы себебінен өңірлік газдандыру схемасының мерзімдеріне сәйкес газдандыруды іске асыруды айтарлықтай қиындатты. Бұдан басқа, «ИнтергазЦентральнаяАзия» АҚ-дан әзірленіп жатқан жобалар бойынша техникалық шарттар алу кешіктіріліп жатыр. Индустриялық аймақтарды тұтынушылар үшін әлеуметтік маңызы бар елді мекендер мен газбен жабдықтау объектілері үшін бюджет қаражатын бөлуге және техникалық жағдайлар алуға жәрдем көрсету қажет», деп атап өтті сенатор.
Қажетті қымбат ота қолдауға зәру
Мемлекет ерні мен таңдайында туа біткен жырығы бар балаларды жан-жақты қолдау шараларын енгізуі керек. Жанна Асанова өзінің депутаттық сауалында осы дертті емдеу және оңалтуда балалар тап болатын проблемалар туралы айтты.
Сенатордың айтуынша, жыл сайын елімізде ерні мен таңдайында туа біткен жырығы бар 1 000-ға жуық бала өмірге келеді. Бұл балаларға перинаталдық диагностика және алғашқы хирургиялық көмек бағдарламалары бар, олар дүниеге келгеннен кейін бірден қажетті көмек көрсетіледі. Алайда стандартты мемлекеттік қызметте одан әрі пластикалық операция мен түзету бағдарламалары қарастырылмаған. Қалыптан тыс және хирургиялық қарадүрсін әрекеттің салдарынан балалар бет-әлпетінің тым өзгеруі, тіс қатарының ақауы мен сөйлеу қабілетінің бұзылуы байқалады. Бұл өзін-өзі төмен бағалауға, қарым-қатынастың қиындауына, сергелдеңге салыну мен сүлесоқ болуға әкеледі, олардың психологиялық дамуы мен оқу үлгеріміне теріс әсер етеді.
«Патологияны түзетуге болады, толықтай емдеуге және әлеуметтік ортаға тартуға мүмкіндік бар. Бұл жерде кешенді, үйлестірілген пластикалық, ортодонтиялық және логопедиялық көмек есейген кезде керек. Бірақ жоғарыда аталған көмектің барлық көлемі мемлекеттік бағдарламаларда көзделмеген қымбат қызметтер санатына жатады. Мысалы, сүйек-шеміршек немесе ринопластика 1 млн теңгеден және одан жоғары, ортодонтия брекеті 300 мың теңгеден, логопедтің қызметі сағатына 5 000 теңгеден басталады. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасыларды немесе жетім балаларды айтпағанда, әрбір орташа отбасы мұндай шығынды көтере алмайды», деді Ж.Асанова.
Сенатор ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы бар балалар мен жастарға эстетикалық пластикалық хирургия және одан кейінгі оңалту бағдарламаларын енгізуді, қаржыландырылатын күрделі ортодонтиялық жақ түзету бағдарламаларын әзірлеу мен білікті және тегін логопедиялық қолдау бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Мұндай аурумен ауыратын балалар мен олардың отбасыларын психологиялық көмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен педагогтерге және әлеуметтік қызметкерлерге арналған оқу бағдарламасына уақтылы кәсіби қолдау көрсетуге арналған патология туралы материалдарды енгізу маңызды болып отыр.
Сондай-ақ Палата отырысында сенатор Ернұр Әйткенов Павлодар облысында өнеркәсіптік тәуекелдерді барынша азайтуға тиіс санитарлық-қорғау аймақтарын белгілеу кезіндегі олқылықтарға назар аударды. Осыған байланысты ол санитарлық ережелер мен нормативтік құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.