• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ауа райы 01 Маусым, 2024

Жаз жылы бола ма?

114 рет
көрсетілді

Болжамға бейқам қарауға болмайтынын көктемде тағы бір тү­сін­гендей болдық. Енді тосын апаттың салдары егіс алқап­та­ры­ның өнімділігіне әсер етеді, қала берді жазда құрғақшылық шаруа­­­ларды тағы әбігерге салуы мүмкін деген пікірлер оқтын-оқтын ай­тылып қалады.

«Қазгидромет» РМК мамандары көктем және жаз айларындағы маусымдық ауа райына болжам жасаған еді. Осыған үңілсек, сәуір, мамыр айларында ел аумағының басым бөлігінде ауаның орташа температурасы бір айдағы нормадан 1 градус жоғары болады деп күтілген. Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормадан көп, солтүстік-шығыста, орталықта және оңтүстік облыстардың солтүстігінде норма шамасында түседі деп күтілген. Сондай-ақ көктемде «тосынсый» күтілетінін, яғни ауа райы құбылып, өтпелі маусымда синоптикалық үде­ріс өте тұрақсыз болды деп болжанған. Тіпті Каспийдің оң­түстігі және Ресейдің Еуропалық аумағындағы циклондардың әсе­рінен түнде жаңбыр мен қар түрінде, күндіз жаңбыр түрінде, ал оңтүстік аймақтарда суық ауа массалары енуінің салдарынан үсік болуы мүмкін деген болжам жасалған. Көк­тем де өтті. «Қазгидромет» РМК маман­дары әзірлеген маусымдық болжам дәлме-дәл, 100 пайыз келді демесек те, шындыққа жанасады.

Сонымен, жазда, дәлірек айтсақ, маусымда ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2 градус жоғары болады деген болжам бар. Яғни көп өңірде күн райы әдеттегіден ыстық болса, елдің батысында температура норма шамасында болады деп күтіледі. Ал шілде, тамыз айларында ауаның орташа айлық температурасы норма шамасында болса, тек тамызда – елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нормадан 1 градус жоғары болуы мүмкін.

Егер жаздың басында, маусым айын­да жауын-шашын мөлшерден аз күтілсе, шілде және тамыз айларында елдің басым бөлігінде жа­уын-шашын мөлшері норма шамасында және нормадан көп түсуі бек мүмкін. Тек шілдеде елдің оңтүстік-батысында және оңтүстік жартысында, ал тамызда орталықта, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста жауын-шашын нормадан аз түсуі ықтимал. «Қаз­гидромет» РМК ұзақмерзімді ауа райын болжау бөлімінің басшысы Жұлдыз Исабекованың айтуынша, биыл жаздың бас кезі 2006 жылдың маусым айындағы ауа райы­на ұқсас болады.

«Алдын ала болжам бойынша маусымда еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігінде ауа райы нормадан 1-2 градус жоғары болады. Бұл – қалыпты жағдай. Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда ауа температурасы 22–25 градустан 30–38 градусқа дейін ауытқиды. Оңтүстікте және оңтүстік-батыста 25–30-дан 35–39 градусқа дейін жоғарылайды. 40 градус деп айта алмаймын, өйткені біз мамыр айында температура 40-қа жетуі мүмкін деген едік. Бірақ температура оңтүстікте 33-34 градусқа дейін, солтүстікте 28 градусқа дейін көтерілді. Сондықтан жаз өте ыстық болмайды», дейді Ж.Исабекова.

Маусымда ел аумағында ылғал­дану көпжылдық мәндер шамасында күтілгенімен, бірнеше өңірде атмо­сфералық құрғақшылық байқа­лады екен. Мысалы, Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында, Маңғыстау облысының Маңғыстау және Қарақия аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында және Қарағанды облысының Шет ауданында атмо­сфера­­лық құрғақшылық күті­леді. Сол секілді маусымда Шығыс Қазақ­стан облысының Қатон­қарағай ауда­нын­да, Павлодар облысының Успен ауда­нында және Павлодар қаласында бір­қалыпты ылғалды жағдай күтіледі. Ал басқа өңірлерде ылғал мөл­шері осы ай үшін қалыпты болады.

Ескеретін жай, «Қазгидромет» ма­ман­дары қазір тек алдын ала бол­жам жасалғанын, ақпараттар алда тағы нақтыланатынын айтады. Шілде айының болжамы 15 маусымда, ал тамызға арналған болжам 15 шілдеде жарияланады. Ал қазіргі қолда бар ақпараттарға зер салсақ, биыл жаздағы ауа райы, топырақтың ылғалдылығы қалыпты деңгейде сақ­талатынға ұқсайды.