• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 03 Маусым, 2024

Елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды

103 рет
көрсетілді

Астанада дәстүр бойынша қала және облыстардың тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қайта жанданды, деп хабарлайды Egemen.kz  әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорданың Сарыарқа ауданында Б.Соқпақбаев көшесі, 21 мекенжайы бойынша ашылған жәрмеңкеге Ақмола, Түркістан облыстары мен Абай облысының Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке кәсіпкерлер қатысып жатыр.

«Кәсіпкерлер көкөніс, жеміс-жидек, сүт, азық-түлік және ет өнімдерін қоса алғанда, тауарлардың алуан түрін ұсынып отыр», дейді Астана қалалық Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі маманы Нұрдәулет Қосман.

Қала тұрғындары әлі жаңа мекенжайға үйренбегеніне қарамастан, жәрмеңкеге біртіндеп келіп, күнделікті қолданатын тағамдарын сатып алып жатыр.

«Әдетте мұндай жәрмеңкелер орталыққа жақын ашылатын. Қазір біздің ауданнан ұйымдастырылып, табиғи таза өнімдерді жақын жерден сатып алу мүмкіндігі туып тұр. Қиярдың келісі 450 теңге, қызанақ 500 теңгеден екен, біздегі әлеуметтік базарлардың өзінде бұдан қымбаттау. Қаймақ және шұжықтары да сондай төмен бағада, өзім сол өнімдерді үйде көп пайдаланатын болғандықтан, арзан бағамен көптеу етіп алдым. Біртіндеп бұл жерге бәрі үйренісіп кетер деген ойдамын», дейді қала тұрғыны Майгүл Жансейітова.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті