Тарих сабақтастығы деген салмақты да салиқалы ұғым төл топырақ, туған тілден тамыр тартпаса, табиғилығын жоғалтып, жасанды түсінікке айналмақ. Осы орайда «түрік» және «түркі» атаулары ғылым дүниесінде, мәдени өмірде талқыға түскеніне біраз болды. «Түрік» секілді «ғұн»-ның да хун хунн, гун, хұн, т.б. бірнеше сыңары бар. Бұл мәселе бүгінге дейін ғылым қазанында қайнап қатуы жетпегенін аңғартады. Ендеше осыны қашан, қалай бірізге түсіреміз?
«Ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Алаш арыстарының асыл мұрасы өткен уақыт илеуі ескірте алмағанын, қайта енді өз сәнімен, өз мәнімен санамызды жаңғыртып жатқаны қуантады. Біздің зиялылармен замандас өзбектің Абдурауф Фитрат ныспылы тұлғасының «Қайран тіл!» атты шағын болса да қуатты мақаласы бар. Ағартушы бұл мақаласын жазған 1919 жылы «қазіргі түрік тілі» Кіші Азия түбегіндегі (Анатолия) Түрік мемлекетінің тілі болса, ол XIV ғасырдан бері бар еді. Демек Фитрат түрік тілінің бар екенін білген, бірақ оқушысын шатастырамын деп қорықпай-ақ «түрік» атауын халық атауы ретінде де, тілдік атау ретінде де саналы түрде қолданады. «Ештеңе өзгермеуі керек» деген ғалымдарға сұрақ: біз неге «түрікті» өзгертуге тиіспіз? Жалпы, «түрік» этнонимін «түркіге» өзгертуіміз дұрыс па? Дұрыс болса, бұл қандай заңдылыққа сүйенген?
Бала күннен құлағымызға Алаштың «Арғы атам – Ер Түрік» деп төккен жыры, шежіре қарттардың «Алты Алаштың түбі бір, түп атасы – Түрік» деген дәйегі әбден сіңісті болған. «Түрік» атауы – бәрімізге таныс, тонның ішкі бауындай жақын да жылы. Ал «түркі» ше? Қай аңыз-әңгімеден, қай жыр-дастаннан кездестірдіңіз бұл атауды? «Түп атамыз – Түркі еді, біз содан тарағанбыз» деп отырған шежірешіні көргендеріңіз не естігендеріңіз бар ма? Жалпы, құлаққа түрпідей естілер осы «түркінің» өзі неғылған атау? Халықтық атау ма, әлде бір аталықтың есімі ме? Бұл сауалдарға жауапты қанша іздесеңіз де таба алмайсыз. Өйткені, жоқ! «Түркі» – кеңес ғалымдарының ойлап тапқан шартты атауы ғана.
Қытай жылнамасына сенсек, «түрік» атына ие халықтың тарихқа алғаш танылуы – біздің жыл санауымыздың 535 жылы. Бұған қытай императоры Мин-ди өлгеннен кейін басталған ішкі тартыстан Вэй империясының екіге бөлінуі себеп болғаны белгілі. Шығыс Вэй, Батыс Вэй болып екіге бөлініп, өзара қырқысқан көне қытайлықтар көшпелілерден әрқайсысы өздеріне көмек іздеп, жан-жаққа елші аттандырған болатын. Тарихқа әйгілі болған 535 жыл – осы Шығыс Вэй мен Батыс Вэйдің елшілерінің түріктерге қабаттаса келген жылы.
Бұл кезде түріктер ресми түрде жужандарға бағынғанымен, шын мәнінде, билік тізгіні өз қолдарындағы жеке хандық болатын. Өзара қырқысқан екі патшалықтың (Шығыс Вэй мен Батыс Вэй) елшілерінің жужандарға соқпай, түріктерге келуі – осының дәлелі. Кейін олар көрші теле тайпаларын, Жужан хандығын жаулап алып, 552 жылы әйгілі Түрік қағанатын құрды. Содан құлағаны бар, қайта тұрғаны бар, Шығыс, Батыс болып екіге бөлінгені бар – осы Түрік қағанаты VІІІ ғасырдың орта шеніне дейін Ұлы далаға иелік етті, тілдес, тектес көшпелі тайпаларды құрамында ұстады. Түріктердің Батыс елдеріне белгілі кезі де осы қағанат болып дүркіреп тұрған шағы.
Түрік қағанаты құлағаннан кейін оның құрамындағы бұрынғы тайпалар жеке-жеке бөлініп, өз хандықтарын, қағанатын құра бастады. Соған байланысты түрік атауы тарих сахнасынан түсіп, оның орнын жаңа халықтар мен қағанаттардың атауы басты. Ұйғыр қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлық қағанаты, т.б.
Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін Жетісу жерінен Батысқа қарай қозғалған оғыздар ІХ-Х ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысында өз мемлекетін құрып, Жанкент яғни Жаңа Ғузия қаласын астана етті. ХІ ғасырда қыпшақтар үсті-үстіне шабуылдап, оғыздарды осы мекенінен кетуге мәжбүр етті. ХІ-ХІІІ ғасырларда Кавказ бойы мен Кіші Азияға барған оғыздардың оңтүстік тобы Әзербайжан және қазіргі түрік халықтарының қалыптасуына үлес қосты.
Міне, жазба деректер беретін мағлұматтарды түйіндей айтсақ, «түрік» атауына қатысты жайлар осындай.
Осы орайда «Ау, сонда қалай, «түркі» деген халық та, тіл де жоқ болса, онда «түркі халқы», «түркі тілі» деген атаулар қайдан шыққан? Басқаны былай қойғанда, нақты ғылыми басылым саналатын «Қазақ КСР тарихында», «Қазақ кеңес энциклопедиясында» және басқа ресми құжаттарда «түрік халқы», «түрік тілі» деп емес, «түркі халқы», «түркі тілі» деп жазылған. Мұны қайда қоямыз?» деген заңды сұрақтың туары сөзсіз.
Иә, бұл – шындық. Бүкіл құжаттық еңбектердің бәрінде солай жазылғаны рас. Сол сияқты бір кезде ақиық ақынымыз Мағжан: «Түрікстан – екі дүние есігі ғой. Түрікстан – ер Түріктің бесігі ғой» деп жырлаған қасиетті мекенді де көптен «Түркістан» деп жазамыз. Бірақ мұны орысша «Туркестан»-ның калькасы екенін аңғару қиынға соқпайды. Бұл – ой бақпаған ойсыздықтың, тарихи сауатсыздықтың, халықтық намыссыздықтың белгісі. Қалды елдік, тілдік тұтастығымызды жойып, бөлшектеп алып, билей беруді мақсат тұтқан отаршыл жүйенің озбыр саясатының ығында кетудің салдары.
Патша өкіметі бір кезде ен даланы еркін иеленіп жатқан түрік халықтарының бірлігіне жарықшақ түсіріп, араларына сына қағып, Анатолия түріктерін басқа түріктілдес халықтардан бөліп тастау үшін әдейі зорлық қиянатпен тарихқа қолдан жасалған жаңа терминді кіргізді. Бұл бір жағынан «пантүрікизм ағымына» қарсы жасалынған әрекет те еді. Сөйтіп, сол кезден бастап орыс жазбаларында Анадолы түріктерін – «турок», басқа түріктерді «тюрк» деп бөліп жазу, әртүрлі атау дәстүрге енді.
Соңғы 30 жылдың ішінде де «бұрмаланған атауды түзетейік, бұл – ғылымға да, жас буынға да қиянат» деп қарсылық көрсетіп, дұрыс бағыттың іргетасын қалыптастырудың орнына біздің «ғұлама» сабаздар «турокті – түрік», «тюркті – түркі» деп, жалпы жұртты, мәдени қауымды адастыруын тоқтатпады. Бұл – талай ғасыр бойы ресми «қазақ» болудан тартынып, отарлаушының әсерімен «қырғыз» атауымен томпаңдап жүре бергеніміз секілді аянышты ғадет. Бәлкім «қазақ» атымызды бас газеттің маңдайына жазған Ахмет Байтұрсынұлы секілді бір тұлғаның тууын күтіп жүрген шығармыз...
Бірден айтайық: өзімізді Түрікиенің түрік этнонимімен, тілімен шатастырамыз деп қауіптену бекершілік. Ендеше тектес, тілдес халықтардың ортақ атауын – «түрік» деп тарихи қалпында жазсақ, байырғы Ақтеңіз (Жерорта теңізі) бойын жайлаған түрік ағайындарымызды «Түрікие немесе Анадолы түріктері» деп атаудың не қиындығы бар? Мысалы, Қытай, Моңғолия еліндегі қандастарымызды атажұрттағы ағайыннан ажырату үшін қазақ атауын бұзып, «қазқа» немесе «қазақа» деп шартты түрде жазбаймыз ғой. Бұл да сол сияқты. Тілдік тұрғыдан да, тарихтық тұрғыдан да этнонимді бұрмалауға болмайды.
Заман түзеліп, ес жиюға бет алған қазіргі әділеттік жағдайында құлдық көнбістікке құлақ қақпай жүре бермей, тегімізді танып, байырғы атымызды қайтару – қай жағынан да қисынды. Егер әлі өзгермеген қателік әрі қарай жалғаса берсе, келешек ұрпақ Ұлы далада «түрік» және «түркі» деген екі халық өмір сүріпті демесіне кім кепіл? Сондықтан өрескел қателікті кешіктірмей түзету – ел азаматтарының жауапты парызы болуға тиіс.
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, түріктанушы