• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Маусым, 2024

Адал азаматтар – ел болашағы

151 рет
көрсетілді

Ұлттық құрылтайдың Атырау қаласында өткен жиынында Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, дұрыс бағыт-бағдар беруі керек», деп жастардың тәрбиесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Пре­зи­дент­тің төрағалығымен 2024 жылғы 25 сәуір­де өткен Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХХІІІ сессиясында қоғамды ұйыстыратын бастамалар күн тәртібіне шықты.

Жақында «Тірегіміз – тәуел­сіздік, байлығымыз – бір­лік, мақ­сатымыз – өрлеу» тақы­ры­бында Шым­кент қалалық Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясының V сессия­сы өтті. Сессия отырысында ел бо­ла­­шағы жолында қызмет ететін «адал­ азаматтарды» тәрбиелеу мә­­се­лесі көтеріліп, ол үшін келесі ша­ра­ларды қолға алу керектігі ұсы­нылды:

Жастардың құқықтық, қар­жы­лық, ақпараттық, діни сауат­тылығын қалыптастыру. Жастарды ғылымға құштар, өнерге әуес, спортқа бейім етіп тәрбиелеу. Еліміздегі барлық ұлт өкілдер­і жас­тарына қазақ тілі мен қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, іскерлік қарым-қатынас орната білген өзге ұлт өкіл­­деріне қолдау көрсету.

Алқалы жиында аталған ұсы­ныстар бойынша кешенді жұмыс бағдарламасын әзірлеу ­туралы шешім қабылданды.

Сан қилы қиын кезеңдердің куәсі болған қазақ даласы – түбі бір түрік халық­тарының атақонысы, ынтымақ пен татулықтың туы тігілген құтты мекен. Тарихта небір тар заманды басынан кешір­ген арғы бабаларымыздың тартқан ауыртпалығы аз емес. Сол алма­ғайып заманда да Күлтөбенің басында күнде кеңес құрған батыр баба­ларымыз үшін ел бірлігі мен ын­ты­мағы ауадай қажет бол­ды. Сол себепті де, азат, бос­тан­ ел бо­лу­ды аңсаған ата-бабала­ры­мыз­дан «Алтау ала болса, ауыз­да­ғы кете­ді. Төртеу түгел болса, төбе­дегі ке­ле­ді» деген мәні терең сөз қалған.

1995 жылы негізі құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына келесі жылы 30 жыл толады. Ел тәуелсіздігімен ете­не осы аралықта әлемдік аренада өз орнын қалыптастыра білген жаңа Қазақ­станның алдағы межесі – жаһандану жағдайындағы жарқын болашағын айқындау. Егеменді еліміздің жарқын болашағын қалыптастыратын ойы озық, қиялы ұшқыр, жалынды да жасампаз жас буын қалыптастыру.

Көңілі дарқан, пейілі кең, қазақ хал­қының табиғатында жөн сұраған жо­лаушыны «құтты қонақ» деп төр асы­ратын жақсы қасиет бар. Әу бастан ата­дан балаға жалғасып келе жатқан сол қонақжайлылық, бауырмалдық секіл­ді асыл құндылықтарымыз еліміздегі этнос­аралық ынтымақ пен ауызбірлікті ұйыс­тырумен келеді. Алуан түрлі ұлт өкілдерінің қазақ даласында тату-тәтті де жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқандығы соның бірден-бір айғағы.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегеніндей, бізге ел ішіндегі рухы биік, санасы тұнық барлық этнос жастары қатарынан парасатты да адал азаматтарды тәрбиелеп шығару жа­уап­­кершілігі жүктеліп отыр. Бүгінде ар­маны асқақ, қиялы ұшқыр жасампаз жас­тар еліміздің жоғары оқу орындарында сапалы білім алумен қатар, жан-жақты тәрбиеленіп жатыр. Жоғары білім мен саналы тәрбие алып шыққан жас­тар қанатын еркін серпіп, үлкен өмірге се­нім­мен жол тартады. Балапанның ұяда не көрсе ұшқанда соны ілетіні заңдылық. Сон­дықтан жас ұрпақ алдындағы ұлы мін­дет ретінде «Ата көрген оқ жонар, ана көр­ген тон пішер» дегендей, қазіргі заман қағи­да­ла­рына сай Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесін құрып, жастарымыздың сана­сына «Адал адам», «Адал еңбек», «Адал­ табыс» ұстанымын сіңіре білуге тиіспіз.

Әл-Фараби бабамыз тәрбиені білімнің алдына қойған болса, дана халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп түйген. Ал хакім Абай өз заманында жастар тәр­бие­сіне орай, «Бес дұшпаның – білсеңіз, …бес асыл іс – көнсеңіз!» деп, «Толық адам» концепциясын өсиет етті. Мән бер­ген адамға сол бес дұшпан бүгінгі күнде де жастардың жағасына жармасып, жарға жығып жатқаны белгілі. Оны Президент Қ.Тоқаев қазіргі жас­тар­ды тура жолдан адас­тырып отырған «5 кесел» деп атап өткен болатын. Абай атамыз айтқан бес дұшпан (наша­қор­лық, лудомания, вандализм, буллинг, ысырапшылдық) бүгінде бес кеселге айналып, жастарымызды аздырып отыр.

Қазіргі жаһандану жағдайында ұлт ретінде елдігімізді сақтап қалу үшін еліміздің жарқын болашағын құ­рау­шы жас буынның бойына рухани құндылықтарымызды сіңіру – мем­ле­кеттік саясаттың басты бір межесі. Тәр­бие отбасынан бастау алып, оқу орнында жалғасады. Халықтық, ұлттық педагогиканың негізгі мақсаты – болашақ ұрпақты адамгершілігі мол, қайырымды, мейірімді, ізгі қасиеттерді бо­йына сіңірген, өз ұлтын, халқын сүйетін азамат етіп тәрбиелеу. Бұл міндетті жүзеге асыру отбасы мен оқу орындарына тиеcілі. Сол тұрғыда тәлім-тәрбие жетілген сайын ұлттық ұлы мұраттарымыз жүзеге асатыны сөзсіз.

 

Ғалымжан БИТҰРСЫН,

Жұмабек Тәшенов атындағы университеттің проректоры