Мемлекет басшысына Orbis Kazakhstan компаниясы жұмысының нәтижелері мен даму перспективалары жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Фаррух Махмудов Алматы индустриялық паркінде толық циклді автомобиль зауытын салу жоспары жайында баяндады. Жоба аясында ҚХР-дың Exeed және Kaiyi секілді брендтері бір өндіріс алаңында бірігеді. Қытайлық серіктестермен көлікті ұсақ бөлшектерден құрастыру туралы толыққанды келісім жасалған. Бұл жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі – 72 миллиард теңге. Бастапқы кезеңде 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 80 мың автомобиль шығаруға жетеді. Өнім ішкі және сыртқы нарықта сатылады, соның ішінде Орталық Азия мен Кавказ аймағы елдеріне экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Астана қаласындағы инфрақұрылымдарды дамыту ісіне қатысуы жөнінде мәлімет берілді. Биыл кәсіпорын сауда-базар кешенін салып бітіруді және көпбейінді медициналық клиника құрылысын бастауды, сондай-ақ Agro Park көтерме сауда және тауар тарату орталығының құрылысына кірісуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, компаниялар тобы Алматының туризм кластерін дамытуға қатысты бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Нақтырақ айтқанда, оңтүстік астананың символы әрі тарихи ғимараты саналатын Almaty қонақ үйіне реконструкция жасау жұмыстары басталған. «Просвещенец» рекреациялық орталығы мен Қонаев қаласындағы көпфункционалды демалыс орталығының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына компанияның Батыс Қазақстан облысындағы Ақсу және Кеңтүбек елді мекендерінде су тасқыны салдарын жоюға үлес қосқаны жөнінде баяндалды. Фаррух Махмудов отандық бизнеске ұдайы қолдау көрсететіні үшін Президентке алғыс айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның бастамаларын оң бағалап, жаңа жобаларды жүзеге асыру ісіне табыс тіледі.